ӘКЕ, АНА, мен сіздерге мәңгі бақи қарыздармын!

Әке және Ана... Иә, біз өмір бойы алақандарымызға салып, аялап, мәпелесек те бұл екі адамның алдындағы перзенттік борышымызды еш өтей алмайтынымыз анық. Баласына көңілі толмаса кемшілікті өз бойларынан іздеген асыл жандардың бізге бергені көп. Әуелі, мынау жарық дүниені сыйлады. Одан кейін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп-жеткізді. 11 жыл бойы мектепте оқытты, одан кейін колледжде білім алуыма мүмкіндік жасады.

Мектепте оқып жүрген кезімде әкемді тек қыста ғана көретінмін. Себебі, ол біз басқалардан кем болмасыншы деп қалада, қала берді далаға жұмысқа кететін. Содан айлар өтіп, жыл жақындағанда ғана үйге оралатын. Онда да аз уақытқа ғана. Анам ауылдағы балабақшада ас үй қызметшісі боп жұмыс жасайтын. Анам сондай қайратты адам болғанына әлі күнге дейін қайран қалам. Өзге үйдің ерлері үйінде отырған сәтте менің анам қолына күрегін алып, көше тазалауға да кетіп қалатын. Оның бар ойы бауыр еті балаларының болашағы жарқын болсыншы деу ғой... Аллаға шүкір, ата-анам әрдайым мені қолдап, жанымнан табыла білді. Біз үшін отқа да күйді, суға да түсті, бірақ еш мойымады. Оларға күш-қуат, қайрат-жігер беретін балалары екенін ұғындық қой. Әкенің "батырым", шешенің "құлыным" деген сөздерін естіп өскен балада қандай арман болушы еді?! Менің бір ғана арманым бар. Ол: осы өмірге әкеліп, осы күнге дейін мәпелеп өсірген әкем мен анамды бақытты ету ғана.

Әрине, менің ата-анам әлеуметтік желілерде отырмайды, десек те мен бұл сөздермен ата-ана қадірін білмей, адасып жүрген ұл-қыздарға ой салсам деп едім.

Айтпақшы, ертең яғни, 2-қыркүйек мен өмірге келгелі 20 жыл болмақ. Ата-анам болмаса менде мына жарық дүниеде болмас едім. Алла ата-аналарыңызды ғұмырлы қылсын.



Бөлісу: