Әкемді "тірілткен" кітап...

Әкемнен хат, анамнан сөз қалмаған... Мұным үшін пәлендей ұяламын деп айта алмаймын, себебі көбінің хәлі менен алыс емес. Ең болмағанда айтары болған шығар, ал мен одан да адамын... Мұным үшін мақтанып, яки еңсе түсірейін деген ойым жоқ! Жәй ғана мен осының бір амалын табатыныма сенетінмін... Әкемнің ескі сөздері есімнен шығып қалмасын деп түртіп алатынмын, анамның ескі қойындәптеріндегі жазбаларды жанымда сақтайтынмын. Санамнан өшсе, оқып қайталап жүретінмін... Қайқаустың "Қабуснамасы" қолыма түскенде өмірге әкем тіріліп келгендей қуандым (Мынау осыған дейін шығыс әдебиетін ашпаған ба дерсіз, не десеңізде солай болып тұр енді)... 

  "Ей, перзентім!"... Ол әр тарауды осылай бастайтын...Йә, мен де оның перзентімін деп санадым өзімді... Құдды Гиланшахқа (немересі) емес, маған айтып отырғандай... Екі күн оқып, ұнаған тұсын түртіп алдым...

Перзент жеміске, ата-ана жеміс ағашына ұқсайды. Жеміс ағашын жақсы күтсең, жемісі де дәмді болады. Сол сияқты ата-анаға деген ізгі тілегі қабыл болғаны... Малмен бай болғаннан гөрі, ақылға бай болу жақсырақ. Наданның жарлы болуы демде, аңдасаң,ақыл деген - бір қымбат нәрсе. Оны ұры алып кете алмайды, ол отқа жанып, суға ақпайды. Егер ақылың болса, өнер үйрен, өйткені өнерсіз ақыл-киімсіз дене, яғни кескінсіз адам сияқты деуге болады. Сөзді өз орнымен сөйле. Орынсыз айтылған артық сөз опық жегізеді. Егер сөйлеген сөзіңнен бір нәрсенің пайдалы иісі сезіліп тұрмаса, ондай сөздің айтылмағаны жақсы. Қайғылы жанға қуанышыңдыайтпа. Әр нәрсеге таңданып, таңырқама, өйткені таңдану жас балаға жарастықты. Есті жан қайғымен аяқталатын қуанышты қуаныш, қуанышпен аяқталатын қайғыны қайғы демейді. Үмітсіздіктен сақтан, жақсылықтан үмітіңді үзбе, үміт есігін аша біл! Керісінше, үміт есігін үмітсіздікке айқара ашпағын.  Қанша дана болсаң да, сен өзіңді халықтан данамын деп есептеме, сен өзіңді кіші санасаң, ұлық боласың, надан санасаң, дана боласың. Өзін қарапайым ұстап, білімсізбін дейтін білімдар - нағыз дана сол. Жалғанға ұқсаған шындықтан гөрі, шындыққа ұқсаған жалған жақсы.  Ей,перзентім, егер шарап ішпесең екі дүниеде қор болмайсың... Халықтың әңгіме-өсегінен құтыласың.  Жұртқа не айтсаң, жұрттан соны естисің. Ғашық болсаң, өзіңе лайықты жанға ғашық бол!  Бір тәулікте 24 сағат болады, сегіз сағат ұйқыға, сегіз сағатты үй тіршілігіне, сегіз сағатты рухани жан азығын байытуға жұмса! Барлық тірі жан өледі, бірақ ажалы жетпесе, ешкім де өлмейді.  Егер қарыз берсең, қарызыңды өз малым деп есептемегін, досыма бергенім деп ойла.Өзі әкеліп бергенше қарызыңды сұрама! Өйткені қарызыңды сұрасаң,достығың дұшпанға айналуы ықтимал. Біреуді орынсыз мақтама, уақыты келгенде жамандай алмайсың... Сол сияқты біреуді қатты жамандама, уақыты келгенде оны жамандай алмайсың... Аз сөйлеп, ұзақ ойланғын! Тым ұзақ немесе тым қысқа және мағынасыз сөз сөйлеме! 

44 тараудан (бір тарауы берілмеген) тұратын кітапта дүниеге келгеннен, өмірден өткенге дейінгі дүние түгел (меніңше) қамтылған. "Бұл кітап бүгіннен ертеңге жете ме?"- деген адамға, еріксіз бас изер ем... Мен секілді кеш оқудың сәті түсіп тұрса қысылмаңыз, тек өзгеден емес, өзіңізден ұялып оқып шығыңыз... Өмірлік сабақ боларына МЕН КЕПІЛ!

Мақпал Төребек



Бөлісу: