Ақындардың әндері-ай...

Ақындардың әндері-ай...
жеке
блог

Қазақтың ғана қанына біткен суырып салма айтыс  халқымызға оралғалы өнер әлемінде үлкен төңкерістер болғаны белгілі. Ол тек айтыста ғана емес, айтыс арқылы қалың жұртшылықтың алдына келген ақындардың алған белестері. Айтыс суырыпсалма ақындар мен қазақтың өнер сүйер қауымын қосты, ақындардың беделін арттырып, елге танытты...

            Айтыскер ақындардың қалам ұштап, ақ қағазға жыр маржандарын тізбеуі мүмкін емес. Ал сол шумақтар айтыс жаңғырған кезде де, жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілгелі тұрған  эфирден алшақтатылған кезінде де тыңдарман қауымның назарына ұсынылып отырды. Яғни, айтыскер ақындардың жүрек жарды жырлары әуенмен өрнектеліп ән қалпында лек-легімен халыққа жетіп жатыр.

«Көк аспаннан бара жатыр өмірімнің жұлдызы ағып...»  деп жырлаған жарты ғасырлық ғұмырында шәкірт те болып, ұстаз да болып, үйреніп, көпшілікке үйретіп үлгерген  Жетісудың жазтаңдай ақыны болған Есенқұл Жақыпбековтың айтыстары тамаша болатын. Әндері өмір мәнін ұғып, білгенін басқаға айтуға арналғандай тағылымы терең еді. Әсіресе қазақтың басына қиын-қыстау сәт туған шақта қазақ елінің, қызы мен ерінің намысын қорғаймыз деп қамданған жігіттердің намысына қайран қалып, рух бергелі жазған өлеңі кейіннен қазақтың ұранына айналған тамаша туынды:

Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі

 Олар жайлы ағайын-жұрт не білесің сен осы

 Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден

 Өйткені олар ақиқат пен шындық сөздің жебесі.

 

 Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр

 Солар жүрген жолдарменен дәтің барса жүріп көр

 Ерте туып еш заманның маңдайына сыймаған

 Қайран біздің қасиетті қара нардай жігіттер.

            Есенқұл ақынның өзі арамыздан кетсе де крерменннің көз алдында әзілді айтысы мен ауызында өлеңдері, құлақтарында әуенді әндері мәңгі жатталып қалды...

            Жуырда ғана «Кіл жүйрікте кім жүйрік» айтысында бас жүлде алған, темір тұлпарларының санынан жаңылып жүрген Айнұр Тұрсынбаеваның сөзіне жазылған «Аллаға мадақ», «Қайдасың қайда?» тағы басқа әндерін Сержанәлі Әлібек, «Жігіттер» квартетіндей танымал тұлғалар орындауда.

            Ал аты алты алашқа аян Ринат Заитовтың өлең қоржыны толық. «Есте сақта», «Күзгі жаңбыр» сынды әндерді Ғаділбек Жанай орындаса, «Өмір жолы» өлеңімен Жұбаныш Жексенұлы сахнада әндетті. Басқа жа «Каспий», «НұрМұқасан» топтары, Мақпал Жүнісова, Кенжебек, Ақылбек Жеменейлер де ән тізімінің төріне Ринат ақынның сөзіне жазылған шығармаларды қоюда.

...Қылышымен қорғап байтақ даласын,

Бір Жаратқан артық еткен бағасын,

Мен қазақпын, мекен еткен осынау

Алтай менен Атыраудың арасын.

Атқа мінсек, біз алапат тасқынбыз,

Аллаға құл, басқасына қасқырмыз,

Санымыз аз болғанменен айбатты,

Көп иттерге таланбаған қасқырмыз....

            Рухты көтеріп, денені шымырлататын өткір тіл мен өр рухтан туған өлеңдердің иесі – Ринат Заитовтың өзі «Бірге болайық», «Дос», «Қазақпын мен деп мақтанам» сынды толғауы тоқсан толғамды ойлары бар шумақтарын тізбектеп орындап жүр.

            Айтыстың биік тұғырынан көрініп, кейіннен таңдаулы әндердің авторына айналған Талан Арынғалиді білмейтін жан жоқ шығар.  Оның әндерін «Заман» тобы, «МузАрт» жиі сұрап, репертуарларына жүйелі түрде қосып келеді. Соңғы кезде «Еркеле», «Тамшылардай» әндердің «хитке» айналып жатқанының себебі сол айтыскер ақынның тума талантынан болар...

            Оңтүстіктің өжет қызы – Ақмарал Леубаеваның да талғампаз оймен топшылап жазатын тамаша туындыларын ескермей кетпеуге болмас. Роза Әлқожаның әндерінің көпшілігіне сөз жазып, сұлу сыры - сұлу арқылы тыңдармандармен қауышуда. Ал МузАрт тобының әншісі Кенжебектің орындауындағы «Адалдық өткелі» әніне сөз жазуы ерекше...

Бақытқа толы мұң-кесем,
«Жалған» дер дұшпан «шын» десем.
Қай жаққа болсын кетер ем,
Қолымнан ұстап «жүр» десең.

