Ақсақ Темірдің қабірі қалай қазылды?

Сталинді Ақсақ Темірдің өмірбаяны қатты қызықтырған екен. Оны пір тұтқан да болуы керек, өз ныспысын Сталин деп ауыстыруына осы жәйт себеп болған деседі.

Сталин Ақсақ Темір туралы тереңірек білу үшін оның қабірін ашып, зерттеп көру жөнінде қаулы шығарады. Осыған орай 1941 жылы мамыр айында антрополог Герасимов пен шығыстанушы Семенов бастаған арнайы экспедиция Самарқанға аттанады. Оның құрамында академик Қараниязов, кинооператор Каюмов, және Ұлы Қолбасшы жайлы керемет шығарма жазуды армандап жүрген жазушы Садриддин Айни де болады.

Олар өз жұмысын "Гур-Эмир" кесенесінде жатқан Темірдің төртінші ұлы – Шаһрухтың қабірін зерттеуден бастайды. Оның сүйектерін қазып алуға үш күн кетеді. Одан соңғы кезек Темірдің немересі, математик-астроном Ұлықбектің қабіріне келеді.

Мұнан соң Әмір Темірдің сүйегі қайда қойылғаны жөнінде экспедиция мүшелері біраз таласады. Олардың алдында үш түрлі нұсқа бар еді, әуелгісі Түркістандағы Қожа-Ахмет Яссауи, екіншісі қолбасшының туған қаласы Шаһрисабз болса, үшіншісі сол – Самарқандағы "Гүр-Эмир" болатын.

Осының алдында ғана ғалымдар Темірдің Алтын Ордамен болған шайқастардың бірінен қайтқан кездегі тасбелгісін тапқан-ды. Қазір Эрмитажда (Питерде) сақтаулы тұрған ескеркіш тасқа араб және шағатай тілдерінде "1391 ЖЫЛЫ ТЕМІР БЕК ШАҒАТАЙ ӨЗІНІҢ 200 МЫҢ ӘСКЕРІМЕН ТОҚТАМЫС ХАНҒА ҚАРСЫ ЖОРЫҒЫНАН ҚАЙТЫП КЕЛЕ ЖАТЫП, ОСЫ ТАСТЫ ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ БЕЛГІСІ РЕТІНДЕ ХАЛЫҚТЫҢ ЕСІНДЕ САҚТАП ЖҮРУ ҮШІН ОРНАТТЫ" деп жазылған болатын. Осыны жалау етіп Семенов Түркістаннан іздестіруді ұсынса, Садриддин Айни Самарқанды іздеген дұрыс деп, оған көнбейді. Себебі, "Гур-Эмирдегі" бір моланың үстінен ерекше құбылыс байқалатынын, және ол қабірден шығатын биоөріс басқалардікінен әлдеқайда күшті екенін тілге тиек етеді.

17 маусым күні күні Темірдің қабірін қазуға кіріскенде Семенов тақтай тастағы араб тілінде жазылған қабір жазуларын оқиды, онда былай деп жазылған екен.

"ЕГЕР ДЕ, КІМ ДЕ КІМ ӨР КӨКІРЕКТІККЕ БАСЫП, АТА-БАБА ҚАБІРІН АШЫП, ӘРУАҚТЫҢ ТИЫШТЫҒЫН БҰЗСА, ОНДА ОНЫ ЕҢ СҰМДЫҚ ҚАРҒЫС АТСЫН!"

"Қарғыс атсын" деген сөзді оқып бәрінің де зәресі ұшады. Жұмысты тоқтатсақ қайтеді деп ішінара ақылдасады да. Алайда, Сталиннің бұйрығы ше? Оны орындамай көр!

Салмағы үш жарым тонналық тас тақтаны көтергенде шынжыр шарт етіп сынады. Шынжырсыз әрекет жасауға көшіп, тас тақтаның астына жуан ағаштар салып домалатып, өлдім-талдым дегенде астына кіретін жол ашады. Бірақ, ол жерде ешқандай мәйіт жоқ болып шығады. Сөйтсе, астыңғы жағы және бір тас тақтамен жабылған екен. Оны да үлкен азаппен ашып бола берген сәтте өз-өзінен, еш себепсіз электр жарығы өшіп қалады.

Мұнан соң шәй ішу үшін сыртқа шығады. Мәлік Каюмов шәйханаға келсе, үш ақсақал отыр екен.

– Сен де мына қабірді қазып жатқандардың арасында барсың ба? – деп біреуі бұдан сұрайды.

– Мен бастығымын ғой, – деп бұл әзілдейді.

– Онда мына кітапты оқы, Егер Әмір Темірдің қабірін қазатын болсаңдар, айтпады демеңдер, алапат, қырғын соғыс басталады!

Мәлік олардың қолындағы кітаптан шынында да осы сөздерді оқиды да, осы жәйтті дереу экспедиция бастығына жеткізеді. Осы кезде жазушы Садриддин Айни "оттамаңдар" деп шалдарды шәйханадан қуып шығады. Шалдар кетіп бара жатқанда Каюмов олармен тағы да тілдеспек болып, артынан жүгіреді, алайда олар көзден ғайып болып үлгерген екен. Тіпті көшедегілердің ешқайсысы оны көрдім-білдім демейді. "Сол кітапты содан кейін еш жерден кездестірмедім" деп еске алады Каюмов.

Ғалымдар шырақ жағып жұмысын одан әрі жалғастырады. Мәйітті тауып ашқан кезде кәдімгідей адамның жүзі жарқ ете қалады да, кенеттен бу көтеріліп, әлгі адамның орнында тек қаңқа жатады. Каюмов түсіріп үлгермейді. Шамамен бойы 190 саниметрдей адамның қаңқасын бұлар біртіндеп жоғарыға шығарады. Бұл шаруаның бәрін атқарып бітемін дегенше қас қараяды да, әбден шаршаған мүшелер тұяқ серпуге шамасы келмей ұйықтап қалады. Бұл – 21 маусым еді.

Ертесіне таңертең Германия тұткиылдан соғыс ашты да, мына оқиға сол жаманат хабардың көлеңкесінде қалып қойды. Ал, Герасимов қолбасшының сүйегін алып Мәскеуге ұшып кетті.

Көп ұзамай Каюмов соғысқа аттанды да, Ржев қаласында Жуковка жолығып, Ақсақ Темірдің қабірін қазғандағы жайттың бәрін түсіндіреді (соның ішінде шәйханадағы үш ақсақалды да айтады). 1943 жылдың басында Сталиннің бұйрығымен Ақсақ Темірдің сүйегі өз орнына қайта жерленеді. Екі күннен соң Кеңес әскерлері Сталинградқа (қазіргі Волгоград) келіп қалған жаудың бетін біржола қайтарады. Осыдан соң Кеңес Армиясының соғыстағы тірлігі алға басып, жау тек қана артқа шегіне береді.

Антрополог Герасимов қолбасшының қаһарлы мүсінін жасап шығарады.

Кейін Сталин "Гүр-Эмир" кесенесін жөндетуге көп ақша бөліп, қалпына келтіреді.

("Аңыз адам" журналынан)



Бөлісу: