Әктің иісі...
блог
Бүгін күн жексенбі. Сезім әдеттегідей, жоспарлап қойған шаруаларын жылдам-жылдам бітіріп, ауланың бір бұрышына жинап қойған қағаз-қораптар мен қоқыстарды жинап алып моншаға қарай бет алды. Әппақ қылып әктелген отжағарда пештің күлін алып, от жағуға кірісті. Сықырлап жанып жатқан отынның үстіне көмірді сала отырып, «мына жерді бір әктеп шығу керек екен» деп қойды. Сөйтті де жанған оттың дауысына, бетін шарпыған ыстықтың лебіне сүйсініп көзін жұмды. Бұл жер Сезімнің жан дүниесі жайланып, бір апта бойғы іс-әрекеттерін ой елегінен өткізіп, өткен өміріне саяхат жасайтын орыны. Қазіргі тілмен айтқанда медитация жасайтын жері. Осы моншаны салып бітіп, ішкі жұмыстарын аяқтауға аз қалғанда, күн суытып әрі көрші елден келіп істеп жатқан жұмыскерлердің уақыттары да тығыз болып, осы отжағарды уақытша әктей тұруға тура келген еді. «Теңгесін берсеңіз, осында балалар бар, әктеп береді ғой» деген оларға бұл «Жоқ, кішкентай ғана жерді өзім-ақ әктеймін ғой» деген. Моншаның пешін «газбен жағатын етіп жасасаңдаршы, от жағып, күл шығарып, не азабың» дегендерге жұбайы: «Сезім от жаққанды ұмытып қалатын болдым, маған осындай пеш керек деп айтты» деп күле жауап береді. Негізінде, үйдің жанынан ашып қойған шағын дүкендеріне әкелетін тауарлардан босаған тау-тау қораптарды, өздерінің күнделікті шығаратын қоқыстарын жағып жіберуге жақсы болады деп екеуі ақылдасып осылай жасаған. Алғашқыда қораптарды өртеуге, лақтыруға обалсынып, жинап-жинап, қалада макулатура қабылдайтын бір дүңгершекке апарып тастайтын. Кейін уақыттың тығыздығынан оған үлгермейтін болды. Содан, базардан барып әк әкеліп, екі-үш қайтара, аппақ етіп сырлап тастады. Он жылдан астам уақыттың ішінде әктің иісін сағынып қалыпты... Осы иіс мұны туып өскен ауылына, базарлы балалық шағына, жалынды жас кезіне, ең бастысы он жыл бұрын өмірден өтіп кеткен анасының жанына апарып тастағандай болды. Осылай әр жексенбі әктелген қабырғаға қарап, пешке лаулатып от жаға отырып «өткенге саяхат жасаудың» жанына жағатынын байқады. Күнделікті күйбең тіршіліктің арасында жаны мен ойын жуып, сілкіп, тазалап, бір балалық шаққа барып келгеннің пайдасы көп екен.
Құдайдың қалауымен бастары қосылып, отбасы атанып, тіршілік етіп жатқандарына міне 18 жылдың жүзі болыпты. Ата-аналарының берген тәрбиесінің ұқсастығы, өз сана сезімдерінің үндестігі бар, әйтеуір «шәй» деспей, десе де ешкімге сыр бермей, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатыр. Жеті-сегіз жылдай қара шаңырақта тұрып, ата-ене мектебінен өткесін еншілерін алып бөлек шықты. Қала іргесіндегі ауылда, ата-аналарының үйінен үш көше алыс орналасқан жер теліміне үй салуды олар шаңырақ көтергеннен кейін алты жыл өткенде бастаған болатын. Алайда, қаражат тапшылығына байланысты үйді тұрғызу үрдісі ұзаққа созылып кетті. Сезім қаладағы жоғарғы оқу орындарында сабақ береді, ал жолдасы үйді өзі сала бастады. Жартылай салынып біткен үйлеріне кіріп алып, ақырын-ақырын жамап, жалғап, қосып әйтеуір бір қалыпқа келтіріп алды. Алғашында үй тұрғызып, оны сатып, қалаға көшпек ойлары болған. Бірақ, әрбір кірпіші мен тақтайын өздері қалап, шегесін бірге жүріп қаққан үйді сату қиын екен. Әлі есінде, жаз мезгілі, үйдін қабырғасын тұрғызып, шатырын жапқасын, жолдасы екеуі: материалдары, құрал-жабдықтары бар, біреу-міреу ұрлап кетер деп, «үйлеріне» келіп қонатын. Ол кезде бұлардың көшесі ауылдың ең шеткі көшесі болатын. Сонда терезе де, есік те салынбаған, табандарының асты борпылдаған топырақ, ескі темір кереуетте бір хан сарайында жатқандай рахаттанып, «өз үй, өлең төсегіміз ай» деп ұйқыға кететін. Сол жылы ауыл іргесіндегі алқапқа жүгері егіліп, жолдасы сол алқапты түнде күзетуге баратын (бір тиын болса да сеп болар деп). Түнгі он екіден аса кетіп, жарық түскенше аттың үстінде, жүгері ұрлауға келетін адамдар мен ұрлап жеуге келетін жылқыларды торитын. Сонда Сезім жалғыз өзі не есік – терезесі, не қоршауы жоқ үйде ұйықтап жататын. Ал қазір жолдасы үйде болмай, балалармен қалса, түнімен алаңдап, есік, терезе, қақпа, камераны тексеріп ұйқысы қашады. Жастықтың әсері, онда екі кішкентайы ата-енесінің жанында, төрт құбыласы түгел, үйі салынып жатыр, бұл ұйықтамай кім ұйықтайды... Таң бозарып атқанда, таза ауа, құстардың шырылы, шөптердің иісі, жылқының тасыры мен жолдасының дауысы оятатын. Хош, сонымен жартылай салынып біткен үйлеріне тұңғыштары мектепке барғанда кіріп алды. Көшіп кіргенде қара сылақпен тұрған бөлмелерді шетінен жасап, кірген сайын соған сүйсініп, қуанып біраз жүреді. Үйдің ішіне су кіргізіп, қаладағы пәтерлердегідей жағдайды жасап алғандағы қуаныштары тіпті ұзаққа созылды. Қыздары да жолдасы да өзі де бір-бірлеріне қайта қайта «рахат болды иә», «суды сыртқа төгуші едік», «шелекпен су кіргізбейтін болдық» деп жүрді көпке дейін. Сосын Сезім жолдасын қайта түрткілей бастайды: енді ана бөлмеге тұсқағаз жабыстыру керек, асүйге кафель керек, сенің туылған күнің келе жатыр, соған дейін мынаны жасайық; қыздың туылған күніне дейін ананы бітірейік деп. Сезім бәрінің жоспармен, уақыт-уақытымен, жылдам жасалғанын қалайды. Сол мінезімен кейде үй ішіндегілердің ығырын шығарып та жібереді. Ал жолдасы бәрін асықпай баппен жасағанды ұнатады, оның үстіне аздаған жалқаулығы да бар. Кейде бұл қылқылдап, қайта-қайта қоймай қойса: «Оның (бұл істе деп отырған шаруаны айтады) уақыты келген жоқ! Өзінің сағаты, минуты, секунды келеді, сол кезде істеледі» деп бірде күліп, бірде ұрсып қайтарып тастайды.
Кейде шалғай ауылда тұратын әкесімен телефон арқылы сөйлескенде: «ана бөлме бітпей жатыр, баспалдақ жасалмады, қоршау әлі бітпеді, күйеу балаң асықпайды» деп айта бастаса, әкесі «Шүкір де, тәубә де. Шаршатпа оны. Қайда асығасың? Мезі етпе. Келін алып, қыз ұзатайын деп жатқан жоқсыңдар ғой, бітеді де» деп күйеу баласын жақтап шыға келеді. Шынында да, осы «біз, қазақтар ғана үйдің көп шаруасын қонақ шақырар алдында, мереке қарсаңында ғана қолға алады ма екенбіз, әлде басқалар да солай істей ма екен» деп ойлап қояды бұл ондайда...
От жағып отырып, сонау студенттік шағын еске алды. Бұл университетке түскен жыл – тәуелсіздік алынғаннан кейінгі бір қиындау уақыт еді. Теңге жаңа шыққан. Қара шаңырақ ҚазҰУға түсіп, әкесі екеуі жеңіспен ауылға оралды. Енді күз болып қалаға қайту керек. Ата анасы мектепте мұғалім, жалақының ауылы әлі алыс. Алматыға үнемі ата анасымен бірге келіп кетіп жүретін Сезім бұл жолы да әкесінің бірге барып, жатқханаға орналастырып қайтатынына сенімді болып жүрген. Алайда, ақша таппаған ата-анасы мұны чемоданын арқалатып, бір дорба ас ауқатымен жалғыз жіберді. Ол кезде ұялы телефон деген жоқ. Содан не керек, екі-үш күн қиналып, адасып, арасында жылап алып, жатақханаға орналасты. Қыркүйектің ортасында әйтеуір шәкіртақыларын беріп бірді бірге жалғастырып, содан жаңа жылға ілікті. Ауылмен сөйлесу үшін екі аптада бір Арбаттағы сөйлесу пунктіне баратын. Екі-үш сағат бойы тұрып бір 15-20 минут сөйлесу бақытына ие болса мәз болып қалатын еді. Содан не керек, қысқы сессия басталып, ауылдан анасы келетін болды. Төрт ай бойы отбасынан жырақта болған Сезім, алты жастағы ең кіші сіңілісін ертіп келе жатқан анасын тағатсыздана күтті. Ауылдың құрт-майын, жент, нанын арқалап келген анасы ертесі күні барахолкаға барамыз деді. Жалақыларын жинақтап балаларға киім кешек алып бермекші екен. Студент болғалы бір дұрыстап киім де алмаған Сезім қуанып кетті. Сөйтсе анасы жай келмепті. Ауылдағы Алматыны көрмеген немесе екі-үш жылда бір көретін апалары, көршілері, әріптестері, достары бар, солардың бәәәрінің тапсырыстарын алып келіпті. Кішкентай көк блокнотына әдемілеп тұрып, Гүлбануға – әдемі кофта, Қарлығаға – бес шұлық, Күшәнға – әдемі алты кәмпит салғыш, көрші апаға – халат тағы сол сияқты кете береді. Жандарына түстері, размерлері, қаладағы бағалары! жазылған. Қазір ойласа, бір машина толатын тауар. Бөлек бір тізімде өздеріне керек заттар жазылған. Содан үшеуі барахолкаға жол тартты. Сезім өзі бір-екі ақ рет барып көрген еді ол жаққа. Үшеуі мәз майрам, әңгімелерін айтып, Сезім өзіне қажетті нәрселерді пысықтап, автобустан түсе қалың нөпірге кірді де кетті. Неше түрлі киім кешек, ағылған жұрт. Бір жерге тоқтап сіңілісіне әдемі күлгін түсті спорттық костюм сатып алды. Бір кезде онсыз да тығыз халық, тіпті көбейіп кеткендей болды. Үшеуі бір бірінен көз жазып қалмайық деп, қол ұстасып бір шетке шықты. Шыға сала анасы шыр ете түсті. Қолында дала-даласы шыққан сумкасы. Әмияны жоқ. Аспан айналып жерге түскендей болды. Тамағына ашшы өксік тірелді. Анасының өңі боп-боз. Неге? Не істейміз? Папам ұрсатын болды ғой! Төрт ай ішпей жемей жинап еді ғой осы ақшаны! Елдің тапсырысын қайтеміз енді? Ұят болды ғой! Сезімнің басы неше түрлі ойлардан жарылатындай болып тұр. Анасының да басын осындай ойлар кернегенін сезіп тұр. Бір кезде, анасы ақырын ғана «папаң ұрсатын болды ғой» деді. Сезім бірден: «Сумка менің қолымда болған, ақшаны мен ұрлаттым» деп айтамын деді. Ондағы ойы анасына кішкене жеңіл болсын дегені. Үшеуі сөлбірейіп жатақханаға қайтты.... Содан, үш күнге келген анасы бір апта жатып саудамен айналысуды бастаған бір сіңілісі бар еді, содан ақша сұрап, Сезімнің шәкіртақысын қосып, әйтеуір елдің тапсырысын ғана алып ауылға қайтты. Сонда сіңілісі: «Не деген адамсыз, автобуспен келіп сонша затты қалай алып кетпекші едіңіз, бағаларын да қаладағыдай емес, кішкене еңбегіңіз бар көтеріп айтпайсыз ба» десе, «ұят емес пе, қымбатқа олар ауылдан ақ алар еді ғой, ақыры келе жатқасын апарып бере салайын деп едім, ұрылардың осы блокнотыма тиіспегені жақсы болды, әйтпесе не істер едім?» деееп отыр.
Жалғасы бар.