(Менің тереземнің сыртындағы көрініс)
Ақ қар туралы сыр...
Ақ пен қара өмірдің қос жолағын
Аппақ түске боямақшы боламын.
Ішімдегі сыймаған соң зор ағын
Қарға айналып қара жерге қонамын.
Танысалық, мен аппақ қар боламын.
Ренжітпеңдер ертегі елі қонағын.
Рас, талай жүректерді тонадым…
Ызғарымнан кейде өзім де тоңамын.
Елестеткен сіріңкенің қорабын
Тар кеңседе тереземнен қарадым.
Тыңдайсың ба, айтып берем қар әнін
Қалауымды тапсаң мен де жанамын.
Менен таза бола алады ар ғана,
Қардан асып туар, бәлкім, қар ғана.
Жанарыңды көлегейлеп қорғама
Кірпігіңде кідірте гөр сәл ғана.
Қолшатырлар шықты міне шеруге.
Шықты, бәлкім, қыс келгенін көруге.
Рұқсат берші ерніңе кеп еруге,
Рұқсат берші шыққа айналып өлуге,
Ақ қармын мен деген...
Осы өлеңді бір күні, бір қыз жіберген еді маған. Қатты ұнап қалған сол кезде, сосын сақтап қойғанмын. Бүгін аппақ қар жауып тұрғанын көргенде, осы өлең есіме түсті. Мен сияқты ақ қарды жақсы көретіндер көп болған соң, жариялап қоюды жөн көрдім. Авторын нақты білмеймін, бірақ Құралай Омар шығар деп ойлаймын. Егер білетін болсаңыздар, түзетіп жіберерсіздер. О табылды, Танакөз Толқынқызы деген ақын қыз екен!!!:)
(Ағаштың басына құс ұшып келіп қонып отыр)