Ақиық ақын - Мұқағали Мақатаев.

Ақиық ақын - Мұқағали Мақатаев.
жеке
блог

Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Ол 1931жылы Алматы облысындағы Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ата – анасының азан шақырып қойған есімі - Мұхамедқали еді. Ұлы Отан соғысына аттанған әкесі Сүлеймен 1941жылы Калининград майданында қаза табады. Мұқағали 3 інісімен бірге анасы мен әжесінің тәрбиесін көріп өседі. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен қатар өткендіктен ол тағдырдың ащы дәмін ерте татады.Кейіннен ақын өзінің бұл шағы жайында « Адам өмірінің бақыты – балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені...», - деп жазады.
Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, қас - қабағын бағып, көңілі қалағанын жырға түсіру, сыр ғып шерту келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі сирек кездесетін бақыт. Оны Мұқағали ақынның поэзиясынан танып, көруге болады.
Мұқағали өлеңдері – ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай евроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық үлгілерімен құнарландырды. Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың ләззатына қандырып, өзінің менімен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың оқырманның жан жүрегін баурады.
Ақынның шын мәнінде шеберлігі – ол қолданған әрбір амал - адам бейнесін ашуға қызмет еткен. Ақын поэзиясында табиғат көріністерін, пейзажды әшейін бір уақыт кеңістіктің дерегі ретінде даралап қарамайды, онда адам бейнесін толықтыра түсетін тәсілдер мол. Мұқағали Мақатаев – туған жерінің суретін бейнелеуде өзіндік өрнек таныта, өзгеше поэтикалық әлем аша жырлайды. Табиғат аясында туып - өскен әрбір ақынның сол тақырыпқа қалам тартпауы мүмкін емес. Туған жерді, оның әдемі табиғатын жырлау – барлық ақынның перзенттік парызы. Қазақ даласының табиғатын Мұқағали пәк, таза күйінде көргісі келеді. Адам мен табиғатты ол тұтастықта таниды. Табиғат та адам сияқты кейде көңілді, кейде мұңды. Соған лайық ақын да оны әр күйде суреттейді. Бірде ол дала бетін жапқан жібектей жасыл шөптер мен асқар тау, балдан тәтті сулар көрсе, кейде сол даладағы бабасы өскен Кеңбұлақты ғасырлардан оралған көштерге теңейді. Кейде сарғайған сары белін сәулелі лағылға теңесе, енді бірде сол даланың соққан самалынан таңдайына қымыздың дәмі келген.

Аян ғой аймағыңның сыры маған.
Сөйлейсің, сөйлейсің сен Ұлы Далам!
Мен сенің көкке ұшырған бозторғайың,
Шырылдап жерге түспей тұрып алам.
Бұл жолдарда да ақын адаммен бірге табиғаттан да келісім мен жарасым іздеген . Оның лирикасындағы табиғат жай сурет, көрініс ғана емес, жанды, сезімтал. Сол үшін Алатауға мұң шағады, жас қайыңнан өзіне сырлас табады, жапырақты жүрекке теңейді, мергеннің оғына іліккен аққу мен киікке жаны ашиды.
Мұқағали Мақатаев атты дарын, алып ақындық талантымен қаншама жылдар өтсе де, өлмес өлеңдерімен өрлей бермек. Оның өшпес өрнекті ұзақ өмір сүріп, жастардың жүрегіне жарқырап жетіп, жалын құйып, өзінің жылуы мен жарығын дарытуда. Әрбір оқыған, іздеген сайын ақынның жаңа сырлары аңғарылып, тың толқындары тулап, сырлы саздарын төгуде.
Тарихтағы ұлт ұлы ақыны ғана шығатын шұғылалы биікке көтерілген әрбір ірі ақындар сияқты Мұқағали да қазақ поэзиясын жаңа кеңістікке көтеріп қондырды да, өзі соның мәңгілік тұрғыны болып қалды. Ол әрбір мезгілмен бір көктеп көгеріп, әр ұрпақпен бірге жасайтын ақындардың таңдаулы тобына жатса керек. Ол кісінің өлеңдерін ұмыту мүмкін емес. Әрбір өлең сүйер қауымның жүрегінен ерекше орын алған туындылар мәңгі есте қалмақ!