Халқын сүйген кең жүректі ақынның жары болу оңай ма?! Ел алдында жүрген азаматтың жай-күйін қалай түсінуге болады? Өзі кеткен соң, артында қалған бай мұрасын сақтап қалу қаншалықты қиын?
Әр жұма сайын кешкі сағат 21:00-де СТВ арнасынан эфирге шығатын "Қоғам және әйел" бағдарламасының бүгінгі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздейтін болады.
Бағдарламаның басты кейіпкері - ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жары Лашын Әзімжанова. Ол бала тәрбиесімен айналысып, үйдің берекесін кіргізіп қана қоймай, ақын шығармашылығының шарықтауына үлкен ден қойған абзал жан. Мұқағалидай алыптың жай-күйін ұғып, көңілін қабағынан таныған Лашын апа өмірінің соңғы күндеріне дейін ақын шығармаларын көзінің қарашығындай сақтап, оны елге жеткізуге, есімін өшірмеуге тырысты. Көзі тірісінде Лашын апа Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қордың негізін қалады. Бүгінде осы қордың президенті ақын келіні Бақытгүл Қыдырбайқызы.
Лашын апа жайлы ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақытгүл Қыдырбайқызы сыр шертеді. Бағдарламада алтын қорда сақталған Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен оқыған өлеңдері қолданылатын болады.
Суреттер: alashainasy.kz