Әкемнің балалық шағы

  «Қыз бала әкесіне жақын келеді» дейді ғой... Мен  үйдегі әкемнің жеке меншік қызымын. Әкем көп балалы отбасында өскен. 1 ағасы, 2 әпкесі, 1    бауыры, 8 қарындасы бар. Менің әкем  ақкөңіл, еңбекқор, қарапайым бір ашуланғанының өзі жеткілікті, салмақты жан.

«Әке» бұл өмірдегі қымбат жан. Оның әрбір сөзі, әрбір ісі тек «балам үшін» деп тұрады. Әкем биыл мүшел жасқа бұйырса толады.

Сондықтанда, бүгінгі мақалам өзімді өсіріп, осы уақытқа дейін жеткізген әкеме арнаймын.

  Бірде әкем екеуіміз шай ішіп отырған сәтте, әкем балалық шағын айтып, маған ерекше күлкі сыйлап еді. Сол кездегі әңгімені әкемнің өз сөзімен өрнектесем.

«Бала кезімде марқұм шешемнің тентек, қырсық, еркесі болдым. Бірде ағам екеуіміз темекі тартқымыз келді. Ол кездегі темекі  қазіргі темекідей емес қой... Әкемді қашан темекі дайындап, тартатынын бақыладық. Ол кісі тартып, «бітті-ау» деп тастап кеткен темекісін ақырын білдіртпей барып  алдық. Сөйтіп, кешке өзіміз тығылып, қора артына барып, шолақ  темекі тарта бастадық. Сол сәтте әкем көріп қойып, жерде жатқан тезекті ағамның аузына қарай лақтырып жіберді. Ағамның ауызындағы темекісіне тиіп, аузы күйіп қалды. Содан бастап, ағам темекіге жолаған емес. Мен марқұм шешемнің еркесі болғандықтан, маған ешқандай жаза қолданылмады. Ал, мен содан бері темекіге әуеспін.»-деп күліп жіберіп, ары қарай әңгімесін жалғастырды.

« Оқушы кезімді айтайын ба? Оқушы кезімде мен жақсы оқыдым. Әй, біздің кездегі мұғалімдер қатал болатын. Мысалы, мен жақсы оқитын оқушымын, үйден жасап келген тапсырмамды нашар оқитын оқушыға көшіртсем, көшірткенім үшін маған «2» деген баға бұйыратын, ал көшірген баланың нашар оқитынын білсе де оған «5» қоятын. Мұғалім ұрса да, ұрысса да сол кісінікі дұрыс. Тіпті директордың өзінен қорқатынбыз. Ашық сабаққа директор қатысатын болса, түнімен отырып дайындалып баратынбыз. Және киіп жүретін формамыз, «қыздікі», «ұлдікі» демей жинақы жүретінбіз...

Бірде бәріміз қазақ әдебиеті пәнінен өлең жаттауды ұмытып кетіппіз. Ол мұғалім жасы келген қартаң кісі еді. Содан алғашқы шыққан оқушы, кітаптан жаттайтын өлеңді жыртып, ұстаздың артына ақырын қойып, оқып берді. Бәріміз сол баланың тапқыр ойның арқасында «5» деген үздік баға алған едік.» деп әңгімесін аяқтады.

Иә, әкемнің балалық шағы қызықты өткен. Арасында қиыншылықтардың да болғаны сөзсіз. Әке жүрегі қанша есейсе де, анасын сағынады, іздейді, кейде ауыр күрсінумен шектеледі. «Әкемнің амандығы, жарыммен аман-есен бірге ұлдарымды ұяға, қызымды қияға қондырғанын көріп кету, ел сияқты байлық, мансапты армандамаймын» деп өзінің бар арманын жеткізді. 



Бөлісу: