Ақындар хақында

Қасиетті Құран-Кәрімнің «Шұғара» («Ақындар») сүресінде «Ақындарға азғындар ереді... Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер басқа» делінген. Осыдан-ақ ақындардың діндегі рөлі айқындалғандай. Ал бұны қолына қалам алғандардың өзі біле ме?! Сұрақ осында...

Қазіргі таңда махаббатты жырлағыштар көп (оның ішінде өзім де бармын). «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа?» деп Абай атамыздың Алла мен адамға деген махаббатты қатар қоюының өзінде бір сыр бар екенін кеш аңғаратынымыз қандай өкінішті... Қазақтың бас ақыны «адамды есің кеткенше жақсы көр, өліп-өшіп сүй» деп емес, «адамды Алланың разылығы үшін жақсы көр» деген сияқты еді... Біз не істеп жүрміз?!

Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтуынша «Қиямет күні Алла былай деп бұйырады: Менің әміріме бойұсынып, бір-бірін жақсы көрген пенделерім қайда? Оларды Менің аршымның көлеңкесінен өзге сая табылмайтын осы күні өз көлеңкеме паналатайын». Адамды Алла разылығы үшін жақсы көру қос дүниеде де нұр сыйласа, пендені Алладан артық жақсы көру ешқашан жақсылыққа да, сол адамның өзіне де жеткізбейтінін білеміз. 

Ақындар жайлы неге сөз қозғады дейсіздер ғой... 
Күләш Ахметова апам маған «Айналайын, өлең жазғанда әр сөзіңе абай бол! Алланың әміріне, дінімізге қайшы келетін дүние жазба! Кейін өкінетіндей дүние шығарма!» деп ақылын айтып жүреді. Өзі де өлең жазғасын діндар адамның пікірін білгеннен соң ғана туындысын көпшілікке ұсынады. Қандай керемет?! Бүгінгінің ақын-жазушыларына үлгі болар әрекет...

«Сыйынатын болса өмірде құдірет,
Сыйынар ем ана деген тәңірге» деген көпшілікке мәлім «Ана туралы балладаның» бұл сөздерін де дұрыс түсінбей жатамыз. Кейбіреулер «сыйынатын осы өмірде құдірет, сыйынамын ана деген тәңірге» деп Исламдағы ең ауыр күнә – ширкке (Аллаға серік қосу) жол беріп жатады... Сонымен қатар осы «сыйыну», «табыну» сөздерін де («ұйқасса болды» деп) оңды-солды көз бен жүректі жұмып қойып қолданатынымыз бар. Қолдану керек, әрине... Тек Аллаға қатысты сөз айтқанда ғана... Соны ұмытпайық! 

«Жаратқан Иеміз сүйікті құлдарына ғана өнер береді». Неге береді? Ширкке шақырсын деп емес, ақиқатқа шақырсын, біреуге жақсы бірдеңе үйретсін деп береді... Ақыретте Алла берген өнерді қалай пайдаланғанымыз, не мақсатта жұмсағанымыз жайлы есеп беретінімізді де жадымызда ұстағанымыз жөн сияқты. «Қазақ поэзиясының Хан Тәңірі» атанған Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін зерттеу барысында ғалымдар бір де бір ширктің ізін байқамаған. Қанша ғашық болса да, кімге ғашық болса да, ол Алладан басқа ешкімге «сыйынбаған», өзге ешкімге «табынбаған». Ақындық деген – осы! 

Намазды оқуымыз мүмкін, ораза тұтуымыз мүмкін, өзгенің алдында мінсіз болып көрінуіміз мүмкін, бірақ жүрек бүлінсе, қиын... Жүрегімізге, сөзімізге ие болайық, адамзат! 



Бөлісу: