Сәулет ұйқысынан бұрынғыдай емес, күндегіден өзгеше көңіл-күймен оянды. Ояна сала ыңылдап әндетіп, сыртқа қарай бет алды. Ата-әжесі балдан да тәтті немерелерін көріп, айналып-толғанып алады. Атасы малдың қамымен қораның айналасын күйттеп жүрсе, әжесі қазанның жанында бауырсақ пісіріп әуре болуда. Анасы да бар өнерін салып неше түрлі тағам дайындап жүр. Өзінен кейінгі үш жасар інісі болса, топырақтың киелілігін білді ме, ары аунап, бері аунап мәз болып ойынның қызығына беріле кіріскен. Ол үшін тапсырылған қызмет сол дерсің...
Бүгінгі күн мейрам іспеттес. Ол әрине, Сәулеттің туған күні болса, неге мерекемен теңдеспеске?! Ата-әжесінің сүйікті де кенже баласы. Қазақта керемет дәстүр бар емес пе, «тұңғыш бала – кемпір-шалдың баласы» деп аталатын. Бұл да сол салттың бір көрінісі.
Атаулы күнге барлығы да қызу дайындық үстінде. Тек туған күн иесін ешбір іске араластырмады. Бәрі де ол үшін қызмет етпек. Осы күнгі ауа райы да бұны қостап тұрғандай жайма шуақ күйге енген. Бәрін бір-бірімен жымдасып алған дерсіз. Шат-шадыман көңілдер жарасын тапқан.
Осынау бір сәтте бәрінің көзі аула сыртына тоқтаған машинаға түсті. Ол – осы қуанышты бөліспекке келген Нұрғабыл ақсақалдың үлкен ұлы Саматтың отбасы еді. Көліктен түсе сала үлкендерден шапшаң қозғалатын кішкентайлар алдыға озып, ата-әжелерінің қойынына кіріп-ақ кетті. Сәлима әжей болса:
- Ай, айналайын, құлындарым,- деп кезек-кезек маңдайларынан сүйіп, иіскеп, - өй, өзі сендер өсіп кеткенсіңдер ме, әлде менің қартайып бара жатқаным ба? – деп еді, Нұрғабыл атай да:
- Әй, кемпір-ау, біз қартаймағанда енді...-деп, екеуі рахаттанып күліп алды.
Осыдан кейін қонақтардың легі келіп, дастарханнан орын алды. Үлкендер жағы жәйбарақат әңгімелерін айтып, келіндер өз әдебін сақтап қызметтерін мүлтіксіз орындап жүр. Ал, балалар өздеріне арналған «бала шәйдің» болатынын білгендіктен, еш алаңсыз ойынның әуресімен асыр салуда. Тіпті,ойының қызығына малынғандары соншалық, туған күннің иесіне үлкендер тілек-баталарын айтпаққа әрең шақырып, орталарына алады. Қазақы тәрбиенің жемісі де осында.
Ортаға ас әкелініп, кезекті бір ауылдың ақсақалы батасын беріп отырған сәті еді. Кенет, сырт жақтан ащы дауыс естіледі. Қонақтар да үй иесі де не екендігін түсінбей абдырап, бір-біріне жалтақтап қарайлады. Бәрі де сұраулы көзбен далаға шықты.
