«Ақиқаттың алдаспаны»

«Ақиқаттың алдаспаны»
жеке
блог

№81 мектеп-гимназиясында ақпан айының 14-жұлдызында «Ақиқаттың алдаспаны» атты Ринат Зайытовпен кездесу кеші өтті. Бұл кеште оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, ақын ағаларымен сырлы сұхбат жүргізді. Қатысқан көрермен қауымының патриоттық сезімі, рухтары көтеріліп, керемет әсерде қалды. Елін сүйер ерен жастарға айтыскер ақынымыз өз өлеңін арнап айтып берді.

Оқушылар да құр алақан емес. Бірі ақынның сөзіне жазылған «Көкке өрле» әнін орындап, бірі ақын өлеңін жатқа оқыды. Күмбірлеген күй шертіліп, қобыздың қоңыр үні нағыз қазақтың иісін аңқытты. Қазақ елі, туған жер тақырыбында сынып белсенділері өлеңдер арнады.

Кеш барысында қойылған сұрақтар:

-Қандай оқушы болдыңыз?
- Оқушы кезінде ұстаздарға еркелейтінбіз. Менің құрдастарыммен салыстырғанда жаман оқушы болған шығармын. Бірақ, қазіргі күнмен салыстырсақ, жақсы оқушы болғанмын деп айта аламын.

- Ринат аға ең алғашқы өлеңіңіз қандай?
- Ең алғашқы өлеңім «Достарыма» деген өлең болатын. Алғашқы өлеңімді шығарған уақытта әкемнен таяқ жеген болатынмын. Мына өлеңді қайдан көшіріп алдың деп әкем ұрысқан еді.

- Бүгінгі қоғамдағы қазақ тілінің мәртебесі қандай деңгейде?
- Тілдің мәртебесін көтеру тәрбиеден басталады. Әрбір ата-ана баласына тілге деген сүйіспеншілікті сездіру керек, түсіндіру қажет. Қазақ тілінің статусын көтеру үшін орыс тілін қатар алып жүргеніміз дұрыс емес. Біз қазақ болғандықтан өз тілімізде сөйлеп, өз тілімізді құрметтей білгеніміз жөн. Орыс тілі шетелге шықсаң, тіпті қажеті болмай қалады.

- Армандамайтын адам болмайды. Арманыңыз не?
- Арман көп қой. Маған салса, осы әлемнен ақша дегенді жоғалтып жіберер едім. Ақшаның кесірінен адамгершілік қасиеттерден айырылып жатырмыз. Қазіргі өміріміздің бәрі осы бір уыс ақшаға байланысты болып жүр. Өткен замандарда да ақшасыз өмір сүрдік қой. Ақша бұл басқарудың құралы үшін ойлап табылған зат.

- Дарындылығыңыз балаларыңызға дарыған ба?
- Оны әлі байқамадым. Алды 7-ші сыныпта оқиды. Бірақ, балаларымның ақын болғанын қаламас едім.

Сұхбат үшін, кездесу үшін мектеп әкімшілігі Ринат Зайытовқа алғысын білдірді. Кеш соңында оқушылар Ринат ақынмен суретке түсіп, қолтаңбасын алды.

№81 мектеп-гимназиясының Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Сикымбекова Назгүл