Тағдырға сенбей болмайды,
Шын бақыт екі қонбайды.
Адалдық дейтін өткелден,
Көп адам өте алмайды.

«Адалдық өткелі» ертеңгі күнге, келер жақсылыққа деген үлкен үміт-сенімнен туған ән. Ақын Ақмарал бір сөзінде«Бұл өлең жолдарының жазылуына Сүлеймен пайғамбар туралы аңыз арқау болғандай. Оның жүзігінде «Бәрі де өтпелі» деп жазылған. Аң-құс тілін біліп, бабын тапқан, қайғы-қуанышты қатар көрген пайғамбар осы сөзден жұбаныш тапса керек. Адамның басынан небір қиын сәттер өтсе де ол мойымай, өзіне сенім артып, алға басуы керек» деген еді.

            Айтыста алар орны тым ерекше, әзілі де орынды, ой мен сауаты да мықты болып жүйріктердің жүйрігі атанып келе жатқан, жастардың арасында да өз сынын түсірмеген Балғынбек Имашев айтыста жасындай сөздер айтып, ел үмітін ақтаса, эстрадада да елең етерліқ құбылыстың авторларының бірі болды. Іліп айтар болсақ, Ресейлік «Жаңа толқын» вокалдық орындаушылардың байқауында Қазақстанның намысын қорғап, үлкен сілкініс жасаған Адам лақап атымен танылып жүрген әншінің байқауға дайындаған әндерінің тобының басына Балғынбек ақынның сөзіне жазылған «Гүлістаным-Қазақстаным» атты ән болды, және ән де әнші де өз дәрежесінде бағаланып, Қазақстанның эстрада әлемәндегі жетістігінің айғағы болды:

Алашым, әз арыстаным,

Ұлт үшін қалам ұштадың,

Өзгенікі таңсық емес,

Тұрғанда өз арыстарың.

Санаңды адал ұстадың,

Тауларым, дала тұстарым,

Жасай берші, жайнай берші

Гүлстан-Қазақстаным...

Балғынбек ақынның жүрегінен шыққан сөзді әнші нақышына келтіріп жүрегімен орындаса, халық жүрекпен жылы қабыл алғандай.

            Жүрсіннің жас жүйріктерінің бірі 2013 жылғы ең үздік ақындарының көшін бастаған Алтын Домбыра иегері жас та болса, бас ақын – Жандарбек Бұлғақовтың қойын дәптеріндегі тізбектелген шумақтар да өз тыңдармандарын тапқан әндерге айналып жатыр. Үлкен тележоба ретінде телекөрермендерге ұсынылған «Астана кеші» атты бағдарламаның басты әнін де Жандарбектің туындыларының арасынан таба аласыз. Төреғали Төреәлінің орындауындағы «Әкеге арнауы» өнердегі ұстазы, өмірдегі мақтанышы Айтақын Бұлғақовқа жолданған тамаша толғау:

...Өсірдің мені, қалдырмай көштен, аш қылмай,

Жалғанда мынау еңсемді тіктеп, пәс қылмай,

Қатал тәртіппен қасиетіңді дарыттың,

Өз бөлтірігін тістеп сүйетін қасқырдай.

 

Баласы болсам бай-бағыланның егер мен,

Алтынмен аптап, күміспен қаптап берер ме ем.

Қолымнан, әке, не келед басқа өнерден,

Алғысымды айттым өзің үйреткен өлеңмен...

            Жандарбектің өлеңін әнге қосып қазақ көгінде шырқап жүрген, үлкен айтыстарда әншілік қырымен де, сән-салтанатымен, суырып салмалығымен, тапқырлығымен көзге іліккен ақын – Төреғали Төреәлі. Актерлікке оқып, айтысып жүріп әнші болған Сыр өңірінің ақыны өз репертуарын өзінің әндерімен жасақтап жүр. Сонымен қоса «Жігіттер» квартеті Төреғалидің әуені мен сөзіне жазылған «Келсеңші күнім», «Жүрегім», «Жігіттерге 10 жыл» атты туындыларын 10 жылдық есеп беру концертінде де жас таланттың атын атай отырып өз деңгейінде тыңдармандарына жолдады. Еркін Нұржанов, Бағлан Әбдіраимовтың сұрауымен жақыр көріп жүрген әндер  ән сүйер қауымның көңілінен шығып жүр. Әкесі Төреәлі Төлепов та ақындар айтысында біршама азуын қайрап алған сазгер, ақын. Әкесінің әуеніне жазылған «Отанды сүю- иманнан» әні жоғарғы деңгейде бағаланып, президенттің алдында да жанар оты жарқырап шырқаған болатын. Ал «Іздеме» атты туындысын Қызылордалық Қайнар Алагөзов -айтыскер ақын жазған. «Іздеме» өз кезегінде «хит» те болды, ұқыпты түсірілген бейнебаяны да көрермен талғамынан шықты.

            Айтысса елдің айылын қандыратын, тіл ғылымында, оқу-ағартуда да өз ізін салып келе жатқан Серікзат Дүйсенғазин. Ақындығы мен адамдығына елдің берген баға-беделі қандай болса, ақынның сөзіне жазылған әндерге әншілер мен ән сүйер қауымның берер бағасы да сондай. Жалпақ жұрттың «өз балалары», сүйіктілері - МузАрт тобы Серкзат ақынның әндеріне ерекше көңіл бөледі. Әсіресе Мейрабек Беспаевтің жеке орындауындағы «Сен үшін жаралғандаймын», «Түнгі сыр», «Сүйіктім» сынды лирикалық жыр шумақтары жүректі ерітіп, жанды елітіп жібереріне Қазақстанның түпкір түпкірінде жаппай тыңдайтын халық куә.

            «Ауырмайды жүрек, ауырмайды...» бұл әнді естімеген қазақ жоқ шығар. Қайрат Нұртастың ұзақ уақыт бойы хит болған осы бір әні де Тараздық ақын Олжас Отардың еншісіндегі өлеңдердің біріне жазылған.  Әннің де ерекшеленуі ақынның сө саптауына тікелей қатысты болатыны осыдн-ақ белгілі сияқты.

...Бабалардың ырымын аңсаған,

Азаттық деп азап шекті қанша адам?!

Байтақ жерде бақытты өмір сыйлаған,

Туған елім, қарыздармын мен саған...

            Бұл әнді Ибрагим Ескендір өз ән жинағына қосқалы көп уақыт өтпесе де, елін сүйген азаматтардың көкрегіне ту болып қадалды. Ал сөзін «Жүрсіннің кенжесі», айтыста тақымын ерте қысып, буынын тез бекіткен жас ақын – Сырым Әуезхандікі. Сырымның Бағлан Бектас орындайтын «Ханшайым», «Сахна», Ибрагим Ескендірдің ауеніне жазылган Даулет Кожаберген орындайтын «Казагым кайратым» әндері жас таланттың айтыс сахнасымен қоса ән өнер сахнасына да жасынан басқан нық қадамына дәлел.

Ақын қыздарымыздың тобын жарып Елена Әбдіқалықова да  сахнаны әндеріне бағындырып келеді. Оның «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын», «Сыр елі» сынды маржандарына халықтың берген бағасы зор.

...Жүрегіме бермесе де жыр тыным,

Айтар сөзді айта алмай-ақ іркілдім.

Көздеріңді жұмған сайын өбетін,

Тым болмаса болмадым-ау кірпігің... Бұл ән қай кезеңнің жастарының болсын көңілдерінен шығып, жиындардың сәнін келтірген әуезді әнге айналғанымен санасу  керек.

            Таяуда ғана жеке авторлық концертін берген Бекжан Әшірбаев өз кезінде айтулы айтыскер ақын болғанынан жұртшылық хабардар. Өнер жолын айтыстан бастаған ақынның өмір жолы сахнадан алшақтамады. Мақсат Базарбаев, Заттыбек Көпбосынов, Роза Әлқожа, Жазира мен Жанболаттай, Сырым Исабаевтай жас таланттар арнайы ақын ағамыздың қаламынан туған туындыларды әуенге қосып шырқатып жүр.

Көршінің қызы керемет еді,

Әкесі де оның жақсы адам.

Ауылдан біздің неге кетеді,

Ауа райы ма жақпаған...

Елдің ерекше сүйіспеншілігіне бөленген Тоқтар Серіковтың орындауындағы «Көршінің қызы»  ықылысты үйіп алып, ән сүйер қауымның жадында  сақталып қалды.

            «Айтыстың киллері» , арыстан ақын деген атқа ие болған адуынды Бекарыс Шойбек ақыннан жұрт тек қуат пен жігерді көріп келді. Ал нәзіктік пен сырлы сезімге толған «Жамалым» әні Бекарыс ақынның жан-жақты нағыз тұлға, ер азамат екенін көрсете білген туынды.

            «Ән мен әнші» музыкалық жобаның ондаған жыл өз биігінен түспей келе жатқаны белгілі. Ал оның негізін салушы, жүргізушісі Сержан Молдасанның мықты айтыскер ақын болғанын бірі білсе, бірі білмейді. Оқушы, студенттік кездерінде өнер жолына айтысумен келіп, талай түйе,билерді жүлдеге алып, басты орындарға ілігіп жүрген Сержан ақынның өнер әлемінде сіңірген еңбегі бағалы. Жай ғана, ақынның «Періштем» өлеңіне жазылған әні Асқар Жүнісбеков атты әншінің сахнаға көтерілуіне, халыққа танылуына үлкен ықпалын тигізген болатын.

Айтыскер ақындық құдайдың берген ерекше таланты. Кез-келген өнерлі, сөзге шебердің өзі айтыскер бола алмайды, бірақ айтыскерлердің айтыстан өзге шыңдарға қол созып, нәтижелі жұмыстар көрсетіп келеді. Не де болса, ел игілігіне жарап жатқан сегіз қырлы бір сырлы қазақ баласына елдің артар үміті мен күтері көп. Ал ақындардың «алтын көпір» болып билік пен халық арасын жалғауын аброймен алып жүріп, қай жағынан болса да рухани азық беретін шығарма, өлең-жырлары қазақ даласына қуаныш сыйлауда...