АҚЫН АНАСЫНЫҢ ТАРТУЫ...
блог
Маусым айының аяқ шенінде ақын Рақат Қосбармақтың кешіне барып қайтқанымды өткен жазбаларымда жаздым. Шығармашылық кештердің ұқсастықтары мен ерекшеліктері болады ғой. Бұл кештің ерекшелігі ақынның балаларға арналған өлеңдерін кішкентай бүлдіршіндердің кезекпен-кезек оқығандығы болды. Екінші ерекшелігі – ақын кешінде курстасымыз Алтынай Байтоқанованың (иллюзионист, трансформациялық магия түрін меңгерген тұңғыш қазақ қызы) өнер көрсеткендігі.
Кештің соңы әдеттегідей мейрамханада жалғасты. Қазақтың кез келген тойында «тойдан сарқыт» берілетін шығар. Ақын шаңырағы да алыс-жақыннан келген меймандарға «қуыс үйден құр шықпаңдар» деген ниетпен арнайы сыйлық дайындаған екен. Оны той иелері «орамал тон болмайды» деп, әдемі тілектерін арнап қонақтарына таратып жатты. «Тойдан сарқыт» деген жазуы бар шағын сөмкеге Рақаттың анасы өз қолымен құрап тіккен құрақ көрпешелерін көргенде, өзгені қайдам, өз басым керемет толқыдым. Біріншіден, жасы 80-ге таяған аяулы ана, ұлағатты әженің мұны ырымдап беріп отырғанын түсіндім. Ақынның анасы – өмірге тоғыз баланы әкеп, барлығына жақсы тәрбие беріп, бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған әже. Екіншіден, мұнда дәстүр сабақтастығы жатыр. Ақын анасы өзінің осы бір ұлағатты өнегесі арқылы қазақтың ұлттық қолөнерінің өміршеңдігін көрсетті. Үшіншіден, «кейін ақынның анасы өз қолымен дайындап еді деп айтып жүресіңдер, ескерткіш болсын» деп айтқанымен «менің жасыма келіңдер, балаларың әрдайым осылай сендерді қуантып жүрсін» деген көпті көрген ананың әдемі тілегі, ықылас-пейілі жатты мұнда... Тәлім-тәрбие айтумен емес, көрсетумен бойға сіңетінін, жастарға даритынын қарапайым ана осылай көрсетті...