Ақын пицца тасушы емес...

«Мен өлеңді өзім үшін жазам, ал ақша үшін басамын» деген екен кезінде орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин. Өлең – жүрек сыры, сезім құндағы. Жас ақындар туралы пікір білдіру үшін де, ең болмағанда бірлі-екілі жастың шығармашылығынан хабардар болуың керек. Дұрысы, даттау үшін де, мақтау үшін «нысана» туралы жақсырақ білген абзал. Әйтпесе, бір жақты ой әділетті болмайтынын сіз бен біз жақсы білеміз. 

Кезінде «Күміс кітап» атауымен кітабын жарыққа шығарып, жастарды кітап оқуға шақыруға тырысқан Бақытжан Бұқарбайдың соңғы жазған постына көзім түсті. Тақырып «Жас ақындар пицца жеткізушідей болуы керек» деген. Жалпы бұл азаматтың тақырыпқа келгенде шебер екені көрініп-ақ тұр. Бірақ жазған дүниесіне көңілім толмады. 

«Оқырмандармен кездесу барысында жиі еститін сұрақтарымның бірі: «Қазіргі замандас ақындардан кімді оқисыз?» Басында бір түрлі ыңғайсызданып қысылушы едім, бірақ кейінірек «ешкімді» деп жауап беретін болдым. Ащы болса да, шындық. Мен бұл үшін ұялмаймын.» 

«Ешкімді» деп кесіп айту үшін де сенім керек. Бұл дегеніңіз – қазір жазып жүрген белгілі жас ақындарды жоққа шығару. Өміршең қазақ әдебиетінің алтын жібі үзілген емес, үзілмейді де. Жалғастырушы буын бар, және олар осал емес. Қажет десеңіз, санамалап беруге де әзірміз. 

Автор былай дейді: «Сонда тәуелсіз жылдары қалыптасқан, тәуелсіздігімізбен қатарлас өлең шеберлерінің сөздері мен ойлауы совет кезінде піскен ақындардан аса алмай жатқанын аңғардым». 

Әдебиеттің әр кезеңде ауысып келіп жатқан ағымы мен бағыты бар. Әлем әдебиетін арбаған модернизм, постмодернизм елесі біздің әдебиетті де айналып өткен жоқ. Бірақ қазіргі жас ақындар совет кезінде піскен ақындардан аса алмай жүр дегені – үлкен қателік. Совет кезіндегі ақындар бүгінгі жастың темірқазығы екені анық. Жұмекен, Мұқағали, Қадыр, арысы Мағжан, Қасымдар жазып кеткен жырларды қалай жоққа шығарасың. Соларды оқып, сусындап өскен қазіргі жас ақындар да қал-қадірінше еңбек етіп жүр. Бірақ бұл солардың жазған дүниесін қайталау немесе Мағжан болып кету деген түсінік емес. Өткен мен бүгінді астастырып, жаңа леппен өзіндік жолын тапқан жастар жетерлік. 

Одан кейін автор жас ақындардың кітап шығару мәселесіне тоқталып өткен. Бір жиында болған ақындардың айғайын жалпылама түрде жеткізіп беріп отыр. Кез келген адам пікір білдіруге құқылы. Ол оның отыз тісінен шыққан сөз. Бірақ жалпыға ұсыныс жасау үшін жалпыны жалқыға ауыстыру керек. Себебі әрбір ақын өзінше тұлға. Етене танысу керек, олар жайлы барлау жасау керек. 

«Бізде ақын көп. Өлең жазбайтын қазақты кездестірмеген шығармын әлі. Неге ақындарымыздың жас буыны бір-бірімен бәсекелестікке түспейді? Неге шығармалары бәсекелестіктен топ жарып, оқырманға жол тартпайды?» дейді бір жерінде. 

Жас буын арасында бәсекелестік жоқ деп кім айтты? Қазақ даласының төртбұрышынан ағылып келген ақындар Алматыда бәсекеге түседі. Алматы – ақындардың қаласы. Осы жерде олар жетіліп, бәсекеге түсіп поэзияның белгілі бір дәрежесіне жетеді. 

«Мен тұтынушылық заманда өмір сүріп жатқан адаммын. Қаласам да, қаламасам да, тұтынушылық болмыс менің санамды билейді, басқа амалым жоқ. Қарапайым тілмен айтсам, пицца жегім келсе, кептелісте тұрып, итім шығып, оны қай жерде сатып алсам болады деп жүгірмеймін. Интернетке кіремін де, өнімін үйіме жиырма минутта жеткізіп беруге дайын бес-алты кәсіпкердің ұсынысын оп-оңай тауып аламын. Соған жаман үйрене бастаймын, солай санам қалыптасады. Өлең де – тауар.» 
Өлең – тауар емес. Руханият материалдық түсінікке өткен күні мәдениет атаулы өледі. Қазір бәрі тұтынушы. Ақын да адам. Пиццаны ол да жейді. Бірақ өлең – пицца емес. Айырмасы жер мен көктей. 

Ақын бір өлеңді тоғыз күн, тоғыз ай толғатып жазады. Оның қандай қиындықты, сезімді бастан кешетінін ешкім білмейді. Ол өзімен-өзі күресіп қазақ поэзиясы үшін емес, алдымен өзі үшін жұмыс жасайды. 

Авторы ары қарай ойын былай жалғастырады: «Шенеуніктің қолдап, кітабыңды шығарып бергені шығармаңа артықшылық қоспайды, поэзияңа береке бермейді. Сен сұрап бардың, қайта бетің қалың екен, ал бір ұялшақ ақын ондайға бара алмайды. Сонда оның поэзиясы оқуға лайықсыз деген сөз бе? Лайықты санасаң – дәлелде. Шығармашылығың өмір сүрсін десең - өзің жүгір. Қазір тапсырыс берген кітабыңды тез жеткізіп беретін бірнеше онлайн-қызмет бар. Сен солармен келістің бе? Басқасын айтпағанда, жинағыңа сол жерде тапсырыс беруге бола ма? Әлі жүрсің бе? Онда ойлан. Поэзияң оқырман түгіл өзіңе керек емес сияқты ғой». 

Қазіргі ақындар заманынан қалып қойды деу күпірлік секілді. Бүгінгі жас ақындар да сіз жасап отырған ақпарат заманында өмір сүреді. Олар бүгінгі заманның барлық мүмкіндіктерін пайдаланып жүр. Кітаптары заманауи форматта жарық көріп жатыр. Бір емес бірнеше бейне-поэзиясы бар. Аудио нұсқалары, сайттарда жинақтары да тіркелген. «Менің өлеңімді оқышы, ағайын» деп жалынған ақын көрген жоқпын. Оқырман өз қажетін таба алады. 

Сөз соңында Мақпал Жұмабайды танитынын және соның ғана поэзиясын лайық деп танитынын айтыпты. Әрине, ол да жақсы ақын. Бірақ бір ақынды танып, басқасын танымағаны үшін, шығармаларын оқымағаны үшін ақын кінәлі емес. Кешіріңіз, отызды орталаған Мақпалдардан кейін де тағы бір буын келіп үлгерді. 

Қорыта айтқанда, жастар поэзиясының өз оқырманы қалыптасып келеді. Сүзгі қалыптасып, нағыз өлеңге деген сұраныс артып жатыр. Ұйқасы бардың бәрі өлең емес. Өлең де өзгереді, түрленеді, ағымға қарай жаңаша стиль қалыптастырады. Бұл стильдер жас ақындардың арасында қалыптасып үлгерген және соның жолында еңбек пен талап ұштасып жатыр. Бұл постқа үңілер болсақ, ақын өлең жаза ма, әлде жарнамамен айналыса ма? Ақын «өндіруші», «тудырушы» ма, әлде, саудагер, делдал ма? 

Қазір әдебиетпен ақша табу өте қиын. Мұны бәрі біледі. Бірақ сонда да қаламнан алыстамаған жастар баршылық. Олар жан қалауын, көңіл толғанысын жазғысы келеді. Әдебиет те өз жолын қалдырғысы келеді. 
Абайдың «Өлең сөздің – патшасы, сөз сарасы» деген өлеңі бар. Ендеше патшаға пицца жеткізушінің деңгейіне түсудің не керегі бар. Әркімнің өзі ісі бар. Бірақ әркім айналысып жатқан істің салмағы әртүрлі. 


(с) Марғұлан Ақан



Бөлісу: