Қашықтықтан оқыту – әлемдегі көптеген танымал елдер өздерінің білім беру жүйесінде қолданатын жаһандық тенденция. Пандемияға байланысты (COVID-19) әлемнің барлық елдерінде көптеген білім беру мекемелері қашықтықтан оқытуға көшті. Қабылданған міндетті карантин шараларына байланысты біздің ел оқушылары мен студенттері де қашықтықтан оқу жүйесімен жақынырақ танысты. Білім алушылар мен оқытушылар құрамын оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ететін жеке сайттар мен цифрлық оқыту ресурстарын талап ететін қашықтықтан оқыту жүйесі, әсіресе, жоғары оқу орындары үшін маңызды сынақпен қатар, онлайн-платформаларды жоғары деңгейде жақсарту мүмкіндігі рөлін атқарды.
Өз кезегінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті әлемдік тенденциялардан қалыспай, қажет сынақтардан сүрінбей өтті. Карантин енгізілген кезеңге дейін де ҚазҰУ қабырғасында оқыту процестерін цифрландыру, «интеллектуалды» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым және ІТ-қызметтерді дамыту секілді шаралар оқыту процесін қашықтықтан оқыту режиміне жедел ауыстыруға мүмкіндік берді.
Университетте қашықтықтан оқыту үшін қолданылып отырған «Универ 2.0» және «Moodle» ақпараттық-білім беру платформалары білім процесін барлық студенттерге қол жетімді қылуға мүмкіндік берді. «Универ 2.0» жүйесі – ҚазҰУ-дың бағдарламалық кешен пәндер бойынша курстар мен оқу-әдістемелік кешендер базасын құруға, жеке немесе топтық дәрістер өткізуге, тапсырмалар беріп қана қоймай, олардың орындалуын бақылауға, курстың оқу дәрежесін бағалауға және т.б. мүмкіндік беретін платформа.
Университет оқытушылары барлық дәрістер мен семинарлық тапсырмаларды университет жүйесіне жүктейді. Дәрістер мен семинарлар конференция түрінде ZOOM, Microsoft Teams, SKYPE сияқты қосымшалар бағдарламаларды қолдана отырып өткізіледі. Универ жүйесінде қандай да бір мәселелер туындаған болса, студенттер университеттің ресми сайтында (univer.kaznu.kz) бағдарламашылармен байланыса алады.
«Univer.kaznu.kz» портылында білім алып жатқан студенттерге қосымша ақпараттар іздеу үшін ғылыми газет-журналдар, зерттеу жұмыстары мен жазба еңбектерінің электронды нұсқаларынан тұратын «Е-кітапхана» жүйесі қолжетімді болып табылады. Одан бөлек, «Е-қызмет» функциясы бойынша басқа қаладағы студенттер: Анықтама, Бос білім беру гранттары, Жатақханаға сұраным, Транскрипт, Академиялық демалысқа шығу, Академиялық қарыздарды жою, Төлем туралы ақпарат және т.б. жайлы онлайн қызмет ала алады.
Сонымен қатар, ҚазҰУ мен «Майкрософт» арасындағы тиімді серіктестік қашықтықтан оқытуға үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Әлемге әйгілі IT компаниясымен бірлескен жұмыс нәтижесінде «Office 365» бағдарламалық өнімін енгізудің арқасында студенттер мен оқытушылар «Microsoft Teams» қызметін білім алу үшін тегін қолдана алады.
Осындай мүмкіндіктерге қарап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдің ең үздік стандарттарға сәйкес келетін еліміздегі қашықтықтан оқыту бойынша жоғары оқу орындарының алдыңғы қатарына енетіні сөзсіз.
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының аға оқытушысы,
Ракымбаев Аят Жумашевич