Ақымақтың ойлары

     «Мен алғаш шылымның дәмін татқанда ішіме тарта алмай біраз жөтелдім. Қасымдағылар осылай-осылай үйреніп кететінімді айтқанда іштей қуандым. Шылымды бәрі шегеді емес пе, қанша зиян екенін білсем де, мен осы арқылы жаңа қызықтар табам-ау.

     Оны қойшы шылым шегіп тұрған адамдар өзінше жақын, бауырмал адамдар емес пе?! Шылым тартатын орынның қасынан өтіп бара жатқанда әдемі қыздар мен абыройлы жігіттер бір-біріне күлімдеп, терең ойлап тұрғаннын айтсай шіркін. Мен шылым тартар болсам солардың қатарында болам ғой. Мүмкін арасындағы сұлулардың бірі менен оттық сұрап келер, мен ол мүмкіндікті пайдаланып ол қызбен танысып, сұлу қызды ауыздықтармын. Ал мына шылым тартып тұрған жігіттерді айтсай. Олар менің достарым болса, менің артымдағы асқар таулар болар еді. Осындай үлкен-үлкен ұлдар менің жақын достарымнан бауырларыма айналса, олармен талай экстримді бастан кешер едім. Кез-келген клубқа ешкімнен тайсалмай кіріп, қалағанымды істеп, қалағанымша ішіп, клуб күзетшілеріне ақыл айтар едім. Қызым, сүйгенім деп жүргендердің мұрындарын бұзып, қыздарын тартып алар ма едім. Бірақ бұл балалар қазір қасында тұрған сұлуларды менсінбей тұрғанға ұқсайды. Бұл қыздар бұл жігіттерге ұнамайтын шығар. Алайда мен бұл қаздардан да бас тартпас едім. Болмаса бұл жігіттер бұл қыздардың талай қызығын көрген болар, сондықтан қазір олар қызық емес шығар. Бірақ қазір мұндай ойларды ойлаудың маңызы жоқ. Бір, екі күнде мен осылар бірге түтінді будақтататын боламын. Сонда осы қалағандарым біртіндеп орындалып, ал сұрақтар өз жауаптарын табар.

     Оны қойшы шылым шегіп тұрған адамның өзі бір сұлу дүние емес пе?! Есімде балалық шағымда әкем ашуланғанда бүкіл отбасымыз қорқып, көздеріміз қызарып, жылауға айналып тұрар едік. Алайда әкем ызасын бізге көрсеткенін ұялып, шылымын алып сыртқа шығып кететтін. Сонда әкем шылымын терең ішіне тартып, үлкен ойларға шомылғандай қалыпқа енетін. Шегіп болысымен әкеміз ең сабырлы адамға айналатын. Осылай әкем үшін ашу мен күйзелістің дәрісі шылым еді. Міне қазір мен сол дәріні қолданып, үйрену үстіндемін. Мүмкін болашақта әкеміз екеуміз бірге бір қорап темекіні тауысармыз. Жолым болып кетсе, әкеміз екеумізге ортақ бір дүние пайда болып, ол маған сырларын айтар. Сонымен қоса, шылым тартар болсам әкемнің иісіндей иіс менде де болатын болады. Сонда болашақта мен кезінде әкемді исінен таныған сияқты, менің балам мені иісімнен танитын болады.

     Оны қойшы шылымды ішімдік ішіп отырып шексең бір өзгеше рахатқа бөлейді емес пе?! Мен бұл істі байқап көрмеппін, өйткені «ал, тартып көр» дегенде, мен тек ішімдік ішем деп құтылатынмын. Ол кездерде шылымды адам өлтіретін нағыз у деп ойлайтынмын. Мен сол кезде қалай қателескем десей. Міне сол кездерде нағыз ақымақ болғам-ау мен. «Бұл рахатты бүкіл адамға байқап көру қажет» деп балалар жиі айтады ғой. Оны мен осы жұмада түсініп, байқап көретін боламын.

     Оны қойшы шылым шегетіндер бір-бірімен бір керемет араласады емес пе?! Елестетіп көріңізші екі немесе одан көп шылым шекпейтін адамдардың күнделікті бір жерге жиналып әңгіме дүкен құрғанын. Елестету қиын ә. Сендерді қайдан, мен ондай тобырды көрсем қылмыскерлерді көргендей болам. Ал шылым шегетіндер болып жиналсаң темекіні бұрқыратып, ешкімнен сеспей, еркін бәріміз әңгіме дүкен құрасың. Ал жиналатын жеріміз арнайы темекі тартатын орын. Алдында намаз оқымаққа бекінгем. Ондағы мақсат намаз оқитындар болып күнде жиналып, олармен әңгіме дүкен құру еді. Алайда ол ойымнан бірінші күні-ақ айныдым. Ол діндарлармен тек жақсы заттар айту керек екен, ашылып та сөйлесе алмайсың. Шылым шегетіндер күнделікті таңертеңгі шылымын таң намазындай қаза етпейді емес пе?!. Ал мешіттері сол арнайы шылым шегетін орындар емес пе?! Бұл шылым да дін іспеттес мені тәубаға келтіреді емес пе?! Әр ашу-ызаға оранғанымда мені шылым сабырға шақырар. Бірге шылым тартатын достарым менің сырластарым болар. Әттең осы ойлар маған неге ерте келмеген. Шылымның өзі бір дін екен ғой. Енді менің дінім осы шылым, ал құдайым темекі түтіні болады.»

     Міне осындай ойлар алғаш мен шылымды ауызға алған кезде пайда болған. Әрине ол кезде ойым таяз болған шығар. Алайда ол уақытта менің осы ойларымды өзгертетін сөздердің құдіреті болмаған еді. Әрине, қазір бұл сөздермен мүлдем келіспеймін деп айта алмаймын. Бұл ойлардың кейбіреулері жиілкеніш тудырса, кейбіреулері әлі күнге жүрекке жақын.

     Кейін жазылды (немесе p.s). Менің бақытыма орай, шылымды екі күн шеккеннен соң ауырып, басым айналғандықтан шылымды тастауға тура келді. Сол кезден бері шылым шегуге зауқым жоқ.

     Кейін жазылды (немесе p.s). Пікір білдіріңіздер. Алғашқы блог болғандықтан қателерді көрсетіп, ұсыныс білдіргендеріңізді сұраймын. 



Бөлісу: