АҚЫНДЫҚ ТУРАЛЫ...

АҚЫНДЫҚ ТУРАЛЫ...
жеке
блог


…Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!

***
Поэзия - журналистика емес, ал ақын - дабыра туғызатын жағдайларға жүгіре беретін журналист емес. Алтынмен киіндіріп қойған қаңқа сүйек табылғаны үшін ғана поэзия жазуға бола ма?! Алтынға малынған адам туралы жазғанша, елсіз далада көмусіз қалған адамның бас сүйегі жайында қуана-қуана поэма жазар едім.

***
Шын талантты ақын берерін бергенен кейін, сыйымен өле білгені де жақсы. Алайда таңдамалыларының толық жинағына өзі редактор болғанның да зияны жоқ...

***
Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды: оны тек қызықтауға ғана болады. Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз - өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда, салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін "адам жанының инженері" болып қалу керек.

***
Ақын болу үшін ақында не болуы керек?
Бірінші: талант. Білімді, сұңғыла талант (диплом міндетті емес).
Екінші: ұят, өзінің нашар өлеңдерін оқығанда өзінен өзі ұялуы үшін.
Үшінші: қарапайымдылық. Пушкин мен Абайдікіндей болмаса да, басқалар түсінетіндей адамдық қарапайымдылық. Ақылдымсымау, түсіндірмеу, тек жырлау.
Төртінші: түйсік. Басқалар көре алмайтынды көру және тану.
Бесінші: еңбек, үнемі шындалып отыру үшін.
Алтыншы: жан. Жан байлығын әмәнда сақтау қажет.

***
Менi адамның өзi, сыртқы сүлдерi емес, мiнез-құлқы, қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсiнуге тырысамын. Адамдарды түсiне отырып олардың да менi түсiнгенiн қалаймын. Менiң бүкiл поэзиямның мәнi, мiне, осы Поэзия – мен үшiн жанымның шырылы. Басқа ештеңе де емес…

***
Өлең шығару – ең әуелi қажырлы еңбек. Азапты, жүйкеге салмақ салатын жұмыс. Оңашалануды және тыныштықты сүйедi. Егер мен ондай толғақ үстiнде жарым жолда тоқтай қалсам, кейiн онда ой соңынан қуалау маған қиын. Алғашқы құмарлықтан ажырап қалам.

***
Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!

(Мұқағали Мақатаевтің айтқандары.Ақын күнделігінен)