Ақша қайда кетеді? Шаң қайдан келеді?

Ақша қайда кетеді? Шаң қайдан келеді?
жеке
блог

Жұрттың бәрінен  құпия бір жоспар құрып, көптен бері қолыма түскен тиын-тебенді  жинап жүргенмін. Бірақ… Сенбі күні бір жақын адамым ұзақ күткен қуанышын атап өтпекші. Қонаққа шақырды. Бұл күннің ол үшін қаншалықты маңызды екенін білетіндіктен,  түс ауғанша  ара шаққан адамдай безілдеп жүріп, сыйлық іздедім. Таптым. Мәзбін. Есесіне, онсыз да қалың емес қалтам  едәуір жұқарыңқырап қалды.

 

Жалпы, өз басым сыйлыққа  дүкен сөресінде  жамбасы тесілуге жақындап  жатып қалған, сұрықсыз, пайдасыз бірдеңелерді  алып келетін, апара салатындарды ұнатпаймын. Мәселе сыйлықтың бағасында емес! Шын пейілмен, талғаммен  таңдалғандығында. Кәдеңе жараса,  тіпті тамаша!

Сонымен, сыйлық салынған қорапты бір сипап  қойып, «ай, өзім-ай!»  деп бір мақтандым да, шабыттанып тағы бір шаруаға кірісіп кеттім. Бұл- түс ауған шақ болатын.

 

Әйел атаулыны кемсітетін қазақтың көп мақалының бірі — "Қатын қайраттанса, қазан қайнатады"  емес пе? Қазанды отқа қоя сала  үй жинауға кірістім. Тазалықты жаным сүйеді. Бірақ, үй жинағаннан анау айтқандай  ләззат аламын десем, ол-өтірік! Ең ұнайтыны -  осы бір «аласапыранның»  аяқталған кезі.

 

Кешкілік  әбден сілем құрып, диванға сылқ ете қалғам. Теледидарды қоссам, ресейлік арналардың бірінде жұрт  «Жұмыртқа бірінші пайда болды ма? Әлде тауық бірінші пайда болды ма?»  дегенге келіңкірейтін тақырыпқа қызылкеңірдек  болып жатыр екен. Маған ол түк қызық  емес-тұғын. Өйткені, мен үшін  сол сәтте  ең басты 2 сауал бар болатын. Олар мынау:

1. Шаң-тозаң қайдан пайда болады?

2. Ақша қайда кетеді?