Ақша аспаннан жаумайды №2 немесе "қайырдан" қайыр болмас!

«Ақша - қолдың кірі», «ауадан кейінгі ең  қажетті нәрсе ол - ақша» деп жатамыз. Ол  рас. Осыдан біраз уақыт  бұрын ақша туралы  өз ойымды айтқан едім. Бүгін соны толықтыра түспекпін. Жалпы, тапсырма берілген кезде  бір апта  жұмыс істеп, соның қорытындысын  жазбақшы болдым. Алайда, ол ойым іске аспайтын  болды да, екінші идеямның дегеніне көндім.  Ол  үшін міндетті түрде 1- мамырды күту керек болды. Міне, енді ойымды  жинақтап, ақша тақырыбына кезекті жазбамды жазғалы отырмын.

                                            

Мен қарапайым  отбасыдан  шықтым, ауылда тұрдым. Әкем – мұғалім, шешем – медбике еді. Бір күні мектепте завхоз болып істейтін көршіміз әкеме  «отырысқа кетемін,  орныма тұрып берші» деп өтініш жасады. «Сабағым түстен кейін ғой» деп, әкем келісімін берді. Қыстың кезі, мектепте көмір жағатын.  Тонна-тонна көмірді мектеп ауласына камазбен әкеп тастайтын да,  завхоздар оны кіргізіп ірілерін ұсақтайтын. Әкем көмір ұсақтаймын деп, темірді көмір үстіне  қойып шойбалтамен (кубалмен)  ұрғанда көмір емес, темір ұсақталып, бір  бөлшегі әкемнің оң көзіне тура қадалған... Осыдан кейін біздің жағдайымыз  күрт өзгерді. Ол кезде бес  жаста болатынмын. Анам тұмсықтыға  шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай ел қатарлы өсірді. Ауылда  мереке күндері ғана паркте атракциондар істейтін. Ең алғашқы еңбекпен тапқан ақшам осы 5 жасымда болды.  Түнімен фляктап істеген көжені мамам екеуміз түске дейін сатып, әжептеуір қаржы жинайтынбыз да, үйде қалған бауырларымды  қалаға шақыртып, мерекені тойлайтынбыз. Сондағы 1 кесе көжені (бидай, жүгері) 5-30 теңгеден, паркте ең төменгі бағамен сататынбыз.   Арзан болғандықтан тез өтетін.  Қалада 1- мамырдан бастап көже сататын әжелер шығады деп естіп, қазіргі бағасын білуге базарға барып едім,  әжелер әлі базарға шықпапты.  Базардағы саудагерлерден сұрасам, 1 кесені 100-150 теңгеден алатынбыз дейді.  Дәл қазір бұрынғы кәсібіме шықсам қор болмайды екенмін-ау деп ойланып қалдым:)   Бұл – біріншісі.

 Мамам «біреуден ақша сұрап, телміруші болма. Пол жусаң да  өз еңбегіңмен тап!» деп құлағыма құятын. Бірінші сыныпқа барып  жүргенімде мен баға алсам, мамам ақша беретін, ынталандыру ретінде. 1 бесім – 5 теңге. Әліппемен  қоштасқаннан кейін  күнделікке баға қоятын  еді. Төртінші тоқсанда  осылай бағаларымды жинап, туылған күнімде 1 дженси шалбар әперді. Қателеспесем құны 500-дей болды-ау. Бұл – екіншісі.

 

Біз жақта мақта егетін. Жазда мақтаның шөбін шауып ақша табатынбыз. (Мен жеті жасымнан бастап мамама көмектесіп, шабық шаптым.) 1 гектар 1200 теңге болатын. Біз, әпкем, мен, мамам үшеуміз 4 гектар шөп шауып,  4800 теңге алатынбыз.  Араға екі апта салып,  шабықты 3  кезеңнен шабатынбыз да, 4-і кезеңінде  «шиханка» ( ұзын қозалардың басын  ору) жасайтынбыз. Оның құны- 2000 теңге. Жаз бойы осылай еңбектеніп, балаларды мамам кезек кезек қалаға апарып , тапқан ақшамызға қыдыртып тұратын. Артылған ақшаға мектепке киім алатынбыз. Бұл – үшіншісі.

Жазда шабық шауып, күзде мақта теретінмін. 1 кг мақта 3 теңгеден 20 теңгеге дейін болатын.  Одан түскен ақшаға қыстық киім алып, үйге көмір алатынбыз. Жеті жасымда шабық шабуды бастаған мен дәл  сол жылы мақтаға да шықтым. Түске дейін сабаққа барып, түстен кейін мақта теретінмін. 2-сыныбымнан 8-сыныпқа дейін мақта теріп, шабық шауып керек жарақтарымды алып, үйдегілерге  қолғабыс болдым. Бұл-төртіншісі.

Жазда қаладағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына емтихан тапсырып көрдім.  Құладым. Шынын айтқанда «құлатты!» Емтиханға барғанда басында ұштағышы бар қалам салғыш қорабым болатын Соны  тест тапсырған  сыныпта ұмытып кетіп, кейін алуға кірсем  менің тест парақшамнан бірнәрселерді  бір балаға комиссия болған мұғалім белгілетіп жатыр екен. Өз көзіммен көрдім. Оған дейін мамаммен жолығып, екеуі шәй ішкен болатын. Ауылға келіп мамадан сұрасам сол кезде әлгі мұғалім өткендер тізіміне ілінуім  үшін 30 мың теңге сұрапты. Бұл сома  ол кезде әжептеуір ақша еді...

Кейін әжем 9-сыныпқа көшкенде қалаға алып келді, Астанаға. Ата-анам ауылда  болғаннан кейін ақшадан  қиналдым. Өз күнімді өзім көруім керек болды. Бірақ ақша табу маған қиынға соқпады. 4, 9- сынып оқушылары МАБ тапсырады. Өзім МАБ-қа дайындалып  жүріп, 4-сынып оқушысына репититор болдым. Математика мен қазақ тілінен аптасына 3 рет, 2 сағаттан сабақ беріп отырдым. 1 сағаты – 500 теңге. Бұл -бесіншісі.

Туыстарымның үйінде  тұрғандықтан оларға мектепке қосымшаға кеттім деп, әлгі оқушының  үйіне баратынмын да қолма-қол «нанымды» алып кететінмін. МАБ бітті, екеуміз де өте  жақсы деген бағаға тапсырдық. Бір жағынан жақсы, бір жағынан жаман болды. Жаманы - жұмыссыз қалдым.  Екі айдай әжемнің «қолына» қарап, Сәуірде Астанадағы «Атамекен Қазақстан картасы» этно-мемориялдық кешеніне экскурсия  жүргізушілікке емтихан тапсырдым. Екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – тарих пәнінен, екіншісі – полиглот. Бір аптадан кейін шақырту алдым да, Мамыр айынан бастап экскурсия  жүргізушісі болып кірдім. Айына 20-25 мың теңге беретін, 4 сағаттан кезектесіп істейтінбіз. Билеттің 50%-ы бізге түсетін. Билет құны -400 теңге. 200 теңгесі - қалтаға,  200 - теңгесі мекемеге. Мектеп бітіргеннен кейін автоматты түрде шығаратын,. Сөйтіп,  былтыр мектеппен де, тұрақты жұмысыммен де қош атыстым.  Бұл – алтыншысы.

ҰБТ біткеннен кейін  үйде отырғым келмей, жұмыс істегім келді, іздедім. Таппадым. Табылғандары «18-ге толмағансың» деп, қабылдамады.  Күзде оқу басталды. Студент болдым. Үйдің ақшасына «кезексіз» киінгенім  үшін бауырларым алдында өзімді айыпты сезіндім.  Жұмыс істейін десем жасым жетпеді. Сосын,  хабарландыру бойынша бір апайға хабарластым. Бала күтуші етіп  жұмысқа алды. Түске дейін – сабақ, түстен кейін – жұмыс. Күніне 1000 теңге беретін. Қысқа дейін бала күтуші болдым да, кейін шығып кеттім. Бұл – жетіншісі.

 

Қыста сессия басталып,  біраз  қиналдық. Демалысқа шыққаннан соң ауылға бармай,  оқуға қаражат табайын деп, жұмыс іздедім. Кедергі – жасым. Қыздар айтқан «кеңес»  бойынша біреудің  құжатымен «тазалықшы» болып бір мекемеге тазалықшы болып кірдім. Әрине, намысыма ауыр тиді. Бірақ, істеу керек болды! Сағатына  250 теңге,  күніне 2500 теңге қолма-қол алып отырдым. Сөйтіп, қысқы демалыста 60 мың теңгеге  жуық ақша таптым да, түк болмағандай сабағымды жалғастырдым. Бірақ, менің  тазалықшы болғанымды білгеннен кейін  мамам қатты ренжіді.  Бірінші күнінде мамам жұмыста еді, екінші күнінде досымның үйіндемін дедім, үшінші күнінде ұсталдым. Сөйтіп, бұл – сегізіншісі.

Қаржыдан  қиналған шағымда жанымда достарым көмектесетін, ол да болмай бара жатса,  ломбардқа өзіме тиесілі дүиені  (бір-ақ жүзік) өткізіп, керегімді алатын болдым.  Маңдай терім емес, бірақ бұл да ақша табудың бір түрі. Бұл – тоғызыншы.

Студентпіз, «қалтамыз тесік». Келісіп, ақшаға волейбол ойнауды шығардық.  Әр ойыншы 300 теңгеден  жинап, ұтқан командаға беретін болып келістік.  Қарсыласқан кешкім  болмады, қанша команда қатысса да тек бірінші орын алғандар ақшаны алады! Маңдай тер, тек қана маңдай тер емес, бүкіл денең терлеп-тепішіп, 1 допты олай да бұлай соғып, ақшаны қалтаға  саламыз. Бұл да жұмыс, бұл да еңбек! Бұл – оныншы.

Тұрақтылыққа не жетсін, шіркін! Қазір оқып жатқан мамандығым бойынша  бір сайтта жұмыс істеп жүрмін, шүкір! Бұл – он біріншісі.

Әрине, ақша табудың басқа да жолдары бар, тіпті, шегі  жоқ.  Шүкір, он екі мүшем сау, біреудің қолына телміріп қарап отырғым келмейді. Мамам айтқандай, "қайыр тілегенше,  пол  жуып болсын еңбектенген жақсы!" Басы ащы болғанымен, аяғы тәтті болады! 



Бөлісу: