Әкем әлі ақындығымды мойындағысы келмейді...

Әкем әлі ақындығымды мойындағысы келмейді...
жеке
блог

Батырхан Сәрсенхан 1995 жылдың 28-наурызында дүниеге келген. Журналистика кафедрасының II-курс студенті. Бірнеше Халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

АНАМ ЖІГІТТІҢ КӨП СӨЙЛЕГЕНІН ҰНАТПАЙТЫН...

Батырхан, ақынды өлеңінен ажыратып алу мүмкін емес шығар... Өлеңіңізде: 

"Қара да тұр, сен мені, ұара да тұр,

Жыл ағады, өзгерер бұлақ әні...

Көп кеше қол сілтеген бала Батыр,

Батырхан боп алдыңнан шығады әлі!"-дейсіз... Батырханға айналған шақта, кешегі Бала Батырға көз жүгіртсек... Сізді ақын еткен ауылдың ауасы бөлектей көрінеді осы...

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтың: «Отанның қай жеріне де күн мен ауа тарайды, қай төбенің аспаны да арайлы... Қай төбе де туған жер деп мақтануға жарайды»,-деген керемет өлеңі бар. Мен туған жер – Ордабасы ауданы Ақпан батыр ауылы болатын. Ауылда көше дейтін бір ғана көше бар. Сол бір жолдан ұзай алмаған армандар, Габриел Гарсиа Маркесше айтқанда: «Қураған жапырақ сынды, жел қайда тұрса сонда ұшып «адамдық қоқысына» тапталып жатты». Ағам Оралхан кітапқұмар, оқымысты адам еді. Сол ағама еліктеп, бүлдіршін жасымнан өмірдің ғажайып сырларын тануға құштар болдым. Бірде ағам, ақ-қараны айырған шағымда маған былай деді: «Бұл ауылдың құрылғанына 80 жыл болды. Әлі бірде-бір адам осы шаңырақтан шығып, парасат биігіне көтеріле алған жоқ. Көбісі қойларын қошқар қылып, осы шұңқырда мағынасыз өлім құшады»...

...Мен ұзақ ойландым. Алғашқы өлеңдер де осы сарынды ойлардан туды.

«Көк белінде асыр салған құлынның,

Өткеніне бұғау болар бүгін кім?!

О, туған жер,өрт астынан көктеген,

Сексен жылда тау толғатқан ұлыңмын!» Міне осылай басталды...

            Өлеңге жаны құмар жандар аз емес айналамызда...  Бірақ түсіне алмайтындар да жоқ деуге болмайды. Сіздің түсінігіңізде өлең дегеніміз не өзі? Оны жазу соншалықты қиын ба?

Менің ойымша, нағыз өлең ақынның жүрегін дір еткізіп, жүрек әбден қорытып миға жібереді. Ал миы сүзгіден өткізсе, саусаққа бұйрық береді. Онан соң саусақ қалам ұстап ақ қағазға құя салады. Бұл – нағыз өлең. Ал кейбір даналар жүрегі мен миынан өз қайғысын өткізбей жатып, саусағына күш салады. Жүрекпен емес, саусақпен жазады. Осы себептен: «Иттер қабады, биттер шағады»,- дейтін мүгедек өлеңдер өршіп барады. Бақытжан Алдиярдың: «Өлең жазу маған түк емес, себебі мен жазғым келген кезде ғана жазамын»,- дегені бар-тын...

Отбасыңыз да ақындықтан құр алақан емес шығар? Өлең қанмен келетін қасиет деп жатамыз...

Әкем – жарты ақын. Мені әлі күнге дейін мойындағысы келмейді. Өзінше бір әлем. Жасы сексен беске келген Сәрсенхан ақсақал өлең-жыр десе ауруын ұмытып, атып тұруға әзір. Он жасымда Нартай Бекежановтың термелерін үнтаспадан тыңдай-тыңдай жаттап алып, ауылдың іші пысқан қарттарына айғайлап айтып мәз қылушы ем. Анам... анам жігіттің көп сөйлегенін ұнатпайтын... Әр сөзін мақалдата айтатын ол, менің адам болып қалыптасуыма зор ықпал жасады. «Кемедегінің жаны бір», «Кәрі түйе ойнақтаса жұт болады», «Кедей болсаң көшіп көр» деген жиі қолданатын мақалдары әлі есімде.

МЕН САҒАН МҮЛДЕ ҒАШЫҚ ЕМЕС ЕДІМ...

Өмірден не түйіп жүрсіз демейін, не түртіп жүрсіз? Жалпы шығармашылығыңыз қалай?

Қазір ізденіс үстіндемін. Ойлап қарасам, бүгінге дейін көп уақытым мазмұнсыз жылап өткен сияқты. Маған қазіргі таңда, Лев Толстой мен Иван Бунин секілді әлемдік дәрежелі ойшылдардың кітаптарын қатар-қатар тізіп қойып, аш қасқырша талап оқудан артық рахат жоқ. Әрине, өлең өз қарқынымен туып жатыр...

Жақында оқу ордамызда алғашқы кешіңізді өткізетініңізден хабардармыз... Қателеспесем кештің атауы «Мен саған ғашық емес ем...»

Йә, қателеспедіңіз...Бұл негізі Фаризаның өлеңі ғой...

Айтар ойымды дөп бастыңыз... Бұл сізге Фаризаны қайталау болып көрінбейді ме?

Кешті бұлай атауымның екі себебі бар. Бірі – мен өмірді өте сирек ғашық болдым. Тіпті болмаған да болармын. Екінші себебі онсызда «ғашықпын, сүйемін, күйеміннен» жалыққан жұрт, бұл тақырыпқа қызығушылық білдірер деп ұқтым. Солай боларына сендім... «Мен саған ғашық емес ем»,- деген тіркес Фаризаның өлеңінде кездесетіні рас. Бірақ ол – Фаризаша айтса, мен – Батырханша айтамын…

Бұл сөз ол ақынмен шектеліп қалуға міндетті емес.

«Жанарың жасаурайды неге сенің,

 Жігітсің ғой әлі алда келешегің,

 Аңсаған алдайды екен армандарың,

Мен саған мүлде ғашық емес едім»...Осы өлеңнің негізінде алынып отыр...

«АЛМАТЫҒА БАР»,- ДЕЙДІ СҮЙІКТІ АНАМ...

«Поэзияға арыз». Бұл өлеңде:

«Бояуына сәнін берген сырлы әнмен,

Жыр кітабын ақтарам деп кей шалдың.

Өлеңдері өлімсіреп тұрғанмен,

Тамаша екен, дей салдым»,-дейсіз... Жақсыны да, жаманды да жақсы екен дей салу жақсы қасиет пе?

Мен қазір небәрі он сегіз жастамын. «Білгенім бір, білмегенім тоқсан тоғыз». Қазір іші пысқанның бәрі кітап шығарады. Мейлі ол ақсақал шашын күнге ағартқан қарт болсын, оның бетінен алып «өлеңің олай екен, өз шаруаңды біл!»-  деп қалай айтпақпын?! Ең тиімді жолы осы деп таптым. «Тамаша екен»,-дей саламын...

            «Түркістандағы алғашқы өлеңім»... Мұны:

    «Тас мүсіндей меңіреу кейіпке енген,

      Түркістанда адам аз, бейіттерден», -деп бастай келіп,

      «Қаныбекті қаңғыртқан мына адамдар,

      Батырханмын десем мен, сенер ме екен?»-деп аяқтайсыз. Бұл өлеңнің астарында өкініш бар сияқты...

«Алматыға бар дейді сүйікті анам,

Мына өлкені қалайша қиып барам.

Хан Тәңірі тұрса да анашым-ай,

Оңтүстіктің таулары биік маған.

Заңғар таулар тудырған көп дананы,

Жарқ еткен дарындардың от табаны.

Бармаймын Алматыңа, әй, бірақта

өлеңдерім жетектеп ап барады»,-дейтін өлеңім бар еді.

Йә, мен Алматыны армандаумен келемін. Ол – арман қала. Ол жақта Сәкен бәтеңкесінің әздері мен Мұқағали сыра ішіп сенделген ұзына бойы мылқау көшелер жатыр. Егер маған қазір қанат бітсе, сол жаққа қарай ұшып-ақ кетер ем... Бірақ Түркістан бұл күллі түркі жұртының рухани астанасы. Кейде мынау шұбалған тіршіліктен зарыққанда, Саттардың мүсініне мұң шағып, Яссауидің қылуетіне барып, ұзақ ойға шоматын кездерім болады.

 «Кім кемеңгер,кім ұлы?

Түсініксіз түк те осы.

Адамдардың ғұмыры,

А және В нүктесі»... Осы нүктелердің арасында қол жеткізуге тиіс мақсаттарыңыз өлеңмен ғана шектеле ма?

