АҚШ-тағы "Work and Travel " бағдарламасынан алған тәжірибем

Өткен жазда көп ойланып толғанғаннан соң "Work and Travel " бағдарламасымен Америка Құрама Штаттарына баруға шешім қабылдадым. Қатты уайымдап, маза таппасам да, бір секунд болмасын Америкаға барғаныма өкінген емеспін...

Басынан бастайтын болсам, Астанадан ұшып, Мәскеу арқылы Нью-Йорк қаласына ұшып қонғандағы ең басты қиыншылық - жұмыс тапқан Миртл бич деген қалашыққа жету мәселесі болды. Интернетке кіру мүмкіндігінің жоқтығы, автобус не көліктерге билеттің болмауы мені екі құрбыммен тығырыққа тіреді. Алайда жолымыз болып, бір адамнан интернет бөлісуін сұрап, қоғамдық желіде қазақ баласынның жазуы бір ғажайып деуге болады. Сөйтіп, Америкадағы бірінші кездестірген қазақ баласы әуежайдан бізді алып, Миртл бич қаласына жеткізіп салды. Өзі осы бағдарламамен бірнеше жыл бұрын келіп, қалып қойған қазақ жол бойы Американың барлық қыр-сырын баяндап, өзінің кеңестерімен бөлісті.

Миртл бичқа келгендегі алғашқы әсерім әлі есімде. Атлантика мұхитының жағасында Оңтүстік Каролина штатында орналасқан бұл қалашық негізінде туристік жер. Неше түрлі қонақүйлерге, балаларға арналған ойын-сауық орындарына, әр түрлі тамақтанатын орындарға толы. Алайда ауа райы тым ыстық не құйын жаңбыр болатын күндерімен ерекшеленеді. 

Миртл бич қаласында бірінші жұмысым қонақүйде қызметші ретінде жұмыс істесем, түстен соң пиццерияда жұмыс істедім. Шынымды айтсам, бірінші жұмыс аса ұнамады әрі қатты шаршадым. Бірақ екінші жұмыс, әсіресе бірге жұмыс істеген адамдарды қатты ұнаттым, бір отбасы секілді оларға қатты бауыр басып кеттім. Сондықтан да жұмыс таңдауда мұқият және жанын қалайтын жұмысты таңдау өте маңызды деп ойлаймын. 

Көзді ашып-жұмғанша екі ай тез өте шықты. Сабақтың ерте басталуына байланысты Қазақстанға ерте қайту қажет болды. Екі ай бойы беріліп жұмыс жасағаннан соң, біз қыздармен Американың Майами, Чикаго, Жаңа Орлеан және Нью-Йорк сияқты үлкен қалаларында болып, әйгілі көрікті жерлерінде болып қайттық. Жолда неше түрлі қиыншылықтар мен көңілді уақытты бастан кешірдік. Есте қаларлық қаншама суреттер түсіріп, жергілікті халықпен әңгімелесіп, қазақ адамдарын кездестірдік. 

Америкада өте қызықты уақыт өткіздім. Барлығын айтып жазуға мүмкін емес. Мың рет айтқаннан гөрі, бір рет барып өз көзінмен көргенге, бастан кешіргенге не жетсін. Америка өмірінен соң, Қазақстанға қайтып келіп, қалыпты өмірге қайта адаптану қиындау. Алайда, қанша жерден Америка өмірі сені тамсандырса да, өз еліне оралуға ештеме де жетпейді екен. 

"Work and Travel " бағдарламасымен баратын студенттерге берер кеңесім - жұмыс істей жүре демалуды да ұмытпаңыздар. Ақша табам деп жұмысқа тым берілудің қажеті жоқ, бірақ жауапкершілікті де ұмытпаған жөн. Жұмыс істеңіз, демалыңыз, мұхитта шомылыңыз, әр түрлі шараларға қатысыңыз. Әр МИНУТ санаулы, жаздың өте қысқа екендігін, көзді ашып-жұмғанша өтіп кететінін ұмытпаған жөн. Ежелгі рим адамдарының айтуы бойынша, "carpe diem", аудармада әрбір мезетінді өткізіп алма. 



Бөлісу: