АҚ МАМАМ

Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінде «Әуелі анаңды, тағы да анаңды, сосын әкеңді сыйла», «Жұмақ – ананың табанының астында!»  деп жазылған екен.

«Бүгін таңертең анамды ойлап жатып ояндым. Күн жексенбі болғандықтан баппен жуынып, тамағымды асықпай іштім. Біршама уақыттан соң теледидарды қоссам КТК телеарнасында Ана туралы әндердің байқауы жүріп жатыр екен. Маған, Сәкен Майғазиевтің репертуарындағы  «Асыл ана» әнін орындаған бойжеткеннің өнері қатты ұнады. Мейлінше табиғи, шынайы. Жүрегім елжіреп Ана туралы ойға қайта берілдім...» Бұл, осыдан біраз уақыт, «Көңіл күнделігін» алғаш жүргізе бастаған кезеңдерде, «Ана туралы жыр» атты блогыма түсірген көңіл толқуы, ішкі  тебіреністерім екен. Сол күй, сол сезім, сол ән, бүгін қайта жаңғырып тұрғандай. Бүгін, 15 – маусым. Бүгін менің, мамам, аяулы анашымның туылған күні! Мама, туылған күніңіз құтты болсын!

...Әлі есімде, менің ең алғаш жаттап, ең алғаш салған әнім, сөздері:

Ел жатқанда жатпаған,

Мен деп тыным таппаған.

Бақыты үшін баланың -

Аман-сау жүр ақ мамам!

Күлімдеген көзіңнен,

Күн мейірімі сезілген.

Бұл жалғанда балаға

Жақын жан жоқ өзіңнен, - деп келетін «Ақ мамам» әні еді. Бұл, менің төрт жасар, балабақшаға барып жүрген кезім болатын. Осы әнді анамның ұнатқаны сонша, тіпті, әлі күнге дейін мерекелік кеш, туылған күндерінде арнайы орындатқанды жаны қалап тұрады. Мерекелік блогты, «Ақ мамам» деп атауымның да себебі осы болатын. Дүниеде, анасын құрмет тұтпайтын, анасын қадір, қасиет санамайтын пенде кемде кем шығар. Мен де, Анам туралы толғана, ілгеріде айтқан «Ана туралы жыр» блогын жазған екенмін. Сол жазба, сондағы ойды қайта жаңғыртып, қайыра жарыққа шығарғандай болсам аса айып көрмессіздер.

МАМА

Расында, менің анам өте сұлу, ажарлы кісі. Әлі күнге сынын бере қоймаған сүйегі асыл жан. Анам – Алматы қаласында туып-өскен. Балалық, студенттік кезеңдерінің бәрі Алатау баурайындағы осы бір әсем қалада өткен. Түп-төркіні Семейдің Аякөз ауданына тиесілі. Руы – Найман. Анам асылында өте өнерлі жаратылған кісі, тұла бойы тұнған өнер десем де болады. Әнді де, биді де нақышына келтіре орындағанда, қарап тұрып көзің сүйсінеді. Мейлінше қонақжай, өте таза кісі. Бізді, кішкентайымыздан тазалыққа, адалдыққа баулып, «Кісінің есігі алдында алтын жатса да алма!» дегенді санамызға сіңіріп өсірді. Үйімізден жылдың қай мезгілі болса да, күні-түні қонақ үзілмейтін. Жиын-отырыстың көбі көтеріңкі көңіл-күй, әуелеген әсем ән-жырмен тербетіліп өтетін. Сол әндердің ішінен Анамның салған әні өзіндік әуез, өзіндік мәнерімен ерекшеленіп, жаншуағын себелеп тұрушы еді. Көбіне шырқалатын әндер 60-70 жылдардың классикалық туындылары болғандықтан ба, біздің де жанымызға Әбілахат, Бекен, Ілия, Шәмшінің әндері терең сіңіп қалған екен. Анашымның көп қырлы істерінің ішінде көпшілікті ерекше сүйсіндіретіні қолөнер шеберлігі еді. Кесте тігу, тоқыма бұйымдар мен қатар ол кісі - құрақ құраудың хас шебері еді. Қолындағысын ұқсатып, түрлендіріп шығарғанда туындыларының сұлулығына көз тоқтатпай, тамсанбай тұра алмайтынбыз. Әсемдікті, сұлулықты сүйе білу, сүйсіне білу қасиетін біз анамыздан алдық, анамыздан бойға сіңіріп қалыптастырдық. Анам - қай істі қолға алмасын бар зейінін аударып, шын пейілімен орындайтын. Іс үстінде отырғанда әрдайым әлдебір әуендерді жәйімен сызылта орындайтындықтан ба қолынан шыққан туындылары әндетіп тұрғандай әуезді келетін. Осындай биік талғамның, әлде, анаға деген құрметтің әсері болар, біз ешқайсымыз да ол кісінің еңбегі сіңген, қолынан шыққан дүниелерді аяқ асты еткен емеспіз. Қайда жүрсек те жанымызда, қайда болсақ та төрімізде. Мен осы кезеңге дейін біраз ел, біраз жер көріп, дастархандарынан дәм татып жүрсем де, дәл анашым әзірлегендей асты кездестіре қоймаппын. Түрлері бір, ұқсас болғанымен татымы мүлде бөлек келеді. Бұл да бір айшық, бұл да бір қасиет болса керек.

Анамыз өте балажан, көреген кісі. Басқадан жасырған сырымызды анамыздан жасыру еш мүмкін емес, көзіңнен, сөзіңнен, ісіңнен танып қояды. Сыр тарқатар сырласымыз да, шер тарқатар мұңдасымыз да аяулы осы анамыз. Менің анам, ерекше бір қызық кісі. Бір күн хабарласа алмай қалсақ, ертеңіне қоңырау шалып тұрады ғой: «Көптен бері хабарласпай кеттіңдер ғой. Ана қарындасың Г. – да хабарласпайтын болды», деп. Мен: «Мама, Сіз қызықсыз алдыңғы күні ғана, Әкемнің туылған күнінде құттықтап сөйлескен жоқпыз ба?», десем. «Жәй, әншейін, «не болды екен?» деп, хабарларыңды білейін дегенім ғой», деп тұрады ғой. Шіркін, ай! «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы екен ғой...  Мүмкін, осы бір қасиеттердің барша аналар қауымына ортақтығынан болар дүниедегі ең көп әндер мен шығармалар, өнер туындылары бірыңғай тек аналарға арналған екен. Көп жасаңыздар біздің аяулы, абзал Аналар!

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/MsJr6zwKb98","width":"425","height":"350"});



Бөлісу: