Әкеңді ғана сағынсаң анаң өкпелемейді

ӘКЕ

Мені өсірген өзімнің «пайғампарым»...

                                                   Қайсар Қауымбек

Әке,

Ескермеппін тірліктің сесті лебін,

Шаққа ұқсаған жанымыз кешкі керім.

Бөлтірігің бөрі боп көкке ұмсынды,

Қасиетің кеудеме көшті менің.

 

Әке,

Қыран текті жан едім құзға құмар,

Үмітімді дұшпан жүр қызғанып әр.

Мен де өзіңдей кешпекпін жалын – ғұмыр,

Жүрегінде от,

Ал маңдайда ызғары бар.

Әке,

Шаттығымнан жеңілген шыгар налам,

Алстаман сертім кіл түп арнадан.

Жұрт әкесін таниды сенесің бе?

Өзің жайлы мен жазған шығармадан

 

Әке,

Бөтен шабыс, мұндағы бөтен жүйрік,

Бөтен бөгет қамықпа өтем құйғып.

Орда бұзам деуші едім асылық бұл,

Тәңір – шалдың қолында екен билік.

 

Әке,

Мұнша несі көк ұлға қасарғаны,

Жас үміті жақпай ма

Жас арманы?

«Пайғампар» боп кетіпті жұрт әкесі,

Пайғампарлық істейсің қашан кәні?

 

Әке,

Шанағында күй ілкі шертілмеген,

Шертілмеген ғашықпын серпінге ерен.

Торықпағын тобылғы ең мың беректі,

Тобықтай ұл – тұрам шын сертімде мен.

 

 

Мың дауылдың мызғымай өтінде ерен,

Тұатынсың тайсалмай секілді емен

Ғазез әке, істедің бәрін-бәрін,

«Пайғампар» бол деп мен ем өтінбеген!



Бөлісу: