Әке мен бала

Әке мен бала
жеке
блог

“Әкее!”,-деген қыздың шыңғырған үні шықты. Қолындағы күрегін тастай салып, үйге атып кірген әкесі қатып тұрып қалды. Лезде есіне осыдан 15 жыл бұрын болған нәрсе түсіп, көз алдына елестеп кетті. “Әке!”,-деп жылап жатқан еді бұл да бала болып. Үйге удай мас болып келген әкесі белбеуін алып шығып екі рет осып-осып жібергенде, үнін одан бетер ащы қылып, көз жасын көл қылып жата берді. Терезенің ар жағындағы күн бірдеңені тойлап тұрғандай, ерекше жарқырап тұр. Әкесі қолын енді бер көтере бергенде “Әке!”,-деп бар даусымен айқай салды бүлдіршін. Аманат есін жиып қараса, кішкентай қызы әкетайлап бақыруын қоятын емес. Ойыншығын сындырып алған екен де, оны өзінше жөндемекші болып тістеуікті тауып алыпты. Қытайдың сыңғырлақ ойыншығын жөндегенді қойып, одан да ұсақ пласмас жиынтығына айналдырған. Зар еңіреп жылап отырғаны осы. Әкесі жақындап келіп, “жарығым сол, ертең басқасын алармыз, қой, жылама, күнім соол”,-деп басынан сипады. Кеше ғана әкесінің қорлығын көріп, одан соң тіпті әкесіз өскен бала, міне өзі де әке болып, қызының осындай ұсақ нәрсеге жылап отырғанына қатты қуанды. Онысы өз әкесінен өзгеше болғандығына деген қуанышы. Көпшіліктің бірі болып әке ызасын өз баласына жалғастырмай, өзі көрмеген папа махаббатын қызына көрсете білгеніне деген қуанышы. Осы күнге дейін мұндай ой басына келмеп еді, енді түсінді: Аманат әке тәрбиесін көрмесе де, қайратты, мінезді, ең бастысы еркек болып өсіпті. Көгілдір аспанда орын аздай, дәл бұлардың терезесінен сығалап тұрған күн сәулесі көзіне түсіп, ойын бөліп жіберді. Сол 15 жыл бұрынғыдай жарқырап тұрған кейпі, әлі де өзгермеген. Ал Аманат болса осы әлемді жақсы жаққа бір қадам болсын жылжыта білді. Демек өмір ағыны мен тағдыр деген нәрсе тек өз күш-қайратына бағынғаны, өз қолында болғаны...