У. Ливингстон Ларнед
Әкелер ұмытқан сөз
Тыңдашы, құлыным, тәп-тәтті ұйқының құшағында жатсаң да өзіңмен іштей тілдесуге келдім. Бірер сәт бұрын өзімнің оқу бөлмемде отырғанымда өне бойымды өкініш сезімі билеп алды. Міне, енді алдыңда өзімнің кінәлі екенімді мойындап тұрмын.
Құлыным, мен бүгін саған текке ренжіген екенмін. Сабағыңа асығып, беті-қолыңды жумай, орамалмен сүрте салғаның үшін кінәладым. Аяқ киіміңді уақтылы тазаламайтының үшін ескерту жасадым. Кесені еденге құлатып алғаның үшін ұрысып та алдым. Тіпті таңғы ас кезінде де ұрысуға амал таптым. Шайыңды төгіп алғаның үшін де, шынтағыңды дастарханға қойып отырғаның үшін де, тамақты тауысып ішпегенің үшін де бір-бір ауыз сөз айтпай қалмадым. Ал кейін өзге балалармен ойнауға тысқа асығып бара жатып «әке, сау бол» дегеніңде мен оған көңіл де аудармай «еңсеңді тік ұстап жүр» деп жауап бердім. Бар болғаны сол ғана.
Сосын... жұмыстан келген уақытта да солай болды. Сен ойын ойнап жүріп киіміңді былғадың. «Осы киіміңді өзің сатып алсаң байқап киер едің». Сенесің бе, балапаным, осы сөзді сенің әкең айтты!
Есіңде ме, мен кітапханамда отырғанымда сен батылсыздау кірдің де мен жаққа сенімсіздеу кейіппен көз салдың. Жұмысыма кедергі болғаның үшін көңілім толмай «Не керек?» дедім. Ал сен сол сәтте маған қарай жүгіріп келіп мойнымнан құшақтап алдың. Кіп-кішкентай қолдарыңмен мені бар күшіңмен құшақтағаныңда жүрегімнің дүрсілі өзгеріп қоя берді, білесің бе. Маған деген ыстық көңіліңді сол сәтте сездім, құлыншағым менің.
Сен өз бөлмеңе қарай жүрдің. Бұдан кейін мен ештеңеге назар аудара алмадым. Асқар таудай әкеңнің жүрегін елжіретіп кеттің. Ал мен бұл сәтке дейін не істедім? Мен сені әр істе кінәлауға, ескерту жасауға бейім болған екенмін. Мен сенің құлыншақтай балам екеніңді, әлемдегі барлық балалардай өсіп-жетіліп келе жатқаның үшін айыптаған екенмін. Жоқ, мен сені қатты жақсы көремін. Сол себепті де сенен көп күтемін, ал сен әлі баласың ғой. Балалығыңды түсінбегенімді білдім.
Ал сенің мінезің неткен таза еді, жүзіңдегі мейірім мен жақсылықты көре алдым. Сенің кішкентай ғана жүрегің көкжиекке сіңіп бара жатқан күндей жарқырайды. Мұны сенің әкеңе деген махаббатыңнан сезіне алдым, ұлым. Сен бала болсаң да келдің де бетімнен сүйдің, сосын қайырлы түн тіледің. Ал бұдан маңызды дүние бар ма? Жоқ. Міне, сенің қасыңа келіп, тізерлеп отырмын. Және өзімнің сенің алдыңда айыпты екенімді мойындаймын.
Бірақ бұл ісіммен ақтала алмаймын.
Мен бұл сөзімді ертең ұйқыдан тұрғаныңда айтсам түсінбейтіңді білемін. Бірақ мен бекіндім, ертең мен нағыз әке боламын! Иә, сенің досыңдай боламын. Сенімен бірге күліп, сенімен бірге мұңаятын боламын, құлыным. Баяғы әдетіме салып, саған ұрысып алғым келе қойса дереу тілімді тістеймін. Енді сенің бала екеніңді біліп, балалығыңды ескеретін боламын.
Сәл ертеректе сені анашың қолына алып көтеріп жүрді. Ал мен сенен көп нәрсе талап етеді екенмін. Тіпті өз бетіңмен анаңның жылы құшағынан босап, жеке жатып жүргеніңнің өзі батылдық екенін енді ұққандаймын. Иә, енді ұқтым, құлыным...