Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті “Сұңқар” студенттер мен магистранттар кәсіподағында наурыз айының 8-12 жұлдызы аралығында Ыбырай апталығы аталып өтілді. «Кел балалар оқылық» деп бүкіл ғұмырын қазақ балаларын оқытуға, мектеп ашуға сарп еткен қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы. Ұлы даланың алғашқы ұстазын насихаттау негізінде өтілген бұл жобаның басты мақсаты Ы.Алтынсариннің санада сақталған еңбектерін жаңғыртып, қазіргі қазақ қоғамына, оның ішінде жастардың бойына сіңіру.
Апталықтың алғашқы күні яғни наурыздың 9 жұлдызы “Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсаринға 180 жыл” атты ашық есік күнімен бастау алды. Ашық есік күнінде студент жастарға апталық жоспары толық таныстырылып , kaznu_sunkar инста парақшасында интеллектуалды сұрақ-жауап айдары өткізілді. Бұл қойылған сұрақ-жауап ұлы ұстаз Ыбырай шығармашылығымен толық танысқысы келген студент жастардың зейінін одан әрі аша түсті.
Апталық Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейіне онлайн-экскурсиямен жалғасын тапты. Студент жастар жазушының шығармашылығы мен өмірі жайлы кітаптар, оның жеке заттары Ы.Алтынсариннің кітаптары,мектептерінің макеттері, фотосуреттер, естеліктермен танысып таным көкжиектерін кеңейтті. Білімнің туын асқақтатқан ағартушы ұстаздың қазақ білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі жайлы толық ақпарат алды.
Жоспарға сәйкес 12 наурыз зум платформасында “Қазіргі таңдағы педагогика маңызы” тақырыбында ойталқы болып өтті. Қатысушы студенттер ойталқы шеңберінде “Педагог деген кім?” , “Бүгінгі күннің Ыбырайлары жайлы ойыңыз?” , “Педагогтардың қоғамдағы маңызы” сынды нақты сұрақтар төңірегінде өз ойларын ашық ортаға салып, тартысты талқылау болып өтті.
Апталықты қорытындылау мақсатында “Қорытынды кеш” өткізілді. Кеште белсенді ҚазҰУ студенттері сырлы поэзия оқып,әуезді ән шырқап, күмбірлеген күй шертіп кештің көркін қыздыра түсті. Апталық қатысушы жастардың көңілінен шықты, жоғарғы деңгейде өтті.
Ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ халқының жаңа буынын тәрбиелеуге арнап, олардың мәдениетті елдерден үлгі ала отырып, білімді де сапалы азамат болып жетілуіне айтарлықтай үлес қосты. Ыбырай Алтынсариннің барлық сан қырлы қоғамдық қайраткерлік және шығармашылық іс-әрекеті қазақ халқының әлемдік өркениетті мәдениетпен танысуы және халықтар арасындағы достықты нығайтуға арналады.Міне биыл қазақтан шыққан алғашқы педагогтың туғанына 180 жыл толып отыр. ҚазҰУ жастарының басты мақсаты – қазақтың аса көрнекті ағартушы педагогының шығармашылығын, рухани бай мұрасын насихаттау.
Әбдіхан Дина Полатханқызы
Филология және әлем тілдері факультеті
2 курс студенті