Таңғы сағат 7-де тынымсыз соғылған телефон қоңырауы шырт ұйқыдан оятты. Беймезгілде жайдан-жай біреуді біреу мазалаушы ма еді...
– Мен ғой, Маржанмын... Рақат саған хабарласпады ма? – Ойым сан-
саққа кетті. Мұншама ұшқыр болар ма, оймен Ақтаудағы Рақаттың (Қосбармақов) үйіне «барып-қайттым». «Оларға не болды, олар бір жағдайға ұшырап қалды ма» деп сұрағанымша болған жоқ: «Алтынайдан айырылып қалдық қой...», – деп жылаған Маржанның дауысы есеңгіретіп тастады... Одан ары қарайғысы белгілі ғой, дауыс шығарып жылап алдым... Біресе телефонға жармасам, әр затты бір ұстап, біресе асүйге, біресе жатын бөлмеге кіріп, айналдырған бір бөлмелі үйдің ішінде жүрдім де қойдым. Бір отырып, бір тұрып, санаулы уақыттан кейін ес жиғандай болдым...
...Ол жарқырап жүретін, жайнап шығатын сахнаға. Бәріне үлгеріп жатады. Бас қоса қалғанда өзгеге көрсететін ықылас-пейілі өзіме келгенде тіпті ерекше еді. Неғып екенін, халымды арнайылап сұрайтын. Елпілдеп амандасатын. Үнемі солай.
Жазда Ақтаудағы ақын досымыздың кешінде бірге бас қостық. Біз Алматыдан пойызбен шықтық, Алтынай ұшақпен келді. Әдеттегідей жарқылдап амандасқанымен, жанындағы біреулер пыш-пыштап бірдеңе деді ме, біртүрлі көзқараспен салқын қабақ танытып бірнеше рет мен жаққа көз тастады. Әлгі суық көзқарас маусымның жайма-шуақ күнінде жайылған дастарқан басындағы Рақат ағатайымның (жақсылығын көп көрген соң осылай атаймын) көл-көсір көңілі мен ақ пейілін ыдыратып, жанымды аяздай қарып-ақ кеткені... Одан кейін тек өз ойыммен аласұрдым да қалдым...
Ал ертеңінде театрға келгенде Алтынай әдеттегідей жарқырап алдымнан шықты. Құшақтап бетімнен сүйіп, амандасып жатыр. Кешегі «біртүрлі» көзқарастың ізі де қалмаған. Оның жайдары қалпын көріп «ой, құдай, сонша уайымдап едім... соған да сонша мән беріп...» деп босқа мазаланғанымды түсіндім... «Оның не, кеше не болды» деп мен айтпадым, не ол сөз қозғамады... Көңілде кір қалмады, дақты да байқамадық... Біздің толқынның (Гүлжанат Ихсанова, Айнаш Есали, Азамат Қалымбет, Индира Ыбыраева, Рақат Қосбармақов, Нұргүл Хасанова, Бибігүл Жексенбай, Ләззат Әміржанова, Амангелді Сейітханов, Сәкен Сыбанбай, Алтынай Байтоқанова, Маржан Әбілбакиева, Мейрамхан Жәпек, Нұрила Молдабаева, т.б.) үлкен ерекшелігі – пендешіліктен гөрі, адамгершілікті жоғары қоятындығы, ешқашан көңілге кір сақтамайтындығы, сағынысып көрісетіндігі, бірін-бірі іздеп жүретіндігі...
Содан кейін қай ай екені есімде жоқ, күз айларының (2012) бірінде бас қостық. Тағы да курстастар. Жарқылдап күліп жетіп келді. Сол баяғы жылылық. Сол баяғы ықылас. Жиналғандарға ескерткішке «Бабалар аманатын» (З.Ахметова) тараттым. Алтынай балаша мәз болып қуанды, ризашылығын білдіруді де ұмытқан жоқ. Бас қосқан жеріміз тура үйдің іргесі, жаяу-ақ баратын жер. Бірақ: «Мен жеткізіп тастаймын, көп сөзді қойып отыршы көлікке, отырыңдаршы», – деп Нұрила екеумізді машинасына отырғызып алды. Соңғы рет көріп тұрғанымызды білсек қой...
Ауырып жатыр дегенді ести сала құстай ұштым. Жансақтау бөлімінде жатқандықтан кіре алмай, сырттан қайттым бірақ... Курстастар кезектесіп барып жүрдік, темір есікке телміріп қарап, тілегімізді айтып, аллаға жалбарынушы едік. Неғып екенін, жазылып кететініне өте сенімді болдық. Ол өте қайсар қыз ғой, өзін меңдеген дертті жеңеді деп ойладық, соған сендік те!
Күнде ФБ әлеуметтік желісі арқылы қайырлы түн тілейтін едім. Таңымыздың қаралы болып атпауын сұрайтынмын... Бүгін наурыздың 29-ы, неге екенін, тап сол тілекті жазуға «еріндім», қолым бармай қойды...
Ал 30 наурыз күнгі таңым қаралы хабармен басталды. Сен бізді тастап, мәңгілік мекеніңе бет бұрған екенсің, Алтынай...
Мәртебелі өлім біздің «жастың» да есігін қаға бастапты...