"Ақыр заман, ақыр заман"

"Ақыр заман, ақыр заман"
жеке
блог

Күні кеше Меломан компаниясы Bekmambetov Cinema кинотеатрымен бірігіп, "5-ші толқын/5-ая волна/The 5th Wave" атты постапокалипсис драмасының жабық көрсетілімін ұйымдастырды.

Тәтті фуршет, фильм сюжетіне қарасты аниматорлар мен конкурс жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Фантастика, боевик, триллер жанрында түсірілген бұл фильмнің жетекшісі - Дж.Блэйксон. Бұл туынды 2013 жылы шыққан "5-ші толқын" атты Рик Янсидің романының сюжеті бойынша түсірілген.

Фильмнің бюджеті - 8 млн. 200 мың доллар. 

Кітаппен таныспай тұрып, фильмді көруге келген мен үшін сюжеттің соңы "аяқталмай қалғаны" режиссердің өзіне, еңбегіне және туындысына деген үлкен сенімі жайында хабар етті. Кейін, фильмнің романға негізделгенін естігенімде, сюжеттің өз оқырмандары мен жанкүйерлері бар екені айдан анық болды.

Шыны керек, фильмнің 60 пайызын жылап, көрдім. Маған бұл туынды үлкен әсер етті. Неліктен? Себебі бас кейіпкер өзінің жалғыз бауырын жоғалтып алады. Менің де жан дегенде жалғыз бауырым бар, сондықтан фильм бойы кейіпкерлермен бірге уайымдап, қобалжып отырдым. 

Кэсси, Эван, Сэм - фильмнің басты кейіпкерлері. Әркім өз ойынын биік дәрежеде көрсетіп, риза етті. Актерлік құрамды таңдауына 5 деген баға беретін болсам, фильмнің графикасына 4 деген баға берер едім. Дыбыстау актерлері бұл жолы қатты қуантқан жоқ. Дегенмен, сценарийдің жақсы құрылғанын атап өту керек.

Біз жылдар бойы "өзге планеталықтардың" Жерді жаулап алу құмарлығы туралы әртүрлі сюжетті көріп келеміз. Дей тұрғанмен, бұл фильм "айдан анық" сюжетке ие емес. Расында, кей кезде ары қарай не болатынын түсініп отырсаң, кей кезде сюжет желісі күтпеген бағытқа ауып кетеді. Бұл киносүйер қауымға деген үлкен сый-құрмет деп түсінемін.

Өз басым, бұл туындыны қатты ұнаттым. Адами қасиет, сүйіспеншілік, адалдық, биік сезім мен қамқорлық - қашан да адамды кез келген жаудан құтқаратын қасиеттер екенін фильмді көргеннен кейін түйіп, түсінесің.

Фильм прокатқа 21 қаңтардан бастап шығады, өз пікірлеріңізді төменге жазып, қалдырыңыз!