Таңда ерте жұмысқа шыққан бетім. Әр адамды көзбен қарсы алып, қиығымен шығарып салып келе жатқанымда жасы келген апаға көзім түсті. Бойы шөгіп, еңсесі басылып, ақ түбіттей шашының бір уысы орамалдың шетінен шошайып шығып, қысқа адыммен бірдеңеге алаңдаған күйі жүріп барады. Енді байқадым, жанында ролик теуіп жүрген немересі бар екен. Мойны сорайып, құлағы қалқиған жас бала аяғының размеріне сәйкес келмейтін үлкен роликті киіп алып, қалт-құлт етіп, зорға келеді. Бірде омақаса, бірде шалқасынан құлай жаздап, әупірімдеп келеді. Оның артынан ілесуге тырысқан әже алқынып, немересі әрбір құлайын деп қалған сайын жүрегі ауырып келеді.
Жүрегі алқымына тығылып, ия немересіне қуып жете алмай, ия жолда тоқтап қалуға да дәті бармай, әжім жиектеген шүңірек көздері әр қимылды қалт жібермейді. - Әй, абайлаш, тоқта дедім ғой, әй тоқта дейм, жүгермек. Уффф, ибай-ай, тоқта, әй, - деп қырылдаған даусы шығады. Бала тепе-теңдіктен айрылып, құлай жаздағанда, жан даусы шығып, «ойбай өлді» деп қарт әженің жүрегі қайта-қайта өліп жатты білем. Анауың болса, роликтің қызығына түсіп, ешбір дауысты құлағына ілер емес, мәз-мейрам боп алға ызғытып барады. Құдай біледі, оның оқыс қимылы сайын әженің қырау шалған ақ шашының түсі одан сайын ағара түскен шығар. Айналайын ақ әжелер-ай, «сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» дейтін анадан кейінгі асыл жан солар ғой. Ана жүгермек оны қайдан білсін, сол арыны тура - ойыннан мүйіз шығаратындай.
Осы көрініске қарап, санамдағы түрлі сезімдер шымырлап қоя берді. Олардан озып кетсем де баланың ойынды жарқын жүзі мен әженің уайымдаған әжімді келбеті әлі көз алдымда көлбеңдеп кетер емес. Қызық-ау, ата-әжелер алғашқы немерені бауырына басып, шыңғырып жылай берген шақалаққа қарап басын шайқап, кімге тартып жылауық болған бұл бәтшағар деп бүкіл ұлдарының туылған кездегі мінездерін еске алып кетеді. Бір сәт сол шақалағың басқа келіндерінің қолында жұбанып жатса, жаман жылауығын сағынып, келіндерінен қайта алып қойып «бар, ана тірліктеріңді жасаңдар. Әкеліңдер баламды өзіме. Өй, өңшең, жүдә балажан боп қапты әшейінде қарамайтын» деп, сәбиді құшырлана, құмарлана, емірене иіскеп, бір кайф болып жатар еді.
Үйдің үлкені - атасы даладан кіріп, төрдегі жастыққа жайғасып, көлдей орамалымен терін бір сүртіп қойып, «әкелші, кәне, атасының баласын. Өзің бір айрылмайтын бопсың ғой. Не қылшы, жаңағы, көк шайыңды демдеп әкелш» деп немересін қолына алып, жоғары-төмен көтеріп түсіріп, беліне отырғызып, әрбір қылығына тамсанып қарап отырады. «Осы бала атасына қатты тартыпты-ей. Ертең атасымен бірге атқа мінейін деп тұр. Қолғабыс қылмақшы маған өзі» деп, тұп-тура бір ғасыр бала сүйіп көрмеген жандардай мейірленуші еді.