"Ақылды" бейсболка
блог
Жыл сайын автокөлік апатынан 1 млн-нан астам адам көз жұмады. Кейде темір тұлпардың ақауы адам өліміне себеп болып жатса, кей жағдайда жаяу жүргіншілердің не болмаса жүргізушілердің жүгенсіздігінен қайғылы оқиғалардың куәгері болып жатамыз. Жүк тасымалдаушы жұмысшылардың қорқынышы, әрі жол-көлік апаттарына бірден бір себеп- жүргізушілердің жолда ұйықтап кетуі. Көлік тізгінін ұстап келе жатып, ұйықтап кеткеннің салдарынан туған апаттар Германияда жалпы көліп апатының 25%-н құраса, Швецияда 35%, Испанияда 45%-ды құрайды. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Бірақ айтпағым бұл емес. Америкалық автокөлік шығарушы "Ford" компаниясы бұл мәселенің шешімін тапты.
2017 жылдың күзінде жарыққа шыққан «Safe Cap» күнқағар қалпағы (бейсболкасы) үнемі ұзақ жолда жүретін ауыр жүк көлік иелерінің жұмысын жеңілдетіп, қауіпті сейілтті. Ерекшелігі неде дейсіз ғой? Жолда қалғып кеткен иесін «ақылды» қалпақ үш түрлі жолмен «оятып алады». Сыртынан қарасаңыз, екінің бірі киіп жүрген спорттық бейсболка. Ішінде датчиктері бар бейсболка адамның басының қимылдауына қарай ұйқысы келгенінен хабар алады. Ауыр жолда қалғып бара жатқан жүргізушіні дыбыстық, жарық беру және вибрациялық сигналдармен қауіптен құтқарып қалады.
Инновациялық бас киім түрі 8 ай көлемінде 5000-нан астам жүк көліктерінің жүргізушілерінің алдында «тәжірбиеден өткен». Ойдағыдай нәтиже берген бейсболканы алыс сапарға шыққан жеңіл көліктің иелеріне де қолдануға болады.