Ақсақ қарға

Ақсақ қарға
жеке
блог

 

Қожанасыр бір күні екі баланың ақсақ қарғаны ұстап алып, сол үшін таласып жатқанын көреді. Балаларға он теңге беріп, қарғаны құтқарып алады. Қала сыртына шыға бере жайылып жүрген бір сиырды көреді. Қожаның қолындағы қарға қанатын қомдап, "пыр" деп ұшып барып, сиырдың басына қона қалады. Қожекең қуанып:

-   Аһ , қүсым - ай! Аңшы болармысың өзің! — деп сиырды алдына салып үйіне айдап әкеледі.

Сиырдың иесі сиырын іздей-іздей, сұрастыра-сұрастыра Қожаның қақпасын қағады. Сиырымды өзіме қайтар деп, жанжал шығарады. Қожа бұл адамның ігерінді-кейінді сөйлегеніне ашуланып:

-        Бұл ара дау басы деймісің? Ақ адал құсым алған олжамды саған бере қоймаспын. Мемлекетімізде заң бар, заң орны – мехкем бар, дау-дамайға төрелік айтатын қазы бар. Арызың болса сонда барып даулас, - дейді.

Басқа шарасы қалмаған сиыр иесі махкемеге барып, арыз айтады. Қазы Қожанасырды шақыртып :

-   Қожеке бұл қалай? — дейді.

Қожа ақсақ қарғаны балалардан сатып алғанын ұзақ әңгімелеп отырып, сөз арасында қазының құлағына:

- Ертең бір құмыра сары май әкеліп беремін, - деп сыбырлай қояды.

"Май" деген сөз ішіне жаққан қазы Қожекеңнің ісін дұрыс деп шешім қабылдайды.

Ертеңінде айтқанындай Қожа бір құмыра сары май әкеп береді. Қазы майды бір күн жейді, екі күн жейді, үшінші күні қүмыраға қасығын матырып жіберсе сиырдың жас жапасы ілінеді. Долданған қазы қызметшісіне: "Шақыр, Қожаны!.."- деп әмір қылады.

Қожа табалдырықтан аттар-аттамастан айғайды салады:

-  Бұл не ? Мен мемлекеттің дардай хүкімшісімін! Сен маған бүгін
сиыр жапасын жегіздің! — дейді.

Қожекең еш саспастан:

- Сен оны бүгін жеген жоқсың, - депті, - Сен сиырдың жапасын осыдан
үш күн бұрын жедің. О заманда бұ заман жұдырықтай ақсақ қарға
үйдей  сиырды  ұстап  алады дегенге  кім  сенеді.   "Май"  деген  сөзді
естігенде хақты да, әділетті де, құдайды да ұмыттың!