Әкем өлді келмедің...
блог
Бала кезімнен Бала би туралы әкемнен көп естіп, өстім. Әсіресе, отбасымызбен жиналып, үстіне сары май салынған, сүтке пісірілген күріш тағамымен түстеніп отырғанда Бала би атамызбен байланысты бұл әфсана әркез еске түсетін. Бұл тағамды Қызылорда өңірінде «Сыр күріш» деп айтады. Енді, бұл тағаммен байланысты қандай әфсана деп отырған боларсыз?
Ертеректе сыр өңірінде өмір сүрген белгілі би-датқалар Досбол мен Бала би бір үйде түстеніп отырады. Үй иелері түстікке сүтке күріш бұқтырып, үстіне сары май салып әкеледі. Әрине, сары май тағамның басты дәмдеуіші. Ауқаттанып отырған Бала би сонда сары майды өз жағына қарай жақындатуды ойластырып:
- Досеке кішкентайымыздан бірге өскен егіз едік. Әкем өлді - келмедің, шешем өлді - келмедің, - деп сары май бетінен өзіне қарай екі жол тартып қояды.
Сонда жолдасының қулығын сезе қойған Досбол би:
- Мен сені ұмытайын деп жүр деймісің. Ееее, ол кез ел ішінде аласапыран заман еді ғой - деп сары май мен күрішті араластырып жіберіпті.
Бала би шешен 1811 жылы киелі Шиелі топырағындағы Бәйгеқұм, Жөлек маңында туылған. Шын есімі Бименбет Есенәліұлы. Он үш жасында жетім қалып, әкесінің інісі Арғынбайдың тәрбиесінде болып, қасына еріп жүреді. Ағасы жас Бименбеттің зеректігін байқап, ел ішіндегі жиын, той, ас, басқа да басқосуларға ертіп апарып, болашағынан зор үміт күтеді. Осылайша жастайынан ел мен жер дауына араласып, халық арасында Бала би атанады.
Әкемнің ағасы Әйтеке көкемнен естіген, есімде ерекше қалған тағы бір ел аузындағы әңгімені айта отырайын. Қоңырат жұртында Байзақ атты датқа болыпты. Байзақтың жүйрік тұлпары бар екенін естіп, қатты қызыққан Қоқан ханы, сол тұлпарды түрлі амал-айламен қолына түсіре түсіре алпапты. Түркістан билеушісі түрлі себеп-сылтау іздеп, Байзақ датқаны қамауға алып, оның үстіне алба-жұлбасы шыққан киімдер кигіздіріп қояды. Қарауындағы барлық датқаларды жинап алып, Байзақ датқаны алдарынан өткізіпті. Жиналған датқалардан Байзақтың үстіндегі жұлымы шыққан киімді жарасады ма деген сұрағына көпшілігі, «иә, жақсы жарасады» деп бір ауыздан билеушінің сөзін сөйлейді. Сонда сөз реті Балабиге тигенде, ол «Уа, мырзам, күндердің күнінде басыңнан бағың тайып, дәулетің мен атағың аяқасты болғанда, бұл киімдер сізге де жарасады. Өмірде бастан бақтың таюы бір-ақ сәтте, ұлықтан кішік болу, ел-жұрттың өзіңнен теріс айналып кетуі әп-сәтте»- деп жауап беріпті. Қызыл сөздің қадірін білген халықтың ұрпағы емеспіз бе. Сөз астарын дұрыс түсіне білген бек, өзінің негізсіз іс-әрекетін тоқтатыпты. Тәубесіне келіп, Байзақ датқаны босатып, кешірім сұрап, сый-сияпатымен шығарып салыпты.
Жас болса да, бас болып, әділдікті жақтаған Бала би туралы «Еркін боп хан мен бекке өткен екен, қорған боп датқалардың сыртындағы» деген сөз Сыр өңірінде жиі таралған. Бала бидің атында бұл күндері туған жері Шиелі өңірінде мектеп, көше мен ауыл атауы бар. Ал мен, сол Бала би көшесінің тұрғынымын.