Әке, Фариза апамды жұмақтан күтіп алшы...

Телефон безек қақты... Әкемнің ескі досы екен. Көптен хабарласпай кетіп еді. Таң қалып, біраз ойланып қалдым. «Тыныштық пен амандық болса игі еді, бұл кісінің хабарсыз кеткеніне біраз болып еді» деп ойлап үлгердім. Екінші қайтара қоңырау шалғанда ғана тұтқаны көтеруге шамам келді. Жаман хабарды сезгендей-ақ екенмін...

–Боташ, амансыңдар ма, айналайын?! Қаршадай қызға мұндай хабарды естірту әрине, маған да оңай емес. Бүгін қазақтың қаралы күні. Тағы бір ақынымыздан айырылдық. Бұл қайғы ең бірінші сенің әкеңе әсер етер еді, аман жүргенде, жарықтық-ай,–деп зарлы үнмен әзер сөйлеп тұр. 

–Аға, не болды? Айтсаңызшы, адамды таусылдырмай,–дедім шыдамсыздана. Әкем жақтан біреу қайтты деп естіртпесі анық, өйткені әкемде туыс жоқ болатын. Әке-шешеден жалғыз ұл. Ата-әжем де, әкем де өмірден қайтқалы қашан... Ал атамыздың алыс ағайындарын әкемнің досы түгілі өзіміз де танымаймыз... Аралас-құраластығымыз жоқ. Тіпті не ойларымды да білмедім. Тосын хабардан «бүгін қазақтың қаралы күні» дегенге мән бермесем керек-ті.

Ол кісі ақын Фариза Оңғарсыновамен көрші тұрады екен. Біз осы хабарды естіген соң, сенер-сенбес отырғанымызда 15-20 минуттан кейін интернет әлемі шулап, абзал жанды ақынымен қоштасып жатты...

1988 жылы екінші әпкем туылғанда әкем қатты қуаныпты. Тұңғышы қыз болса да, екіншісін де қыз болса екен деп тілеген екен. Сондағысы оған Фариза Оңғарсынованың есімін бергісі келіпті. Перзентханада анамның босанғанын күтіп, екі күн бойы үйге қайтпай, перзентхана алдында отырып алыпты. Медбике шығып «Қыз» деп сүйінші сұрағанда әкемнің төбесі көкке жеткендей болған екен. Қызына ойланбай өзі қалап жүрген Фариза есімін берген дейді. Осы оқиғаға нағашы атамыз біраз ренжіпті. Үлкен жолын орап, өзі ат қойғаны несі деп. Кейін Фариза әпкем тәтті қылықтарымен нағашы атамыздың өкпесін жазып алыпты.

Әкем Фариза ақынды қатты жақсы көретін. Сыйлайтын. Әрбір өлеңін жатқа білетін. Кітаптарын түгел жинайтын. Отырыстарда Фариза ақынның өлеңдерін оқып, талдайды екен. «Ер жүректі қыз ғой» деп үнемі айтып отыратын.

Әкем он жыл бұрын өмірден өтіп, біраз уақыт хабарсыз кеткен досы әкемнің ақынға деген құрметі үшін бізді де есіне алған көрінеді. Суық хабарды үйдегілерге айттым. Бәріміздің қабағымыз салыңқы еді. Жоғарыдағы әңгімені бұрын талай естісек те, анам тағы қайталап айтып шықты. Анам әңгімелеп отырғанда көзім Фариза әпкеме түсті, көзінен аққан мөлдір жас екі бетін жуып кеткен екен...

Жаның жәннатта болсын, ақын апа!



Бөлісу: