...Сәл нәрсеге бола ренжи қоятын адам емес. Адамдардың ұсақ-түйек кемшіліктерін кешіре білуді үйренген. Мінсіз адамның бұл ғаламда жоқ екеніне де көндіккен. Бәрі де пенде. Тәуір деп жүрген екі достың, бірінен кейін бірі көңілді қалдыруы адамдардың «жарамды мерзімі» болатын түсіндіргендей. Бір мезгілде келіп, бір мезетте жан дүниені ойраңдап, өміріңнің бір бөлшегін уысында сығымдап кетіп бара жатады.
Адамдардан кінә іздеуді тоқтатқандықтан кінәні өзінен іздей бастайды. Өзінің де кінәсі шығар: адамның бойынан бір жақсы мінез көрсе, аспандатып көкке көтеретіні. Мүмкін өзі ақкөңіл, аңғал болғандығына кінәлі шығар?! Адамдарға сенгіштігі де жақсы мінез емес деп топшылайды өзі. Адамдарға қанша сенбейін десе де, өзін-өзі ұстай алмай көмекке тұра ұмтылады да, сосын тағы өкініп жүргені. Қандағы мінез қайда жіберсін?! Әкесі жарықтық дос түгелі дұшпанның көңілін қалдырмайтын асыл еді. Балажан еді-ау. Тұңғышы да осы – «әкесінің баласы».
Өз мінезіндегі кейбір олқылықтарына әкесін айыптайды. Әкесін ерте кеткені үшін де жазғырып пендешілікке барып қоятыны бар. «Отыз бес деген адам өлетін жас па еді?»- дейді... Өлетін уақытын адам таңдайтын ба еді?! Ол кезде бесте болатын. Бес жаста өлімнің не екенін білмегеніне өкінеді. Сол бес жасында көзінен шықпаған жас іште мәңгілікке өксік болып қалып қойғандай. Қазір де әкесін жоқтап, бала кезінде құлап тізесін ауыртып алғандай бір өкіріп жылар еді-ау, көзінің жасын көл қылып. Жас бала емес, «ұят болады». Соңында өзін-өзі:«Құдайға да жақсы адам керек», - деумен жұбатады.
Арқа сүйері жоқтықтан адамдарға жалтақтап қарайтын жуас, жасық болып өсті. Біреу түртіп кеткенге бола жылайтын еді бала кезде. Көзінің жасын сүртіп тұрып, «Әкеме айтам!» дейтін ішінен. «Әкеме айтам! Әкеме айтам!» дегенмен, ол дауыс болып дыбысталып, сыртқа шықпайтын. Ешкім де оны естімейтін.
Әкесі естіп тұрғандай, еріндерінің ұшын ғана жыбырлататын...
«Әкеме айтам!»...