...әкем болмаса...
блог
Тағы да жалғастырамыз ба, қалай? Менің жазғым келіп кетті. Сол бұрынғы әдетім. Бұл жолы Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» повесі.
*Дүниедегі ең мықты, әрі ақылды, әрі мың жасайтын тек қана менің әкем екенін, менің әкемнен асқан адамды осы жасыма дейін көрмегенімді, талай ауылды, талай қаланы аралап сандалсам да таппағанымды, тіпті енді мың жылдан соң да таба алмайтынымды, өйткені әкем әкем мені дүниеге әкелгенін, өйткені менің әкем...
*Әйтеуір, әкемнің үлкен бір тірі кітапхана екенін сезінетінмін.
*Біздің әлі қанша жол жүретінімізді, қайсымыздың аяқ артар көлігіміз ерте бой алдыратынымызды әкем болмаса, мен білмеймін: әкеме ерсем ғана адаспаймын. Әкем ғана мені ерте оятып, таңғажайып таңды жұрттан бұрын көрсете алар. Тек әкем ғана арайлы шақта аялап оята алады.
* оның да қуаныш-жұбанышы, сүйініш-күйініші бар. Адал екенін таныдым; бірақ менің қорқатыным мынау: мені дүниеге әкелуші, жарылқаушы ием баяғыдай алып емес, күн өткен сайын шау болып шөгіп, күн өткен сайын ұғымымдағы асқарлы тұлғасы мүжіліп, кішірейіп бара жатқандай еді; мүмкін мен ержетіп әкеме теңестім бе, әлде балалықтың әрі тар, әрі таза қиялындағы әкем қазіргі салқар санамда қалқып қана қалды ма... Құдай-ай мен әкемді неге, неге биіктен – заңғардай зәулім биіктен көре алмаймын.
*Дүниедегі ең жаман нәрсе – жүрегіңді жастай жаралау. Жүрегін жастай жаралаған адамның оңғанын көргенім жоқ. Бір бітеу жара жарылмай сыздап, еңсеңді еңсеріп басады да жүреді. Біз балалықты тым-тым ерте жоғалттық. Ал қазіргі жас сол балалықтан арыла алмай дал.
*Мен әкемнен сескенетінмін, ол оқымаған оқымысты еді.
*Дүниедегі ең қорқынышты нәрсе өлетін сәтіңді күні бұрын білу және соған дайындалу болса керек. Мен еститінмін, ерлі-зайыптылар бір-бірін алты-ақ күн шын жақсы көріп сүйеді, шын қанжылап жоқтайды; үйлену тойына үш күн қалғанда, бір-бірін өлімге аттандырғанға үш күн өткенше – шын өтірігін қайдам, менің шешем әкемді о дүниеде де бар болмысымен жақсы көріп өтетін секілді.
*Үлкендер айтады: «Дәретсіздерге дәрі болғанша, Қаржаумен бірге көшіп кеткен шығар»-деп. Ал әкем айтады: «Қаржау түсімде ылғи аян беріп жүретін еді»,-деп. Ал менің түсімнен Москва шықпайтын, қара қасқа құлынға мініп, үстінен ұшып өтетінмін.
*әлемдегі ең сұмдық сөз – жетім-жесір.
*Сонсоң... әке жаққан отты ұлы сөндірмес болар.
*-Ең бақытты өлім – ақылдан алжаспай өлу ғой, балам. Ақылың бұрын өлсе – кірпігің қимылдап жатқаннан не пайда.
*-Ақылды адамның тынышты ғұмыр кешкенін көргенім жоқ, әр нәрсені бір ойлап өз жанын өзі жей бермек. Әмбе көп істерінің қиюы келмей, жығылып сүріне бермек, әмбе тек ақымақтар ғана ешқашан қателеспейді.
* олай дейтінім – жайымен ақыл сұрасаң, ақылы асып кетер деп қызғанар «ағаларым» бар;
* бастарыңа тигенде болмаса, қазір «өзімнен» өзгені мойындамайсыңдар-ау.
* «өсіру де еліңнен, өшіру де еліңнен, көшіру де еліңнен».
*Мен жер басып жүргендердің көбін аядым, өзін өзі арыстанға балап, алдаумен, алданумен ғұмыр кешетіні үшін аяған шығармын; білемін, жер бетінде асыл адамдар көп, бірақ жер астында одан да мол-ау...
*Дүниенің бәріне алдаусыратып, болымсыз үмітпен қарайсыңдар. Әрине, үміт деген жақсы-ақ. Бірақ нағыз қапияда қалдырар алдамшы да – сол үміт. Атам айтатын: «ең қасіретті өлім – қаңғырып өлген өлім, ал қаңғыртатын – тентірек үміт. Жер ұйық іздесем, табар едім, қайтейін туған жердің бір уыс топырағына зар болып, көмусіз қалам ба деп қорықтым».
* өйткені бүгінгі біздің қуанышымыз солардың қайғысынан, қанынан көктеген гүл секілді.
*Құс ұшса, ұясы қалар, ал менің ұям – туған жер, мен осына туған жерге оралған сайын, қайта дүниеге келемін, қайта іңгалап, қайта қаз тұрып, тәй-тәй басамын, менің туған жерім картаның бетіне сыймайтынын, менің туған жерімнің бүкіл байлығы мен сұлулығын сол картадан ғана көре алмайтынын, өйткені менің туған жерім бабаларымның қанына суарылғанын, оған ешкімнің, ешбір елдің көз алартуға қақысы жоқ екенін білемін.
*Егер далаға түнеп көрмесеңіз – айналайын табиғаттың қадірін түсініп, айналайын табиғаттың бел баласы екеніңізді біле бермегеніңіз.
*Біз ең ақырғы бай-болысты осылайша жерледік. Бірақ біз шалды ғана көмдік пе?!