Жадыраған жаздың да жайма шуақ күндері мен тамылжыған түндері менің еркіме бағынбай өтіп жатыр. Өте берсін, өкінбеймін... Уақыттың қызметі сол ғой. Түбінде бітеді, өтеді ,кетеді. Бірақ, бұл менің уақыты бағаламайтынымды білдірмейді. Массагетте прогресс! «Жарайсыңдар» дегім келеді. Рахмет! Қызу талқылаулар, қызықты блогтар, әңгімелер тағысын-тағы көп... Солардың ішінде «Түстер әлемі» мені қызықтырды. Ол мақалада, түстің пайдасы, адам түсті тез ұмытатындығы және ең қызығы адам түстерінен белгі іздеу керек екен. Қандай белгі? Мүмкін... Осы айтылғандармен ұштастырып, өз басымнан өткен бір жайды сіздермен бөліскім келді.
Мектеп жасымдағы естеліктерді қарап отырып бір дәптер тауып алдым. Ашып оқып келемін, арасында өзім жазғандарға күліп те, таңғалып та, ойланып та отырмын... Ең соңына келдім, соңғы бетке жазғанды баяғыдан жақсы көремін. Үнемі бір нәрселерді жазып қоямын. Содан бір 2-3 жол жазу тұр. Оқыдым, көзіме жас толды. Былай жазып қойғанмын: «Бүгін мен үшін ауыр күн. Бәрі үшін де. Қайран ағам жас бола өмірден өтті». Есіме түсті. Жаз мезгілі болатын мен 8 сыныпты аяқтадым, нағашым сол күні дүние салған. ОЛ ағаммен көп сырласпайтынмын.
Түсінгенім... Қолда бар алтынның қадіріне жету керек екен.
7-сі өтпей жатып бір түс көрдім. Қатты қайғырсам керек. Бұл осыдан 4-5 жыл бұрыын көрген түсім. Кейбір элементтері есімде қалмапты. Қалғаны мынау: Ауылда... Үйдің алдында мен және ағам тұр. Жылы, майда жаңбыр жауып тұр. Ағам ақ шалбар, ақ туфли, көйлегінің түсі есімде қалмапты. Маған айтып жатыр бірнәрселерді. Қуанышты, күлімдеп... «Мен үйленемін» дегені есімде, тіпті қалыңдықты да көрдім, түс қой енді. Жаңбыр ағамның үстіне бір тамаша тиіп жауып тұр. Мен болсам жымиып тұрмын. Оянып кетсем түсім екен. Әттең, шын болса барып сүйінші сұрар едім. Анашыма айттым тұра сала.
Айтайын дегенім, сол бір түс жадымда әлі сақтаулы. Балалық шақтағы көрген түстерім де есімде... менің ойымша түс белгілі бір адам өмірінде маңызға ие, кейбірі жадтан тез жоғалса, ал кейбірі белгілі бір уақыт сақталады. Адам түсінде көбіне өңінде не ойласа, нені армандаса, алаңдаған дүниелерін көреді. Сезімі мен эмоциясы да қатар жүреді. Сондықтан, жатарда да, жалпы миыңызда тек жақсы ойлар жүрсін.
P.S: сурет «massaget.kz» сайтынан алынды.