Ақшоқы

Ақшоқы
жеке
блог

Ералы жазығы барып ұштасқан екі тау Кiшi және Үлкен Ақшоқы деп аталады. Міне, біз Қорық бойын қақ жарып отырып, Үлкен Акшоқыға келдік. Осынау шағын ауыл Мұқаң атындагы совхоздың 3-ферма орталығы аталады. Еңлік пен Ақшоқы деп Кебек қазасына дейін бұл жердi ескіше атағанда, Найманның Матай атты баласының ұрпақтары жайлаған. Тобықтылар Шыңғысқа келіп орналасқаннан кейін, Ақшоқылар негізінен Ырғызбай, оның iшiнде Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың күзегi болған. Ал Құнанбай өзiнiң қолы аға сұлтандыққа жеткеннен кейiн ұлғайта түсiп, баласы Ысқаққа қыстау салдырған. Мына тұрған қыстауда Кәкітай өмір сүрген. Осы жерден ол Абайдың кітабын бастыру үшін, Петербургке сан рет барып қайтқан. Бұл жерден Абай өлендерінің баспаға басылган беттері түзетіліп, кайтадан жөнелтіп тұрған.

Қазақ даласына өнер шыңы, өлең тауы боп орнаған, Абай өлеңдерінің ата мекені – Ақшоқы.  Пушкиннің Татьянасы мен Абайдың Қаламқасы сыр шертiсiп, табысқан алтын ұя - Ақшоқы. Кейде "Қараңғы түнде тау қалғып", кейде "Желсіз түнде жарық ай" боп сәуле шашқан - Ақшоқы. "Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор еткенде" Абаймен сырлас болған Ақшоқы. Малға ықтасын үшiн жаралмай, адам үшін, Абайдай дана үшiн жаралған Ақшоқы. Өткеннiң қайғы мен қасiретiне де басын имеген. Ақшоқынын топырағына Еңлік пен Кебектің қаны сінген. Еңлік пен Кебектi осы үлкен Ақшоқының басынан жалаңаштап, ат құйрығына байлап сүйреп өлтiргендіктен, бұл жерде олардың атын атамай ешбiр ұрпақ өтiп көрген емес.

 

Кәмен Оразалин

«Абай ауылына саяхат»  (Ұлы ақынның 150 жылдығына арналады), Алматы «Жалын» 1994ж,  131-бет