«Дос Мұқасан» тобының мүшесі Ақжол Мейірбеков сүйген жарының құрметіне роликте жүріп, көрермендерді таңғалдырды. Танымал әнші жары Шәрипа апаймен «Астана» арнасында жарыққа шыққан «Саған сенемін. Мой лучший» жобасының қатысушылары ретінде бағдарламаның тұсауын кесті. 43 жыл отау құрған жұп бір-біріне деген ыстық ықыластары мен сыйластықтарының арқасында жеңіске жетті.
Ойын шарты бойынша, нәзік жандылар ойын үстелінің үстінде ұтыс тігеді. Ерінің жүргізуші берген тапсырманы орындап шығатындығына сенімділік танытқан ханым, ең жоғарғы ұтысты береді. Ерлер бұл шешімге қарсылық білдіре алмайды, өйткені, олар басқа бөлмеде отырады. Шәрипа апай тәуекелге бел байлап, Ақжол ағамыз бір жарым минут ішінде кедергілерден роликпен өтіп, граффитиде сурет салып үлгереді деген сенімде ең жоғарғы ұтыс тікті. Ағамыз сенімді ақтады.
Сонымен қатар, «Саған сенемін. Мой лучший» бағдарламасының алғашқы санында әнші Мирас пен Құралай Бекжановтар, цирк әртістері Жайдарбек пен Альфия Кунгужиновтар және «Мотороллер» тобының мүшесі Ильяс Аутов жары Татьянамен бірге бақ сынады.
Жігіттер өз сүйіктілері үшін көз жастарын төгіп, жілік сындырып, қыздардың бұрымдарын өруге дейін барды. Бұның барлығы өз жарларының жүрегін тағы бір рет селт еткізіп, олардың аузынан «Саған сенемін» деген асыл сөзді есту мақсатында.
Астана арнасында ойын-сауықтық «Саған Сенемін. Мой Лучший» жобасының тұсаукесер бағдарламасының қайталауын жұма күні, сағат 22.00-де, сенбі күні 14.30-да көре аласыздар.