АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЗАМАНЫ...

АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЗАМАНЫ...
жеке
блог

Ақпарат көп те, адамдардың білім көкжиегі таяз. Қазіргі ақпарат нөпірі сананы еріксіз жаулап алып, жастарды рухани жұтаңдыққа ұшыратып отырған жоқ па? Иә, бүгінгі таңда, біздің ақпарат құралдар саласын, әсіресе телеарналарды сан түрлі ток-шоулар жайлап алды. Кілең жеңіл дүниелер. Ақпараттың дамыған заманы екен деп, түрлі ой бұрмалаушы сөздер, мақалалар мүлде қажет емес. Мәселен, телеарнадан білім көкжиегін, рухани дүниені жаңғыртатын хабар шықса, оны сол саланы жетік меңгерген журналист жүргізсе құба-құп емес пе?! Орынды сауал қойып, тұщымды жауап алса, көзқарасты көрермен мен сол салада қызмет атқаратын жандар аталмыш бағдарламаны көруге ынта-жігері артады. Сонда қоғамдағы өзекті мәселелер алға озып, телеарнада шынайы рейтинг бәйгесі басталар еді. Бұл тек білім тұрғысында ғана шектелмеуі қажет. Кез-келген күрделі салаға бағытталуы керек. Әрине, XXI ғасыр-көшбасшылар ғасыры. Озық технологиялар, тың идеялар, техника мен жаңаша ақпараттың шарықтау кезеңі. "Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман",-деп М.Дулатов атамыз айтқандай, егеменді еліміздің тірегі, жарқын болашағы-білімді ұрпақ. Қазіргі таңда, Дүниежүзінде алдыңғы қатарлы дамушы елдердің барлығы жоғары деңгейде, өз тәжірибелері арқылы жұмыс жасап, нано-технологияның тиімді жақтарын алдыға тартады. Құрғақ сусыз, таса көлеңкеге дән ексең өнбейтіні сияқты, жас ұрпақты, тәрбиелеп, дара жол нұсқамасақ өспейді, өнбейді. Елдің ертеңгі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік ой-пікірімен ұштастырған, сапалы білім мен саналы тәрбие берілу керек деп түсінемін. 

Бүгінгі өркениетті заманда, кітап пен жастарға ортақ байланысы бар мәдени орта ол-кітапхана. Жалпы, өз басым аудан орталығында туып өскен соң, қасиетті орда-кітапханаға жиі барамын. Кітапхана шынымен атына заты сай кітап қорының үлкен қазынасы ғой, шіркін?! Жиі баратын болған соң, айналам толған адам дейін десем, кітапқа құмар бірде-бір жанның қарасы көрінбейді. Мен үшін бұл біртүрлі таңсық дүние. Көне жазбалар мен сонау бағзы заманнан бері бастау алып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан кітаптар сықылды кітапхананың да, тарихы мен тағылымы сол заманның шындығын аша түскендей. Осы тұста Әбіш Кекілбаев атамыздың сөзі есіме орала түсті «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деп бекер айтпаса керек. Рухани білімнің, құндылықтың, мәдениеттің ордасы-кітапхана ешқашан да мәні мен маңыздылығын жойған емес.
Біз қазір қызық заманда өмір сүріп жатырмыз. Кітап көп те, оқырман аз. Бұл ненің әсері? Бүгінде адамдар әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына оқыған кітаптарынан гөрі жеген тағамдарын, киген киімдерін, отырған орындарын көбірек жазады. Бұл ненің белгісі? Егер бізде кітап оқылып, жастар кітапханаға жиі баратын болса, мүмкін адамдардың ойлауы мүлдем басқа болар ма еді.
Алайда, жаңалықты, бүкіл әдебиеттегі бо­лып жатқан өзгерістерді іздеп жүріп оқитын кешегі жас буын, бүгінгі жастардың ата-анасы - үлкендердің де кітап оқудан алыс­тап кеткені ешқандай көлеңкелейтін мәселе емес, ол - басы ашық жайт. Шынын­да да, жұрт кітап оқудан қалды. Өйткені техни­ка­лық прогресс күшейіп кетті. Ақпарат көп, жан-жағымыздың бәрі көгілдір экран, керек ақпаратты саусақпен түртіп алып отырмыз деген бір ақталу сөз, сылтау аргумент­термен тү­сін­ді­рі­леді. Бұл - адам қорқатын­дай жағ­дай. Сондықтан да кешегі керемет энтузиаст, романтик - Мұқа­ғалидың өлеңдерін, Әбдіжәмілдің, Шыңғыс Айтматовтың кітап­та­рын іздеп оқитын жастардың бүгін "Ме­нің ұрпағым кітап оқыса да, оқымаса да өзінің нанын тауып жесе болар, әйтеуір аман болса бол­ды" деген жиеншар, керенау торға еніп кеткендігі осы. Бұл - үлкен тарихи құбы­лыс. «Саналы ел, өсеміз өркендейміз деген ел кезінде жіберіп алған қателіктен құтылу керек. Ол әде­биет­ті сүю, ұрпақты әдебиетке сусындату, әде­биет­ке келу», - дейді жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы.

Кітапты сүйіп оқиық, білімге ұмтылайық! Еліміздің гүлденіп, мемлекетіміздің қуаты артып, халқымыздың бақытты өмір сүргенін бәріміздің де көргіміз келеді. Бұл – бүкіл қазақтың басты арманы емес пе!..

"Адамды адам еткен - кітап, адамзат еткен - кітапхана"

ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ

 

ШҰҒЫЛА БЕЙБІТҚЫЗЫ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІ

1 КУРС СТУДЕНТІ