ӘКЕМНІҢ ТОНЫ...
блог
Қақаған аязын да, қарлы боранын да көріп өскен Шығыстың қызымын. Біздің ауылда қар қалың жауатын еді. Біздің жақтың қысының қызығын жазар болсам, ешқашан таусылмайтын шығар... Сырттағы темірге тілімізді тигізіп, аузымыз қан-жоса болғанымен қоймай, біреуді әкеп тап сол темірге "жапсырып" кетететініміз - өз алдына бөлек әңгіме. Айтпағым бұл емес еді...
Әңгіме - Алтайдың алты ай қысында киетін киіміміз жайлы. Басымызда - малақай, үстімізде - тон, аяғымызда - пима... Ал қолымызға киетін қолғабымызды резеңке өткізіп жеңімізден "салақтатып" жүретін едік. Жоғалтпас үшін үлкендердің тапқан амалы ғой...
Біздің үйде әкемнің 4-5 қара тоны болды. Тон болғанда қандай! Таза теріден тігілген, ішкі жүні қалың әрі жылы. Қазіргі Түркиядан әкелетін "дубленка" деп әспеттеп жүрген тондар оның жанында қаудыраған бірдеңе... Әкем 4-5 тонның біреуін жұмысқа киеді, бірі - ауыл-үйді қыдырғанда киетіні. Қалған үшеуі судай жаңа болатын. Ойынның түбін түсіріп, сырттан тоңып қалжырап келгенде анамыз үшеуміздің үстімізге әкемнің үш тонын жауып жатқызып қоятын. Әп-сәтте бойымыз жылынып маужырап ұйықтап қалушы едік. Маған ылғи әкемнің тері сіңген қара тоны бұйыратын. Айтпағым бұл да емес... Совхоздың қарапайым жұмысшысы, 45 жыл автомеханик болған менің әкемде сол кезде таза былғарыдан тігілген, Қайнар ағам айтпақшы, сәнге емес, қойға киетін керемет тонының болғаны жайлы. Келмеске кеткен Кеңестік қоғамды аңсап отырғандай болмайын, бірақ ауылдың жұмысшысына осындай жағдай жасалатын еді...
Айтпақшы, таяуда туысыма еріп, киіт алуға барған едік. Болашақ құдасына - тон, құдағиына алтын дегендей... Жетістіріп таңдамасам да, жанына еріп жүрмін... Жағасы қымбат бағалы теріден тігілген, бағасы удай түріктің тонын көргенде өзіммен бірге қалаға келмей, ауылда қалып кеткен балалығым есіме түскені. Анығы, әкемнің тондары. Әкемнің тер иісі сіңген сол тонын есіме алғаным сол кеңсірігім ашып, кеудем сағынышқа, көзім шүпілдеген жасқа толып, туысым мен саудагерден сырт айналып кеттім... Қайнар ағамның бүгінгі жазбасы - "Жалбыр тоны" Алматыдан - ауылыма, Алатаудан Алтайдың етегіне тез-ақ жеткізгені. Бірақ құлагер-қиялым қанша жүйрік болса да, өзім үстінен түспейтін кішкентай шанамның жылдамығына жете алмады. Тым алыстап кетіпті...