Кеше Nurbek Tusiphan ағаммен екеуден екеу отырып, үш сағаттан артық әңгіме айтыппыз. Сондағы әңгімеміздің бір ұштығы әке туралы еді. Содан есіме түсіп, сағынып отырмын шалекеңді)).
"Абай жолында" оқудан оралған шәкірт Абай әжесіне жүгіріп барғанда: "әкеңе бар" деп ымдайтыны есіңізде ме. Мен де әжемнің баласымын, әкем де мені ашық еркелетпейтін. Үнемі қатулы қабағымен жұмсайтын да отыратын. Кішкене күнімде Дәурен деген досым болды. Әке-шешесі саудагер еді. Оның ойыншықтары көп болатын. Тетрисі болды. Соны қызықтап, көршінің үйіне барғаным үшін әкемнен оңбай таяқ жедім. Мені не үшін ұрғанын түк түсінген жоқпын. Бұл менің алғаш рет әкемнен қатты таяқ жеуім шығар. Ол кезде мен мектеп табалдырығын да аттамаған едім.
Мен әр жазғы үш айлық демалыста сиыр бағатынмын. Арасында шабыс болады. Шөп жинаймыз. Одан кейін суарамыз. Осы шаруалардың бәріне де араласамын. Күннің ыстығында сиыр деген қасқүнем жаратылыс көп шуайтын. Түскі уақытта кейде жарты сағат қана жусап, өріп кетеді. Соның бәрі маған өте ауыр көрінетін. Оның үстіне үйде қора-жәй бар. Арасында соның қиын тазалаймын. Сол жұмыстардың бәрі неге мен келгенше істеліп қоймаған деп ашуланатын ем іштей. Кешке малды қоралағанда жынды айғыр қораға кірмей жүріп алатын. Бір жағыңа шығатын адам болмаса, бұл нағыз азап. Есімде, бір күні түгел үйір қашауға кірмей қойды. Әлденеден үріккенін де білмеймін. Сол кезде бір жағын айдасаң екінші жағы қашып, мазамды алды. Қайырысатын адам жоқ. Көзімнен жас аға жүріп қамадым. Сонда енді сабақ басталса, мал бағуға келмей қоямын, менсіз мал баққан қалай болады екен көрсін деп кіжінетінмін.
Әкем сауатты адам. Өміріндегі бар қиындық жүрегіне түсіп кеткендей сезіледі. Маған ешқашан білгім келетін жәйттарды айтқан емес. Мен де қатал әкеден сұрауға батпаймын. Үйге қонақ келгенде де, ұрсып сөйлейтін. Ашуланатынмын. Тым болмаса қонақтардың көзінше ұрыспай-ақ қойса қайтеді деп ойлайтынмын. Ер жасаса, арқан өрсе, маған бір жағын ұстатып қояды. Сол жұмыс біткенше мың рет айғай естимін. Өйткені менің ондай жұмысқа түк икемім жоқ еді. Әкем соны біліп тұрып, әдейі жанына алып алатын. Үйренсін дейді екен ғой.
Мектепті қалада оқытты. Киімге, тамаққа ақша жоқ болса да, маған беріп, оқуымнан шығармады. Ауылға барам, жұмысқа салады. Бір жолы қатты шаршадым. Таңертең ұйықтап қалсам керек. Ас үйде шәй ішіп отырған әкемнің даусы. «Бақай шаршап жүр ғой» деді. Үнінде еркелету, жаны ашу бар. Өтірік ұйықтаған сияқты жата бердім. Бір кезде келді де маңдайымнан иіскеп кетті. Жүрегімді елжіреткен үлкен оқиға болды. Маған қатты әсер етті. Әкем мені жақсы көреді екен ғой деп ойладым. Төсегіңнен тұрып, жаңағы әсермен күлімдеп қарасаң, шытулы қабығымен «түске дейін жаттың ғой» дегенде төсектегі сезімнің жұрнағы қалмайтын. Мектепте жүргенде пәндік олимпиадаларға барамын. Аудандыққа барсаң, жұрттың әке-шешелері жүреді. Облыстыққа барсаң да, шұрқыраған ата-ана. Республикалыққа бара жатқанда, вокзалға дейін шығарып салатын, келгенде күтіп алатын ата-аналар. ҰБТ тапсырғанда да солай болды. Ал маған ешкім келмейтін. Тек мұғалімім ертіп жүрді. Сол үшін мектепте «Бақытнұрдың баласы» атандым.
Әкем мені қатты еркелеткен жоқ. Бірақ үлкен үміт күтеді. Сырттай естимін баяғы...
11 сынып бітіргенде, тағы малға бардым. Оқуға түстім. Әкем қатты қуанды. ҚазҰУ-да оқуға түскендердің тізімі тұр екен. Қысылып, қымтырылған жұрт. Біреулер күліп, біреулер жылап жүр. Мен д «А» деген тізімнің ішінен өзімді әрең таптым. «Папа, оқуға түсіппін» деп айғай салдым. «Не деп тұр екен?» дейді. «Арықбаев Бағашар» деп тұр екен дедім. «Тұрсынбайұлы» деп тұр ма?» дейді айналасына естірте. (Мен оқуға түскен баланың әкесімін дегендей). «Иә, Тұрсынбайұлы» деп тұр екен дедім. Осы сөзді әпенділікпен, бірақ үлкен қуанышпен сұрап тұрған әкемді сонда шын түсіндім. Содан бері «Тұрсынбайұлы» деп жазатын болдым.
Сол жылы жазда мені соңғы рет ұрды. Ол кезде не үшін ұрғанын мен жақсы түсінген едім...