Ақынның бәрі Алматыда жүр дейсіз бе?!

Ақынның бәрі Алматыда жүр дейсіз бе?!
жеке
блог

        Алматы, адамдардың арманына айналған сенде жазық жоқ... Ақын мен жазушыны ынтықтырғаныңа да ызаланбаймын... Менің саған ренішім жоқ, тек сен де маған өкпелей көрме! (мен қазір саған ұнамайтын дүние айтқалы отырмын)

  Түркістаннан бір кереметтей ақын тауып алдым... Уысына ай түскендей сонша шаттанғаны несі дейтін шығарсыздар... Мүмкін, бірақ бұл Алматы емес... Мұнда том-том кітап шығаратын баспаханалар да көп емес, санаулы газет, санаулы редакция... Әйтеуір жүрегі мен жүзі жылы бірлі-жарым жақсыларды көргенде балаша шаттанатыным содан болса керек... Бала кезден байқаудан байқау қоймай бірге кезетін көрші ауданның жігіті оқу ордама келгенде төбем көкке бір елі жетпей қалған болатын. Сондағы бар ойым осы аядай қаланың "өлеңі бар" жанмен толысқаны еді... Кеше университет газетінен кешін өткергелі жатқан жас ақыннан сұхбат алу жөнінде тапсырма алдым. Іздеген адамымды кітапханадан тауып, ұзақ сөйлестік... Сөз арасында: "Биыл Алматыға кететін шығармын, былтыр сәті түспеді",-деген сөзді естіп тәп-тәуір құлазып қалдым... Білем ол үшін уақыттың қаншалықты құнды екенін, сондықтан үндемедім... Бұл сенің Түркістанды жаратпағаның деп журналисттігіме басып,табандаған сыңай танытқым келмеді. Себебі мен де оны түсініп отырмын...

Мен де Алматыға кеткім келген... Кілең жақсыны құшағына жиған қала кімге ұнамасын... Бірақ мұндағы Яссауи мен Абылай, Саттар мен Қаныбек жастанған молалардан биікпін бе?! Ең болмаса студенттік өмірімді саған сыйлайын... Сосын сен де мені айыптай көрме, мен де жөніме кетем дейтінмін... Кесене басындағы ұзын-сонар ойлардан есіме түскені осы ғана бүгін... 

Ал енді айтшы, Алматы, кілең жақсы саған ғана керек пе осы?! Көп адаммен іш тартып тілдесе қоймайтын менің өзімде де кінә мол болар... Енді іздеп әзер тапқан адамым...  Жо-жоқ, алтын інімнің алар асуына кедергі болғым келмейді... Тек жаныңдағы жақсыны "бүртүрліі" қимайды екенсің... Астананы суық қала дейтін, тоңдырар еді... Алматы, мен саған сенім артамын... Жатырқамай қабыл алшы, ауылдың ақ жүректі, қара баласын... Жасыта көрме оны, тап мендей жақсы көрсең жеткілікті... 

Сонан соң, кілең жақсы ақынның барлығы Алматыда ғана екен дей көрмеңіздерші...