Нұрғабыл ақсақал ауылдың ақыл-кеңеске жүгінетін көрегенді шалдарының бірі. Ауыл жұрты «төрт түліктің атасы» деп атайды. Малдың жай-жапсарын бес саусағындай біледі. Ал, жаңағы ащы дауыс, ақсақалдың өзі де осы бір екі-үш күндікте тууы керек деп топшылап жүрген інгендікі болып шықты. Қиналып жатқан түйеге тілекші болып үлкендер жағы білетін көмектерін аянбай жасап жүр. Ел болып қуаныш үстіне қуанышқа кенелді. Осындай атаулы күнде аппақ бота да жарық дүниенің есігін ашты. Бірақ, қуаныш пен қайғының қатар жүретіндігі тағы бар да емес пе?! Інген ботасын туғаннан кейін, ауырып орнынан қозғалмай жатып қалды. Нұрғабыл атай оның ары қарай тіршілік етпейтінін біліп, арам өлмесін деп, бауыздады да, азық қылды. Олай етпеске амал да жоқ еді. Өмірге келе салысымен тағдырдың қатал сынына ұшыраған бота жетім қалды. Бұл жағдай бәрінің де жанына батудай-ақ батты. Нұрғабыл ақсақал Сәулетті ортаға алып:
- Құлыным, бүгін сенімен бірге тағы бір тіршілік дүниеге келді. Бұл ботаны саған туған күніңе сыйлығым ретінде атаймын. Жетім ботаны баптап, өсіруді өзіңе тапсырдым, балам. Қазақта «ақ» түс бақыт, қуаныш әкеледі деген ырым бар. Алла Тағалам осы күнге арнайы аппақ ботаны бізге сый қылып жіберген екен. Барша ауыл жұртына, отбасымызға тек бақыт пен қуаныш әкелсін, - деп, тілегін айтып, немересінің маңдайынан сүйді. Барлығының бірдей байыбына қоймаса да, бала көңіл түсінгендей сыңай танытып басын изеп қояды.
- «Қонақ келсе құт» деген, мынау бір қызық болды ғой. Нөке, сөзіңнің жаны бар. Айтқаның келсін! Әумин! Әумин! - десіп жатты ауыл үлкендері... осыдан кейін той ары қарай жалғасын тапты. Шаштары мен сақалдарын ақ басса да, замандастар бір-бірін кекетіп әзілдері жарасып, қолдарына домбыраны алып, өнерлерін жарыстырғандай, кезекпен кезек ән-күйлерді төгілтіп жатты. Жастар жағы карт ойынына кірісті...
Ойынмен естері кетіп жүрген балалардың ендігі істері жаңа туған ботаны қызықтау болды. Екінші жағынан аянышты көзқараспен ілтипат білдіріп жүр. «Қандай әдемі,иә» деп, бір-бірінен сұрап, тамашалап қояды.
- Сәулет, сен бұл ботаны қалай атайсың?-деді, Қанат.
- Иә, сен оған есім ойластырдың ба? – деп, Іңкәрда қостай кетті.
Мұны ойлап та тұрмаған Сәулет, бұл сұраққа тосылып, «енді...енді» деп сұқ саусағымен маңдайын қасып, ойланып қалды.
- Білмедім, енді... Ойламаппын да. Қалай қойсам болады, айтыңдаршы,қалай ойлайсыңдар? – деп, бауырларынан ақыл сұрады.
Бәрі де түрлі - түрлі өздеріне ұнайтын есімдерді тізіп жатты. «Марат, Дана, Гүлім, Арай, Жандос, Абзал...» тағы осындай адам есімдерінің шоғыры тізбектеле берді. Араларындағы ең жуасы Сәнім :
- Жәй ғана «Ботақан» деп қояйық, - деп ұсынысын білдіріп қалып еді, орталарындағы үлкендеуі болып келетін Жарас:
- Ол ертең үлкен түйе болып өссе де «Ботақан» деп жүреміз ба не?– деп, өзі де , оған қосыла қасындағылары да күлді. Осылай ботаға ат қою жағдайымен айналысып біраз айтысып-тартысып, шешімге келе алмады. Сәулет ұзақ ойланып тұрды да:
- Осы ай наурыз ғой, иә? Мен онда ботамды жәй ғана «Наурыз» деп атаймын,-деп, өз жауабына өзі мәз болып тұрды. Айналасындағы басқа балалар да бұны қостады. Өздерінше бір мемлекеттік іс тындырғандай шалқайып, бір-бірлеріне қарап жымың-жымың етіп қояды...
Кеш қарайды. Қонақтар рахметтерін айтып, үйді-үйлеріне тарқасты. Өздері оңаша қалғасын дастархан басына жиналды. Осы той барысындағы көп нәрсе өз араларында талқыланып, ырду-дырду әңгімемен өрбіді. Ақсақал бір күрсініп алып:
- Туған күн біз ойлағаннан да жақсы өтті. Алыс-жақын туыстарға рахмет, келіп көңілімді бір марқайтып кетті. Қуаныш үстіне қуаныш жамадық. Тек түйемнің бұлайша өліп, ботаның жетім қалғаны жаныма батып отыр. Арты жақсы болғай! – деді де, айналасын бір шолып өтіп: -әй, кемпір, қаладағы балаларға жаңағы еттен салдың ба? – деп, әке көңілі балаларының жәйін ойлады.
- Иә, әрине, бәріне де жіліктен бөліп салдым. Ешкімнің бізге артар өкпе-реніштері болмас, - деп, шәйін ішіп отырды да, - менің құлыным қайда өзі, көрінбейді ғой, - деп, шәй құйып отырған келініне қарады.
- Қатты шаршаған сияқты, апа, жаңа теледидар көріп отырып ұйықтап қалыпты. Төсегіне жайғастырып салғам. Оятпадым.
- Әәәй, иә, ойын баласы шаршайды ғой. Қайтесің енді, ең көп қызмет соныкі болдығо, - деп, күліп қояды.
Үй іші жаратқанына осы күнге шүкірлік айтып, ертеңгі күнінен рахым тілеп ұйқыға жатты...
Ауыл таңы. Табиғаттың салып қойған әдемі көрінісі істепетті. Әрі адамға ерекше әсер береді. Таң самалы ұйқыңды шәйдай ашып, бір сәтте-ақ қуып шығады. Ауасының тазалығы шығар, күн ұзағына бойыңды сергектік билейді. Құстардың шырылдаған дауыстарын зер залып тыңдасаңыз, бейне бір әсем әуен естіп отырғандай боларсыз. Оларға тіпті әлемнің ең керемет «мен» деген әншілері де жетпейтіндей көрінеді. Жан-жақтан өріске жол тартқан малдың дауыстары да шығып жатады. Бәрі бірге қосылғанда «Ауыл таңының» композициясы құрылады.
Көзін қысып, сығырайып күн шыққан сәтте атасы мен немересі де сиырлары мен жандықтарын айдап өріске шығады. Ақсақал Сәулетке бар білгендерін үйретіп, оны иісі сіңген нағыз ауыл баласы етіп тәрбиелеуде. Бірақ оны кішкентай көріп түйенің маңына жолатпайтын. Бір жерін майып қылып аламын ба деп қорқатын. Енді бұл кәсіпке де үйретуге тура келеді.
Ақсақал қалың ой құрсауына сіңіп кеткен. Жаңа туылған ботаны қалай асырап, баптаудың жөн-жосығын немересіне меңгертуді ойлап келеді. Сәулет бұл тыныштықты бұзып, ойын бөліп жіберді.
- Ата, мен ботамның атын қалай қойғанымды білесіз бе? – деді.
- Жоқ, құлыным, білмейді екенмін. Қалай атайтын болдың?
- Наурыз. Наурыз деп қойдым ата. Сізге қалай? Ұнайды ма?
- Жақсы ойластырыпсың. Енді сол ботаны өзің қарайсың. Мен саған үйрететін боламын.
- Жарайды,келістік, - деп, жанына қарай жайылып, басқа жаққа бағыт алған қойларды қуалап кетті.
Қайтар жолда атасы немересінің сөздеріне күліп келеді. Кешегі ойын барысындағы қызықтарды өтірік-шынын араластырып сөз етіп келе жатты. Немересінің тәтті қылықтарын жақсы көретін ақсақал оған түрлі сұрақтар қойып, сөйлетіп келеді. Әжім басқан жүзіне нұр құйылғандай. Осылай үйге де жетіп қалыпты.
- Шал-ау, нұрланып келесің ғой. Балаңның ерке қылықтары жасартып келеді ме, қалай өзі?
- Ой, кемпір, несін сұрайсың? Осы балам болмаған да қайтер едім.
Немеренің балдан да тәтті болатыны рас екен. Айтып келе жатқан әңгімесін естісең ғой. Бір жасап қаласың. Осылай деді де, екеуі де Сәулетке қарап сүйсініп, иіскелеп алды да, дастархан басына жайғасты.
- Айтуға ұмытып бара жатыр екенмін, - деп ақсақал кемпіріне қарады да, - біздің тағы бір Наурыз деген баламыз бар, - деді, жымиып.
- Иә, әже, ботамның атын Наурыз деп қойдым, -деді Сәулет, аузына нанын шайнаң еткізіп отырып.
Әжесі мен анасы да Сәулеттің сөйлегеніне қарап жымиып қояды.
Ауылдың қарбалас тіршілігі осылайша басталып та кетті. Атай немересін қасына ертіп қора ішін тазалап, ботаға сүт беріп жүр. Наурыздың мойнына қызыл түсті жіп байлап қойды. Мұны көріп тұрған Сәулет түсінбей аң-таң болып:
- Ата, мұны неге байлап қойдыңыз, - деп сұрады.
- Ақ түсті түйе жануары сирек кездесетіндіктен, көз тимесін деп байладым. Жалпы да есіңде болсын, құлыным, тіл-көзден сақтандыру үшін не нәрсеге болмасын қызыл түсті жіп байлайды, немесе қызыл түспен бояп қояды, - деп, ақылын айтты.
- Мұқият тыңда, балам. Бұл тіленшек бота деп аталады. Сүтпен асыраған боталар адамға жақын келеді. Сондықтан солай атаймыз. Содан кейін оларды күніне екі мезгіл суаратын боласың. Қыс уақытында бір мезгіл суарғанның өзі жеткілікті. Су ішкізу үшін ботаңды «сорап-сорап» деп шақырасың. Ал сүтін беру үшін «көс-көс» дейсің, бір нәрседен қорқып, үркіп кететін болса оны тоқтату үшін де, бұйдасынан қағып, тізесін бүктіріп шегеруге де айтылатыны «шөк-шөк». Енді орнынан «ат-шу» деп тұрғызасын. Сосын «шөк былай» деп қайырасың. Есіңде болсын, осыларды ұмытпа, жарай ма? Өзіңе оңай болады. Кейін тағы да түрлі қызықтар айтып беремін, үйренетін нәрсең көп әлі, - деп, атасы шаруасын жасап жүріп бәріне үйретіп жүрді. Ұмытып қалғандарын Сәулет атасынан сұрап алатын. Әу дегеннен бәрін бірден үйреніп кете қоймайтыны анық қой. Бірте-бірте бұл жұмысқа да машықтанып алды.
Сәулет ботасын сипалап, жанынан шықпайды. Қолымен шөп беріп, суын құяды. Сәл боздаса сүтін алып жетіп барады. Бұл шаруаны осылай күндегі әдетіне айналдырып алды. Достарына айтып мақтанып та қояды. Ол шаруақор бала. Үлкенді сыйлау әдебін жақсы біледі. Ата-әжесінің берген тәрбиесін үнемі орынды жұмсап отырады. Оның ең сүйікті ісі – сурет салу. Өскенде суретші болуды армандайды. Салатын суреттері де өзгеше. Өз қатарындағы балалар сияқты емес. Ата-әжесінің, әкесі мен анасының, бауырының суретін келістіре салады. Атасымен өріске мал айдап шыққан кездерінде әдемі бейнелейді. Ал, қазір мектептен, үй шаруасынан қолы босай қалса, Наурызының суреттерін салуды әдетке айналдырды. Су ішіп , шөп жегені болсын, жәй ғана жатырғаны немесе тұрғаны болсын, әйтеуір көз алдында қандай қырынан көрінеді соны қағаз бетіне түсіреді. Есіл дерті сол.
Күн жылынғалы ботасын бұйдасынан жетектеп өзенге апарады. Аспандағы бұлттар су бетінде бейнеленетін. Сол жерде онымен бірге ойнайды, жерге шөгіп жатып алғанда ұзын-ұзын қайырылған кірпіктерін тамашалап та отыратын. Достарын бірге ертіп келіп те жүретін. Бәрі оған қызыға да қызғана да қарайтын. Ботасы да еркелеп бұларға қосылып тайраңдап ойнақ салып, шапқылайды. Топыраққа аунайтын да, бар шаңын сілкініп түсіретін.
Өзінің осы кәсібінен көп нәрсені білетіндігін білдірмек болып достарына:
- Сендерге қызық айтайын ба? Бұның денесіндегі жүнін «ит жүн» деп атайды екен. Атам солай деп айтты, - деп мақтанып қалды.
- Ит жүн? Неге олай айтады?- деп, достары таңданып тұр.
- Боталардың денесіне жаңадан шығатын жүндер иттікіндей үлпілдек әрі жұмсақ болады екен, сондықтан солай атайтын көрінеді,- деді.
Нұрғабыл ақсақал Сәулетке көп жәйтті айтып, өзінің білетіндерін немересінің бойына сіңіртуге тырысты. Үш жасқа келгесін түйе болатынын, Осы ботасының өскесін, жасынан өзі бағып, меншігіндегі атаулы төлі болғандықтан, «байырғы түйе» деп аталатынын да құлақ қағыс етті.
Ол Наурызын тастап ешқайда кетпейтін. Демалыс күндерін де ауылда өткізетін. Бір жерге қыдырып кете қалған күннің өзінде, ботасын сағынып, қайтып келген бойында Наурызына барып, құшақтап «сен де мені сағындың ба?» деп, тілдесетін. Ол да бір нәрсе ұққандай «бөөө» деп боздайтын. Бұнысына үйдің үлкендері күліп, қызық көріп жүретін.
Осылай төрт жылда зу етіп өте шықты. Наурызымыз енді бота емес түйе болды. Әдемі ақ түйе. Өзі жардай, тарақ құйрықты болып шыға келді.
Сәулет 9-сыныпты оқитын үлкен жігіт болды. Бірақ Наурызының қасынан еш шықпайды. Мектептен үнемі үйге асығып тұрады. Ондағысы қазірде үлкен болған «ботасын» көру. Әлі күнге дейін оның суретін салады. Бұрыннан салынған суреттері жинақтаулы тұр. Кейде «мынау сенің кішкентай кезіңдегі суретің ғой. Танып тұрсың ба?» деп Наурызына көрсетіп тұрады.
Сөйтіп жүріп, мектепті де бітірді. Қаланың белгілі бір оқу орындарының студенті атанды. Басында үйренісіп кету қиынға соқты. Ауылын, ата-әжесі мен ата-анасын, бауырын сағынатын. «Ботасы» Наурызын сағынатын. Үйіндегілермен хабарласқан уақытында сол туралы сұрайтын. Наурызы да сағынғаннан Сәулетті іздеп, боздайтын. Бұрынғыдай емес, жиірек боздайтынды шығарды. Үй іші де бұны түсініп, жаны ашып жүрді. Ақсақал да немересін сағынғанда Наурызбен сөйлесетін. «Сенде иеңді сағындың ба түйекеш? Түсінем сені, менде оны сағынып жүрмін. Қасымызда жоқтығына үйрену қиын екен. Аман-есен оқуын тәмамдап келсе болғаны енді... қайтеміз...» деп, түйесіне мұңын шағады. Тіпті, екеуі бірін-бірі түсінеді дерсіз.
Сәулет әр демалысты асыға күтетін. Ауылына, туған жеріне асығатын. Ол келетін күні үйде шағын мейрам болатын. Бәрінің жүзіне нұр ұялайтын. Ол қалаға кеткелі аздап болса да өзгерген. Жүдеп, мінезі салмақты бола бастапты. Адам қартайған шағында көңілшек болады деген рас екен. Әжесі бұны көріп жылап қоя беретін. «Сен қалада тамақ ішпейтін болып тұрсың ғой, мына түрің не, жүдеп кеткенсің?!», - деп, әжесі назын білдіреді. Сәулет болса, ата-әжесін олай емес деп көңілдерін жұбатып, еркелеп, жандарынан шықпайтын. Наурызына барып, қала өмірі мен ондағы қызықтарды айтып бөлісетін. Ол да сағынғанын білдіріп, бетін жалап-жалап қоятын.
Осылай демалыс күндерін ауылында өткізетін.
Ауылда адам естісе түршігерлік оқиғалар орын ала бастады. Көлік апаты мен адам өлімі жиіледі. Өз-өзіне қол салушылар қатары күн санап өсіп бара жатты. Арасына күн салып, тіпті бір күнде екі бірдей жағдай қайталанатын да болды. Ауыл дүрлігіп, мұны не деуге болатынын білмей, не істерге ойланды. Сол өзіне қол жұмсағандардың тірі қалғандарынан сұрағанда айтатындары сол - «бір ақ киімді кісі келіп, мойынымызға жіп салды, одан кейінгісі есімізде жоқ» деп жауап қайырады. Ауыл үлкендері мешіттің имамына барып ақыл сұрап, бір тоқтамға келеді. Олар қазақтың бұрыннан келе жатқан ырымына сүйенеді. Барлық үлкендер Нұрғабыл атаның үйіне жиналып, сол туралы ақылдасады. Бұл шешімге келудің өзі қиынның қиыны еді.
Сәулет кезекті бір демалысында ауылға келеді. Үлкен дастархан жайылып, атасы осы болған оқиғалар жайында сөз қозғайды. Кеше ғана тағы бір баланың өлімі туралы айтады. Ол Сәулеттің сыныптасы еді. Бұл хабарға сенер-сенбесін білмей, үнсіз қалды. Атасы да немересімен тағы бір жәйді ақылдаспаққа сөзді ары орағытып, бері орағытып, қипалақтап, бір кезде:
- Балам, сен енді үлкен жігітсің. Ашық сөйлесетін бір мәселе болып тұр. Бұл жағдайларға қатысты ауыл имамына барғанбыз. Ол кісінің айтуынша ауыл тұрғындары болып құрбандық шалуымыз керек екен. Жандық та басқасы да емес, ақ түйені құрбан етуіміз қажет. Сондықтан біз ...
- Ата, мен бәрінде түсіндім. Сіздердің менің Наурызымды құрбан етпек ойларыңыз бар ғой, иә? Бірақ мен олай ете алмаймын. Оны бала кезімнен бағып өсірдім. Қалайша мен оны ... деп жылап жіберді.
- Құлыншағым-ау, бәрінде түсінемін. Бірақ сенде бізді түсінуге тырыссаңшы, балам. Ауылдың күйі кетіп бара жатыр. Ол адамдарың қатарына , тфә-тфә Құдай сақтасын, бірақ сенің бауырыңда қосылуы мүмкін ғой. Мен сенің келуіңді күтіп жүргем. Осылай айту маған да оңай болып отырған жоқ, - деп, баласын құшақтап алды да, - келісіміңді бер балам. Бұл жануар сирек кездесетін болғандықтан, бізге табу қиын болып тұр. Бәрінің үміті бізде. Ал біздің үмітіміз сенде, қарағым, ойланып көрші, - деді. Сәулет Наурызының жанына барып құшақтап жылап алды.
- Мен сені қалай қиямын, айтшы. Өз қолыммен өсіріп, өз қолыммен өлтірмекпін бе, сонда? Неге бұлай, қалайша мен...? деп өксігін тия алмай отыр. Бір жағынан атасының айтқан сөздері ойынан кететін емес. Өзінің бауырын, достарын ойлап та отыр. Өзін екі оттың ортасында қалғандай сезінді.
Таңды Наурыздың қасында отырумен атырды. Қалай ойласа да шешімге келу оңай болмады. Үй іші де Сәулеттің көңілін қалай табарға білмей әлек болып жүр. Тамақ ішкісі жоқ. Ешкіммен сөйлескісі де келмейді. Қораға келді де:
- Наурызым, кешірші мені. Менің енді бұлай етпеске амалым жоқ. Қайтем енді? Сен неге ақ түсті болып туылдың екен? – деп, тағы да кешірім сұрап, мұңын айтып отырды. Көкірегінде «Неге? Неге?» деген сұрақтар тұрды.
Үйге басы салбырап, жәй басып кірді де, атасымен сөйлеспек болып қасына барды. Біраз үндемей отырды да:
- Ата, мен... мен... Наурызымды құрбандыққа қидым, - деді де, жүгіріп өз бөлмесіне кетіп қалды. Нұрғали ақсақалдың да көңілінде қаяу бар. Бірақ, амалсыздан осылай жасауға мәжбүр. Мүмкін басқа ақ түйе табылып қалар деп үміттенген еді. Ондай жаңалық жете қоймады.
Ауыл тұрғындары ақсақалдың үйінің маңына жиналды. Бәрі де жаңалықтан хабардар екен. Имам да келіпті. Үлкендер Сәулетке ризашылығын білдіріп, баталарын беріп жатты. Ырым бойынша ауыл адамдары осы ақ түйеге мініп ауылды кезек пен кезек жеті рет айналып өтуі керек екен. Бірінші болып түйенің иесінен, яғни Сәулеттен бастап беру сұралды. Тәрбиесінен үлкеннің сөзін жерге тастамай орындауды бойына сіңірген ол, амалсыз болса да, солай жасады. Бір жағынан қимастық сезімнің жетегімен соңғы рет қоштасып қалғысы да келді. Одан кейін бірінен соң бірі осылай ауылды айналып шықты.
- Армысыздар, ағайын! Ауылымыздың басына түскен бұл жағдай бәріміздің де жүрегімізге батқаны рас. Мұны басынан өткерген ағайын-туыстардың қайғысына ортақпын. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл боларын бәріміз де білеміз. Сондықтан да осы жерге жиналдық. Ауылдың жағдайына бей-жай қарамай, осындай ұсыныс тастап келген ақсақалдарға рахмет. Қазақта «аққа Құдай жақ» демей ме. Бұрыннан келе жатқан салтымыз бойынша бүгін елдің қамы үшін құрбандыққа ақ түйені шалмақпыз. Ақ түйе жүрген жерге жын-сайтан жоламайды, одан тіпті теріс әрекеттер де аулақ болады деген сөз бар. Сондықтан Алла Тағалам жар болсын, бұл жамандық атаулының бәрі де әрімен кетсін, -деп, ауыл имамы сөйледі де, «Биссімиллә» деп дұғасы оқылып, Сәулеттің Наурызы ауылдың тағдыры мен бақыты үшін құрбандыққа шалынды.
Сәулеттің бұны көруге дәті шыдамай, үйге кіріп кетті де, даусын естімес үшін құлағын көпшікпен қатты қысып отырды. Жыламайын десе де, қимастық сезімі шыдатар емес. Қанша дегенмен бес жылға уақыт бірге дос болып келген Наурызы бүгін көз алдында құрбан болды.
Осыдан кейін ауыл іші де тынышталды. Ай, қазақтың ырымдары-ай. Қалай тауып айтылған деген де ой келеді. Бұл оқиға ауыл есінде үнемі сақтаулы. Сәулеттің есімін мақтанышпен айтады ел. Бұдан кейін Нұрғабыл атамыздың немересі ауылға бұрынғыдай көп келе бермейтін болды. Оған үй іші де түсіністікпен қарады. Наурызын сағынса, өзінің салған суреттерін қарайды да отырады. Оларды лақтырмайды, қайда барса да жанында ұстап жүреді.
Адамның шын ықыласпен жасаған еңбегі еш кетпейді. Міне, Сәулеттің де еңбегі далада қалмады, бекершілік болмады, ол өзі ғана емес, ауыл жұрты болып жемісін көрді. Ақ түйенің қасиеті адамдарды бақыт пен қуанышқа бөледі. Тойлары тойға ұласып, ауыл ажары қайта кірді. Ел қайғысы азайып, қуанышы көбейді. Енді бұндай жәйтті басқа салмасын. Әмәнда, бәрі де жақсы болғай!