«Ақын болсаң өзің біл, азамат болу – міндетің»,- дейтін нақыл бар. Менің жүрегім – халықтың жүрегі. Ақын болу, әкім болудан жауаптырақ. Біз кешегі сарғайып атып сәскеде сөнген, аппақ болып туып батпаққа құлаған, найза ұшына қалмақтың басын ілген жаужүрек Қазақпыз! ...Ал қазір елге ұйытқы болатын ағаларымыз, шөмішін ұстап қазан жағалап жүр.

Қазіргі басты кредом – кешегі Әлихан, Мұстафа Шоқай сынды ұлт көшбасшыларының стратегиясын қайта жүзеге асыру.

МЕН ЖУРНАЛИСТИКАҒА: «АҚЫН БОЛАМЫН»,-ДЕП КЕЛГЕНМІН...

Болашақ журналистсіз... Көп ақындар журналистика мен өлеңді шатыстырып алып жататын сияқты. Айтыңызшы, журналистикаға адасып келіп қалдыңыз ба, әлде бұл жүрек қалауыңыз ба?

            Мен журналистикаға ақын боламын деп келгенмін... Ақындық –бұл мамандық емес. Кейде аядай газетке ресми тілмен мақала жазу ішімді пыстырады. Ақын Серік Сейтман ағамыз: «Журналистика мен ақындықты ұштастыра білсең жақсы нәрсе туады»,- деп ақылын айтты. Ақырын бұл саланың қыр-сырын игеріп келемін.

            Көп сөйлемейтініз көрініп тұр... Тұйықтау мінезіңіз де сіздің өрлеуіңізге  кедергі бола алмаған сияқты...

            Будда дінінде:«Сөз жарты беттен асса құнсызданады» деген сөз бар. Мені анам әу  бастан осылай тәрбиеледі. Сөйлегенде орынды, мағыналы сөйлегенді жөн көремін. «Ең жақсы сөз - үндемеу»,- деп айтылады. Алайда белгілі бір пікірталас, ел мүддесі жайлы әңгіме қозғалса, алдыма жан салмаймын.

            Байқап отырмын, өз өлеңіңізге келгенде мүдірту қиын... Барлық өлеңіңізді жатқа білетін сияқтысыз...

            Біз кешегі Абай мен Мағжанды үлгі тұтамыз, ал болашақтың Абай мен Мағжаны бізді үлгі тұтады. Өзіме ұнаған өлеңді мүдірмей жаттап аламын. Одан қалса өзімнің бүкіл өлеңімді басынан соңына қарай, соңынан басына қарай да жатқа оқуға еш қысылмас едім... 

            «Өлеңдерінде кедір- бұдырлар көп болғанымен, болашақта мен оның шындық үшін, ұлттық мүдде үшін күресер адамдардың қатарында жүретініне едәуір деңгейде көз жеткіздім»,- дейді сізге берген сипаттамасында ақын Мұхтар Шаханов. Өзіңіз пір тұтқан ақыннан ақ бата алып үлгердіңіз... Мұндағы «кедір-бұдыр» сіздіңше нені меңзейді?

            Мұхтар ағамызбен арамызда ұзақ әңгіме өрбіді. Жылы-жылы лебіздерін айтты. Мүмкін сол сөзі арқылы намысына қайралып шыңдалсын деген болар?! Ең бастысы болашағыма үлкен сенім білдіргені, менің қарлы шыңдарға бастар жолыма ерекше қанат бітірді.

            Кешеден бүгінге жеттіңіз... Кешеден бүгініңіз бөтен... Бүгіннен ертеңіңіз бөлек болатыны анық. Ол келешекті бүгінде отырып аз да болса елестетіп көрдіңіз ба?

Мен өте арманшыл адаммын. Тіпті басты ұстанымым: «Армандай біл, армандар орындалады! »... Кешегі мектеп кезімде де, үйімнен жеке бөлмемді жасап, түнімен майшам астында тонна-тонна арманға бататынмын. Аллаға шүкір, шетінен орындалып келе жатыр. Ендігі арманым: «Атамның емес, адамзаттың ұлы болсам»,- деймін. Ауылдық емес, қалалық емес, қазақстандық емес, әлемдік ойлау дәрежесіне өз ойлау дәрежемді қоссам деген мақсатым бар...Қазақтың атын әлемдік дәрежеге шығарып, ел болашағы үшін басымды бәйгеге тігуге бармын!

  Сұхбатты жүргізген: Төребек Мақпал