Әкее-таа-ай,
әкетайым-ау, мен бүгін өзіңді сағынып, тағы да терезеге телміріп отырмын. Құдды, мына тар қапаста мені құтқарар, бір жан болсашы деп...
Мен сенің шынарыңмын! Ал, сен әке асқарымсың!
Мөлтілдеп жанарыма кеп толып, моншақтай тізілген жасымды сүртіп, қолым бір босай алмай тұрғанын, көрмегенің қандай жақсы осындайда...
Қызыы-ыы-ықққ, мен неге еріксіз ыршыған жасты тыя алмай отырмын?! Әке, бұл өзіңді сағынғаннан-ау шамасы...
Есіңде ме, маған: «Сен менің құдайдан тілеп алған жалғыз ұлымсың!»,- деп маңдайымнан сүйіп, иіскегенің!...
Сенімен мақтанам! деп зор үмітті мойныма артып едің, оның да көтерер жүгі, мен ойлағандай жеңіл емес екен әке!
Қыз баласына тән «нәзіктік» деген қылық, бойымнан, «Сен менің құдайдан тілеп алған жалғыз ұлымсың!» деген сөзіңді естіген күнімнен бастап жоғалғанын білемісің?! әкетай, әкетайым-ау...
Сен менің сүйенішімсің, тірегімсің, барым да нарым да өзің ғой әке!
Мына хатты өксіп-өксіп қолдарым құрғыр, дірілдеп жазып отырмын!
Мен сені осы уақытқа дейін ұятқа қалдырған емеспін, қалдырмаймын да!
Себебі, сенің тәліміңді алдым. Қатал тәртібіңді көрдім.
Қыз баласына қырық үйден тыйым десе, сен мені, өзің де айтатын, сексен үйден тыйдың ғой әке!
Өмірде ақ пен қара жолақ қатар жүретінін, қадамымды аңдап қана, нық басу керектігін, Әлия мен Мәншүктің өжеттігін үйреткен де өзің ғой әке!
Мен сені сондықтан жақсы көремін!
Таусылмас ақыл-кеңесі, Әкелердің төресі! Өзіңсің!
Мен сені мақтағалы отырғаным жоқ, мақтамаймын да, мен сенімен қашанда мақтанамын!...