Иран-Ғайып ағамыз "Бұрнағы қазақ "Ал, дүние" деп сөз бастаған деуші еді". Олай болса, ал, дүние, Массагеттіктер! Бұл кеңістік - көңіл кеңістігі. Көңіл кеңістігінде қанат талмауына тілектеспін!
Акация
Акация, акация – сары гүл,
Маған да енді, саған да енді бәрібір!
Гүлдің тілін жек көреді ол енді,
Жек көреді мен оқыған өлеңді,
Жек көреді қала түнін құмарлы,
Неон шамын, қолшатырды, тұманды...
Қара сиқыр, о, дұғалы, қара жыр,
Ол дұғасын неге оқыды жаралы ұл?
Жоқ, жазғырма, жоқ ақынның күнәсі,
Бәрі-бәрі акация кінәсі!
Гүл сыйлауды ойлап едім қайдан бұл?!
Акация, сұлу тілің байланғыр!
Акация, үнсіз қалсаң не етеді?!
Ақын, қызға гүлсіз барсаң не етеді?!
Сонет
Жанарыңнан жалғандықты көрсем де,
Менің саған сенгім келе береді,
Менің соған көнгім келе береді,
Сен сыясың-сырғақтаумен келсең де,
Мендік осы ақымақтау өлшемге.
Сезім өлсе тек сенбеуден өледі,
Сенімімнің ең бір адал өлеңі,
Саған сенем,сенем саған өлсем де!
Махаббатты келмеген соң жерлегім,
Сенің тәтті өтірігің мен үшін,
Талай шындықсымақтардан жоғары!
Бәлкім бұл да менің осал еңісім,
Алдауыңды біле тұра сенгенім –
Махаббаттың ақиқаты болады!