Әкемнің әңгімесінен...

Тәксис

Арқабай жас ортасы елуге келді. Немересі де бар. Кемпірі –сол баяғы, құдай қосқан жары Сусұлу. Күнделікті күйбең тірлік. Ауыл ішінде тәкси қызметін атқарады. Кешегі кеңес өкіметі кезінде бадабозбен отар-отарға су таситын. Арқаға мал айдағанда ферме бастықтың шопыры болып, жап-жаңа бадабозбен Бетпақты да талай мәрте көрді. Кейін сапхоз тарап, күні әкесінен қалған «Мәскібишке» қарап қалды. Ауыл арасында адам тасып күнін көріп, кейін белді тәксиске айналды. Алғашқы да адамдардан ақша алуға ұялатын. Сұрамайды, тек бергенін алатын. Қазір тиынына дейін санап алатын жағдайға келді. -Әй, көлік сумен жүреді ме? Бензин қымбаттап жатыр. Жалақыңды түгел бер!-деп төтесінен қояды. Көлік орнынан қозғалса болды 200 теңге, апарған жерінде клиенттерді бес-он минут күтетін болса, бағасы да екі есе есептеледі. Соңғы кезде, бензин бағасына тұсау болмай қойған соң, газбен жүретін етіп, ауыстырып жөндетіп алған еді. Кім біліп жатыр: Клиенттердің үсті-басына, түр-әлпетіне қарап «бензин қымбаттап жатыр» деп, аузына келген бағаны айта салады. Жұрт та есеңгіреп есі ауып қалған-ау, айтқан бағада жолақысын төлей салады. Бағасын сұрап, дауласып, қарсылық таныту деген жоқ. Олардың да баға өсе-өсе жүйкесі мен жандүниесін езіп тастаған-ау. Арада біршама уақыт өткенде Арқабайдың арқырап тұрған көлігі бұзылды да есіктің алдында қаңтарулы қалды. Арқабай енді тәксис емес тәксиге мінуші- жолаушы қатарына қосылды. Тәкси тоқтатып, алғаш көлікке аяқ артқан күннен бастап ол шын мәнінде жолаушының жан дүниесін түсіне бастады.-Бірақ барлық тәкси жүргізушілері жолаушы көзімен қарай алмайтыны өкінішті,-деді іштей басына іс түскесін түсінген Арқабай көше бойында қол көтеріп тұрып.

Мақсат Қарғабайдың "Өмірдің өзі" кітабынан алынды.



Бөлісу: