Әл-Фараби атындағы Қазұу және Wu: Шекарасыз ынтымақтастық

Әл-Фараби атындағы Қазұу және Wu: Шекарасыз ынтымақтастық
жеке
блог

Еуропаның көптеген жетекші университеттері арасында халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлықты дамыту әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Қазақстан, www.kaznu.kz) жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Аса жоғары атаққа ие еуропалық университеттердің бірі – Вена экономика және бизнес университеті (www.wu.ac.at), Аустрия.

Сыртқы академиялық ұтқырлық аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас зерттеушілері көптеген жылдар бойы Вена экономика және бизнес университетінде ғылыммен айналысу мүмкіндігіне ие. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз докторанттарын осы университетте шетелдік тағылымдамадан өту бірегей мүмкіндігімен қамтамасыз етеді және оның нәтижесінде жас зерттеушілер ғылыми зертханаларда, Орталықтарда, кітапханаларда, шетелдік ғалымдармен тікелей тілдесім арқылы, оларды жұмыс барысында көру арқылы, олармен кеңесу арқылы зерттеу жұмысында баға жетпес тәжірибе жинайды және қол жеткізілген тәжірибе Қазақстан ғылымының дамуына үлес қосады.

Тілге тиек ете кететін нәрсе, Аустрия Республикасы магистранттарға, докторанттарға, постдокторанттарға түрлі бағыттар бойынша ғылыми зерттеумен айналысу үшін көп мөлшерде гранттар бөледі және бұл мүмкіндік тек Еуропа елдерінің жас зерттеушілеріне ғана арналмаған, сонымен қатар бүкіл жер шарының ғылым саласында жүрген жас зерттеушілерін қуана қарсы алады.

Қос университет арасындағы ынтымақтастық әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультеті жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының «6D021300 – Лингвистика» мамандығы бойынша білім алып жүрген PhD докторант Өтемғалиева Насихаттың ғылыми тағылымдамасы аясында жалғасын табуда. Ол Ernst Mach Grant – worldwide (https://oead.at/) бағдарламасы аясында ғылыми зерттеу жүргізуге грант ұтып алды. Бағдарлама және зерттеулерге арналған грант туралы 2019 жылдың басында мәлім болып, осы бағдарламаға құжаттар тапсыру жайлы шешім қабылдадық. Шілде айында Өтемғалиева Насихат Ernst Mach Grant – worldwide бағдарламасы комиссиясынан грант ұтып алғандығы жайында хат алады. Қабылдаушы университет тарапынан құжаттар дайындауда Вена экономика және бизнес университетінің докторы Эдгар Хоффманн үлкен қолдау көрсетті. Әділетті түрде сұрақ пайда болады: экономика және бизнес университетінде лингвист не істеп жүр? Бұл университетте тілді қолданудың көптеген мәселелері бойынша зерттеулер жүргізілетін бірнеше лингвистикалық институттарды біріктіретін Foreign Language Business Communication Department (Шетел тілдерінде іскерлік тілдесу департаменті) бар. Сонымен қатар, Вена – E. Wüster негізін қалаған атақты Вена терминология мектебімен танымал қала, сондықтан Насихат дұрыс жерде табыла кетті, өйткені оның докторлық диссертация тақырыбы терминология мәселелерін шешуге арналған.

Бұл университетте зерттеушілерге тамаша жағдайлар жасалған: техниканың соңғы әрі озық үлгілерімен жабдықталған кабинеттер мен зертханалар, ғылыми әдебиеттің мол қорына ие кітапхана. Университеттің орталық кітапханасы өзінің айрықша дизайны және ішкі көрінісімен ерекшеленеді. Кітапхана қоры (кітаптар, газеттер, журналдар және т.б.) барлық оқырмандар мен зерттеушілер үшін өте ыңғайлы түрде жинақталған. Әрқашан кеңес беруге дайын тұратын университеттің тәжірибелі әрі ізгі ниетті профессорлық-оқытушылық құрам мен ғалымдарын ерекше атап өткен жөн.

Сонымен қатар, Ernst Mach Grant – worldwide бағдарламасы Вена қаласының барлық университеттері кітапханаларында және ғылыми кітапханаларында ақысыз тегін түрде жұмыс істеу, тіпті сирек кездесетін дереккөздермен зерттеу жүргізу мүмкіндігімен қамтамасыз ететіндігін ерекше атап өткен жөн.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантура бағдарламасы ҚР БҒМ көмегімен біздің докторанттарға шетелдік ЖОО-дарында және ғылыми Орталықтарда ғылыми зерттеу жүргізу бірегей мүмкіндігін берді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ф.ғ.д., профессор

Мәдиева Г.Б.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты

Өтемғалиева Н.А.