Әкем дәрігер болғанымды қалады...

Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде белгілі ақын, аудармашы Алмат Исәділ ағамыздан біраз сауалдарға жауап алған едік:

 

-Негізгі кішкентай кезінізден армандаған арманыңыз журналист болу ма?

-Әр адам мұратпен,мақсатпен қалыптасып өседі ғой.Менің әкем дәрігер болды ,ал анам ұстаз болды.Сол бала кезден өнерге, әдебиетке құштар болып өстім. Себебі, отбасымызда кітап оқуға деген құмарлық болды. Өзім орыс мектебінде оқығандықтан қазақ әдебиетіне деген қызығушылығым басым болды. Сондықтан, ауылдағы жиын-тойларда, дастархан басында, үлкен кісілердің алдында өлең оқып, домбыра шертіп өнерге бейіміміз қалыптасты.Бірақ, әкем менің дәрігер болғанымды қалады. Өзім мектеп кезінен гезет- журналдарға мақала жазып, журналистикаға қызықтым.Жалпы арманым орындалды деп ойлаймын. Сапырылысқан заманда елдің сөзін жеткізіп жүрген жәйіміз бар.

-Қазіргі таңда газеттер электронды жүйеге ауысып жатыр. Осыған көзқарасыңыз қандай?

-Заман озған сайын, дәуір алмасқан сайын адамдар өркениетке, дамуға ұмтылған сайын, оның айналасы да өзгереді. Әр заман өз талаптарын қояды.

Қазіргі ақпараттық салада, электронды дүниелер алға шығып кетуі заңдылық. Себебі, заман бір орында тұрмайды. Әрине, газет – журналдардың, кітаптардың дәуірі  өлмейді. Бірақ, тұтыну бұрынғыдай өте мықты емес. Қағаз жүзінде газет шығару көптеген шығынды қажет етеді. Сондықтан, заман талабына сай электрондыдүниелерге ауысып отырған жәйі бар.

-Жас журналистерге, сткуденттерге айтарыңыз бар ма? Қазақ журналистикасында түзелмей жүрген, осы жастар түзесе екен деген кемшіліктер болса....?

-Қазіргі интернет  - журналистика тілді ластап жіберді. Кейінгі журналистердің сөз қолданыстары өте жұтаң,сөзді ретімен қоя білмейді. Жалған сенсацияға ұмтылып, болмағанды болғандай қылып, ауызекі жаргондарды көп пайдаланып, жалаң тілмен, жұтаң тілмен ақпарат жасағысы келеді.

Редакцияда шыңдалған журналистердің орны бөлек.  Әншілердің, басқа мамандық иелерінің журналистикаға келуін мен аса құптамаймын. Журналистика деген жолдан қосыла салатын, жолбике мамандық емес. Журналист болуды ток-шоу жүргізу, сайтқа мақала шығару деп ойлайды олар.

 Журналистика ең алдымен: ой, тіл сосын сөз түзу болу керек. Сондықтан да сіз бен біз осы журналистика мамандығының маңайында жүргендіктен, осы дүниеге өте жауапты болуымыз керек.

-Уақыт бөліп сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.



Бөлісу: