Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздің үздік классикалық университеті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің алдыңғы қатарлы университеті, 1934 жылы Алматы қаласында іргетасы қаланды. Университет 180 мамандық бойынша мамандар дайындайды. 20000-ға жуық студенттерді білім нәрімен сусындатуда. Университет 14 факультеттен тұрады және 3000-ға жуық оқытушы-профессорлар қауымы студенттерге білім беріп келеді. Университет маңында «Казгуград» аталып кеткен құтты мекенде студенттердің білім алуына барлық жағдай жасалған. Ө. Жолдасбеков атындағы 1600 адамға арналған студенттер сарайы, ТМД елдеріндегі ең үлкен, ауқымды және кітап қорына бай электронды «әл - Фараби» кітапханасы, спорткешені мен стадионы, әскери кафедра, технопарк, 5000 студентке арналған студенттер үйі, медициналық орталық және студенттерге қызмет көрсету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр. ҚазҰУ – армандар орындалатын, болашаққа сеніммен жетелейтін, адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал жасайтын киелі мекен. Өмірімде кезекті жеңіс әкелген жаңа белес осы қара шаңырақтың магистранты атану. ҚазҰУ-дың табалдырығын аттаған сәттен бастап өмірге деген жаңа көзқарас пайда болды. Жаңа орта, өнегелі ұстаздар мен білім деп от кеудесі лаулаған жалынды жастардың ортасында тек қана алға ұмтылуды көздейсің. ҚазҰУ оқытушылары – ұлттық рейтингте көшбасшы. ҚР ЖОО-ның сұранысқа ие ұлттық рейтингіне енген 135 оқытушының жартысынан астамын ҚазҰУ қызметкерлері құрады. Сонымен қатар әл – Фараби атындағы ҚазҰУ «Academic ranking of world universities – European standard» (ARES) атты беделді еуропалық рейтингісі бойынша Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының арасында көшбасшы болды.Университетіміздің жылдан-жылға көркейіп, дамуына үлкен үлес қосатын, кәсіби шеберлігі жоғары, тәжірибелі, бәсекеге қабілетті, еңбекқор ұстаздарымыздың шынайы еңбектерінің нәтижесі деп білемін.
Қазіргі таңда өзімнің білім алып жүрген филология және әлем тілдері факультетінің жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының оқытушыларына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Соның ішінде өзімнің ғылыми жетекшім, ағылшын тілі маманы, PhD, Таубаев Жарас Тұрысбекұлына алғысым шексіз. Нағыз ХХІ ғасыр оқытушысы деген атқа лайықты, білікті педагог, көшбасшы, заманауи технологияны меңгерген, әмбебап оқытушы деуге болады. Осындай ұстаздарымыздың әмбебап болуы әлдеқайда маңыздырақ. Оқытушының жан-жақты, білімді, додаға түссе бәйгені бермейтіндей, шәкіртіне түрлі әдістемелік құралдар арқылы жағдай жасаса, онда ол бір ғана оқытушының емес, бір мекеменің, бір елдің абыройы болар еді. Қазақта «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген нақыл сөз бар, біздің мақсат абыроймен берілген білімді абыроймен ақтап, еліміздің ғылымының гүлденуіне септігімізді тигізу.
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы Шетел тілі: екі шетел тілі мамандығының 1 курс магистранты Зәуірбек Жансая Сүйіндікқызы PhD, доцент м.а. Таубаев Жарас Тұрысбекұлы