Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің жетістіктері

Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті еліміздің алдыңғы қатарлы, жетекші университеттерінің бірі. Іргетасы 1934 жылы құрылған, 90 жылға жуық тарихы бар университет аудиториясында есімі елге танымал Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов секілді ғалым-академиктердің лекция оқығанын мақтанышпен айта аламыз. 1991 жылы оқу орны адамзаттың екінші ұстазы атанған, Аристотельден кейінгі ұлы ойшыл Әбу Насыр әл Фараби есімін иеленіп, 2001 жылы еліміздің алғашқы «ұлттық» университеті мәртебесін алды. 2003 жылы Қазақ Ұлттық Университеті Орталық Азия жоғары оқу орындары арасынан алғашқы болып Болонья қаласындағы Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қою арқылы еуропалық білім беру кеңістігіне кірді. 2006 жылы білім берудегі сапа саласындағы жетістіктері үшін ҚР Президенті сыйлығының лауреаты атанды. Әл Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздің білім беру флагманы ретінде, жаңа буын университетінің «4.0 Университет» моделін жасап, халықаралық қауымдастыққа ұсынды. Университет жобасы «Microsoft» компаниясының тарапынан жоғары бағаланып, компания ҚазҰУ тәжірибесі туралы фильм түсіріп, өз сайттарына жариялады. Посткеңестік елдер аумағында тұңғыш рет Астана халықаралық қаржы орталығы мен Бенхалиф (Катар) университетімен бірлескен ҚазҰУ-дың Исламдық қаржы жөніндегі бағдарламасы жүзеге асырылды.  Еуропа мен Орта Азия елдерінің үздік жоғары оқу орындары туралы ақпараттарды қамтитын британдық QS EECA 2022 агенттігінің нұсқасы бойынша үздік жоғары оқу орындарының  ТОП-100 тізіміне Республика бойынша 7 білім ордасы енген болатын. Көшбасшы  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ болды. Өткен жылмен салыстырғанда университет 3 позицияға жоғарылап, рейтингте Стамбул техникалық университеті (Түркия), Вильнюс университеті (Литва) және басқа да шетелдіктерді басып озып, 16-орынға ие болды. Айта кетейік, QS EECA рейтингін жасау кезінде он негізгі көрсеткіш ескеріледі. Олардың ішінде университеттердің жұмыс берушілер арасындағы және академиялық беделі, оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы, бір оқытушы мен қызметкерге шаққандағы жарияланымдар саны, жоғары оқу орындарының ғалымдарынан дәйексөз алу саны, шетелдік студенттердің, оқытушылар мен қызметкерлердің үлесі және тағы басқалары бар. Бүгінгі таңда ЖОО мамандықтарының 70%-дан астамы ағылшын тілінде оқытылады. Осыған сәйкес еліміз бойынша ең көп шетелдік студенттер білім алуда. Әлемнің жетекші университеттерімен 70-тен астам «қос диплом» бағдарламасы жүзеге асуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-ректор Жансейіт Қансейітұлы онлайн режимде өткізген брифингте іске асып жатқан жобалардың жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгеден асатынын хабарлаған болатын. Бұған қоса ғылыми мақалалар бойынша көшбасшы оқу орнының рейтингтік басылымдардағы әрбір бесінші қазақстандық жарияланымы ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі екенін, әрі университеттің беделді Web of Science деректер қорының «Ғылым көшбасшысы» сыйлығының үш аталымына ие болғанын зор мақтанышпен атап өтті. Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша Білім және Ғылым министрлігі жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуін қолға алған болатын. Осы орайда университетке халықаралық деңгейдегі ғалымдар, АҚШ және Еуропаның ЖОО сабақ беру тәжірибесі бар Уәлбай Өмірбаев пен Базбек Даулетов сынды профессорлардың келгенін атап өтсек болады. Білім мен ғылымды ұштастырып отырған білім ордасы алдағы уақытта да сапалы білім мен тәрбие беру бағытындағы маңызды жобаларын жүзеге асыра береміз деп сенеміз!
Автор: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің оқытушысы Кеңесбаева Нұргүл



Бөлісу: