Арман атты тұлпарымызды жетектеген біз, міне, сонау бастамадан бері ұзақ жолды артқа тастап мәреге де келіп қалдық. Осы жерден артқа қарайлаған адам нендей кедергіден өтіп, нендей істі тындырғанын көріп, өз-өзіне риза болары анық. Байқау басында топ-топ болып бөлінген, бір-бірін мүлдем танымайтын жас өрендер қазір айнымас достарға айналған-ды. Жетекшілері аға-әпкелеріндей болған көп дарын бар кедергілерді ысырып тастап, соңғы нүктеге жетіп те үлгерді.
Байқау маған тек шығармашылық шабыт, қуат қана сыйлап қойған жоқ, жақын достар тапты. Аз уақыт ішінде маған бар білгенін үйретіп, ақыл кеңесін аямаған анамдай адаммен жолықтырды. Әр апта сайын өз тобым, "Кемеңгерлік" қыздардың блогтарын оқып күш алдым, өрісімді кеңейттім. Түндерді таңға жалғап айтатын әңгімелеріміз бір-бірімізге жақындата түсті. Сонымен қатар, өзге топ қатысушыларының жұмыстары маған үлкен тәжірибе болды. Әр адамның өзіндік арманы, мақсаты, өзіндік дарыны мен мәнері болатындығына көзім жеткендей болды.
"Арман - адамға қанат" демекші әр адамның жүрегінде ізгі армандары бар екені анық. Арман - адаммен бірге өседі, өркендейді. Барлық байқау қатысушыларына талмас қанат, қажымас қайрат тілеймін. Осы келген мәрелеріміз ақтық мәре емес екеніне сенемін. Армандарымыз алысқа жетелеп, биік-биік асулардан асып, белестерді бағындыра берейік!!!